Сараптама

Ресей 2024 жылдан бері алғаш рет Украинамен соғыста аумақ жоғалта бастады

Американың Соғысты зерттеу институты (ISW) дерегінше, сәуір айында Ресей әскерлері Украинамен соғыста 116 шаршы шақырым аумақты бақылаудан айырылған.

Фото: DW

Сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдай соңғы рет 2024 жылдың тамызында Украина Қарулы күштері Курск облысына кіргеннен бері алғаш рет тіркеліп отыр. Мұнда тек нақты бақылауда болған аумақтар есепке алынған, ал әскер уақытша кіріп, бекінбеген аймақтар бұл есепке кірмейді.

ISW мәліметінше, Ресей армиясының шабуыл қарқыны да баяулап келеді. Егер 2025 жылдың басында тәулігіне орта есеппен 9,76 шаршы шақырым аумақты басып алып отырған болса, 2026 жылдың алғашқы төрт айында бұл көрсеткіш 2,9 шаршы шақырымға дейін төмендеген. Соңғы алты айда (қарашадан сәуірге дейін) Ресей 1443,35 шаршы шақырым аумақты бақылауына алған. Ал бір жыл бұрын осы кезеңде бұл көрсеткіш 2368,38 шаршы шақырым болған.

Фото: understandingwar.org

Сарапшылар шабуыл қарқынының бәсеңдеуін Украинаның құрлықтағы қарсы шабуылдарымен және дрондарды белсенді қолдану арқылы жүзеге асырылған орта қашықтықтағы соққылармен байланыстырады.

Бұдан бөлек, Украина аумағында Starlink терминалдарын пайдалану мүмкіндігінің шектелуі және Telegram қосымшасының бұғатталуы Ресей армиясының басқару мен байланыс жүйесіне қосымша қиындықтар туғызған.

Әскери қимылдарға ауа райы да әсер етуде. 2025–2026 жылдардың қысы алдыңғы жылмен салыстырғанда суық әрі ылғалды болған. Соның салдарынан көктемгі «батпақ маусымы»  күшейіп, техника қозғалысы күрт қиындаған.

Сонымен қатар, 2025 жылдың күзінен бастап Ресей әскерлері аумақты толық басып алмай-ақ, шағын топтармен ену тактикасын жиі қолдана бастаған. ISW дерегінше, мұндай тәсіл майданның әр бағытында «ілгерілеу бар» деген көрініс қалыптастыруға және Кремльге «жетістіктер» туралы есеп беруге мүмкіндік береді. Алайда іс жүзінде бұл аумақтардың көпшілігі даулы күйінде қалып, екі тарап тарапынан тұрақты түрде атқыланып жатыр.

ISW мәліметіне сәйкес, сәуір айында Ресей небәрі 28,28 шаршы шақырым аумаққа ғана ілгерілеген. Ал соңғы алты айда жалпы 1716,42 шаршы шақырымға дейін жеткенімен, нақты бақылауындағы аумақ 1443,35 шаршы шақырымды құрайды.

Сайт Әкімшілігі