Без Категории

Ресейде Сталинге ескерткіш орнатты

Ресейдің Хабаровск өлкесіндегі Сосновка елді мекенінде совет диктаторы Иосиф Сталинге үш метрлік ескерткіш орнатты.

Jasalash.kz

Бетоннан құйылған мүсінді Сталинді "ірі тұлға" деп құрметтейтін ауыл тұрғыны Георгий Абиев үйінің жанына орнатқан. Бұл бастаманы құптамаған "Мемориал" ұйымының аймақтық өкілі Юрий Люклян миллиондаған адамның саяси қуғын-сүргін құрбаны болғанын еске салды.

Сталин ескертішін Алтай республикасында тұратын мүсінші Владислав Кононов әзірлеген. Ол осыған дейін де жеке тапсырыстар бойынша СССР басшысына ескерткіш тұрғызған. Оның айтуынша, бетоннан жасалған мүсін кемінде он жыл тұрады.

Ескерткіш "салтанатты түрде" 9 қазанда ашылды. Оған жергілікті коммунистік партия өкілдері қатысты. Ашылу кезінде Абиев "Егер Сталин болмағанда, ядролық держава да болмас еді" деп "ол үшін ақшаны да аямаймын" деген.

Ал Хабаровскідегі "Мемориал" қоғамдық қозғалысының басқарма басшысы Юрий Люклян ескерткіштің орнатылуын құп көрмейтінін айтты.

"Адамдардың құқықтары тапталды: [кінәсіздерді] ГУЛАГ-қа жіберді, олар із-түзсіз жоғалды" деді Сталин кезеңін еске алған Люклян.

Байкал аймағында да коммунистік партия өкілдері Сталинге ескерткіш орнатуға күш салып жатыр. Мамыр айында Новосибирскіде де Сталин ескерткіші пайда болған.

Сәуір айында "Левада-центр" зерттеу орталығы ресейліктердің 70 пайызы Сталиннің тарихтағы рөліне оң баға береді деп хабарлаған. "Левада-центр" орталығы жүргізген сауалнамаға сәйкес, жауап берген азаматтардың тең жартысына жуығы Сталин репрессиясын ақтауға дайын.

Өткен жылы Ресейде британ режиссері Армандо Ианнуччидің "Сталин өлімі" комедиясының прокатқа шығуына тыйым салған.

Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега