Ресей мен Украина Әбу-Дабиде келіссөз өткізеді: АҚШ күнін жариялады
Ресей, Украина және АҚШ өкілдері 10-11 қарашада Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиде үшжақты келіссөз өткізеді.
Бұл туралы АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф мәлімдеді.
Уиткофф 3 қарашада X әлеуметтік желісінде алдағы кездесудің күнін жариялады. Оның айтуынша, келіссөз жұмыс топтары деңгейінде өтеді, ал АҚШ Ресей мен Украина арасында делдал болады.
"10-11 қарашада Әбу-Дабиде АҚШ Украина мен Ресей арасындағы жұмыс деңгейіндегі келіссөздерге делдал болады. Бұл президент Дональд Трамптың соғысты тоқтату жөніндегі күш-жігерінің бір бөлігі", – деп жазды Уиткофф.
Кездесуде соғыстан кейінгі қауіпсіздік кепілдіктері, шиеленісті бәсеңдету, гуманитарлық мәселелер және бейбіт келісімге қол жеткізудің келесі қадамдары талқыланады.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Әбу-Дабидегі келіссөздерге АҚШ атынан Стив Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер қатысады деп болжанған.
Сонымен қатар осы аптада америкалық келіссөз жүргізушілер Брюссельде Франция, Германия, Ұлыбритания, Еуропалық одақ және НАТО өкілдерімен кездесуді жоспарлаған.
Онда Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беру, Еуропаның соғыстан кейінгі қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру және Украинаны қалпына келтіруге экономикалық қолдау көрсету мәселелері қаралады.
Бұған дейін, 21 қазанда, Уиткофф Санкт-Петербургте Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен. Кездесуден кейін Мәскеу үшжақты келіссөздерді қайта бастауға дайын екенін білдірген.
Ресей мен Украина арасындағы АҚШ делдалдығымен өткен алдыңғы келіссөздер 2026 жылғы ақпанда ұйымдастырылған болатын.
Алайда Мәскеу мен Киев арасында соғысты тоқтату шарттарына қатысты елеулі келіспеушіліктер сақталып отыр. Сондықтан Әбу-Дабидегі кездесудің нақты нәтижесі әзірге белгісіз.