Әлеумет

Ресей дроны Польша шекарасынан 800 метр жерде соққы жасады

Ресей Украина аумағындағы Польша шекарасына жақын нысандарға дронмен соққы жасады. Шабуыл болған жердің бірі Польша аумағынан небәрі 800 метр қашықта орналасқан.

Фото: ашық дереккөз

13 қыркүйекте Ресей әскері Украина мен Польша шекарасына жақын аумақтағы жүк көлігіне соққы жасады. Оқиға Ягодин–Дорогуск шекара өткізу бекетінің маңында болған, деп хабарлайды Reuters.

Польша шекара қызметінің мәліметінше, соққы болған жер Польша шекарасынан шамамен 800 метр жерде орналасқан. Шабуылдан кейін Ягодин–Дорогуск өткізу бекетінің жұмысы уақытша тоқтатылған. Кейін бекет қайта жұмыс істей бастаған. 

Ресей Қорғаныс министрлігі Батыс Украинада Еуропадан әскери жүк тасымалдауға пайдаланылатын инфрақұрылымды нысанаға алғанын мәлімдеді. Украина Польша, Румыния және Молдова бағыттары арқылы сауда тауарлары мен әскери көмектің едәуір бөлігін қабылдайды. 

Сол күні Ресей дроны Польша шекарасына жақын Ягодин стансасындағы пойызға да соққы жасаған. Associated Press мәліметінше, шабуылдан аз уақыт бұрын бұл бағытпен Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Борис Джонсон, Швецияның бұрынғы премьері Карл Бильдт және Еуропаның бірқатар қауіпсіздік сарапшылары отырған дипломатиялық пойыз өткен. 

Украинаның мемлекеттік теміржол компаниясы дипломатиялық пойыз стансадан жоспарланған уақыттан ертерек шыққанын хабарлады. Компания өкілдері ресейлік дронның бастапқы нысанасы дәл осы пойыз болуы ықтимал екенін мәлімдеді. Шабуыл салдарынан адам шығыны болған жоқ.

14 қыркүйекте Франция сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро Польша шекарасына жақын пойызға жасалған шабуылды айыптап, мұндай әрекеттер Еуропа елдерін қорқытып, олардың арасына жік салуды көздейді деп мәлімдеді. 

Бұған дейін Польша премьер-министрі Дональд Туск Ресей Украина мен Еуропа елдері арасындағы шекара бекеттеріне бағытталған арандатушылық әрекеттерін күшейтуі мүмкін екенін ескерткен еді.

Сайт Әкімшілігі