Ресей Қытаймен әскери ынтымақтастық және Starlink спутниктеріне қарсы күрес туралы құпия келіссөздер жүргізген
2023 жылы Ресей Қытаймен әскери ынтымақтастықты кеңейту және Starlink спутниктік байланыс жүйесіне қарсы әрекет ету мәселелері бойынша құпия келіссөздер жүргізген.
Бұл туралы The Insider, Der Spiegel және Le Monde басылымдарының бірлескен зерттеуінде айтылды.
Зерттеу авторлары 2023 жылдың күзінде Гуанчжоуда өткен Үшінші Қытай–Ресей әскери-техникалық ынтымақтастық форумында ұсынылған презентациялар мен 2023 жылдың маусымында Мәскеуде қол қойылған екіжақты жұмыс хаттамасына сілтеме жасайды.
Құжаттарға сәйкес, Мәскеу мен Бейжің ғарыштық қару-жарақ, спутниктерді жою, әуе және зымыранға қарсы қорғаныс, әскери техника, авиация және әскерді жабдықтау салаларындағы ынтымақтастықты талқылаған.
Атап айтқанда, Starlink жүйесіне қарсы күрес үшін азаматтық пайдаланушылардың терминалдары арқылы кибершабуыл жасау және арзан қытайлық тосқауылдаушы аппараттардың көмегімен спутниктерді физикалық түрде жою ұсынылған. Сонымен қатар Қытай тарапы басқа мүдделі мемлекеттерді тарта отырып, «Starlink-ке қарсы техникалық альянс» құру бастамасын көтерген.
The Insider мәліметінше, Мәскеуде қол қойылған хаттама Ресей мен Қытайдың америкалық гипердыбыстық және баллистикалық зымырандарды, сондай-ақ маневрлі жауынгерлік блоктарды ұстап қалуға арналған төмен биіктіктегі әуе және зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін бірлесіп әзірлеуге келіскенін көрсетеді. Сондай-ақ тараптар болашақтағы жаңа буын әуе қорғанысы жүйелерін жобалауды бастауға уағдаласқан.
Бұдан бөлек, 2023 жылы екі ел Ресейдің соғыс тәжірибесін Қытайдың жасанды интеллект технологиялары және жаппай өндірістік мүмкіндіктерімен ұштастырып, жаңа буындағы автономды «рой» қағидаты бойынша жұмыс істейтін оқ-дәрілерді бірлесіп әзірлеу мәселесін де талқылаған.
Мұндай ынтымақтастықтың нәтижелерінің бірі ретінде Украинадағы соғыста Ресей әскері қолданып жүрген V2U автономды дроны аталады. Оның көптеген құрамдас бөліктері, соның ішінде жасанды интеллект модулі Қытайда өндірілген.
Еске салсақ, Reuters агенттігі 8 шілдеде Ресей әскері Украинадағы дрондардың жұмысын қиындату үшін қуатты радиоэлектрондық күрес жүйелері арқылы Starlink байланысын бұзуға әрекет жасап жатқанын хабарлаған.