Ресей дрондарын атып түсіруге АҚШ-тың спутникті байланыс жүйесі кедергі келтіріп отыр – Зеленский
Ресей дрондарын атып түсіруге АҚШ-тың спутникті байланыс жүйесі кедергі келтіріп отыр
Украина президенті Владимир Зеленский америкалық Starshield спутниктік байланыс жүйесіне қойылған шектеулер Ресейдің шабуылдаушы дрондарын атып түсіруге кедергі келтіріп отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Reuters және Associated Press агенттіктері хабарлады.
Зеленскийдің айтуынша, Starshield жүйесімен жұмыс істейтін украиналық дрондар сағатына 161 шақырымнан жоғары жылдамдықпен ұшқанда операторлармен байланысын жоғалтады. Соның салдарынан Ресейдің реактивті "Шахед" дрондарын дер кезінде атып түсіру қиындаған.
"Өкінішке қарай, жылдамдыққа қойылған шектеулер бүкіл майдан шебінде және уақытша басып алынған аумақтарда сақталып отыр", – деді Украина президенті.
Оның сөзінше, бұл жағдай Ресейге Украинадағы энергетикалық нысандарға соққы жасауға қосымша мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе қыс қарсаңында электр станциялары мен қосалқы станциялардың қауіпсіздігіне қатер күшейген.
Starshield – Илон Масктың SpaceX компаниясы әзірлеген Starlink спутниктік байланыс жүйесінің әскери нұсқасы. Украина әскері оны байланыс орнату және дрондарды басқару үшін пайдаланады.
Шектеулер алғаш рет қазан айында байқалған. 24 қазанда байланыс қалпына келтірілгенімен, қарашада мәселе қайта туындаған.
Украина тарапы SpaceX компаниясына жүгінген. Компания өкілдері ешқандай әдейі шектеу енгізбегенін айтып, жағдайды техникалық мәселелермен түсіндірген. Алайда Зеленский бұл түсініктемеге күмән келтірді.
Украина президенті АҚШ билігі мен SpaceX компаниясын шектеулерді алып тастауға шақырды.
Зеленскийдің мәліметінше, Ресей соңғы бір аптада Украинаға қарсы 2300-ден астам шабуылдаушы дрон, 1590 басқарылатын авиациялық бомба және әртүрлі үлгідегі 15 зымыран қолданған.