Ресей обаның тарағанын жасырып отыр ма?
Сібірдегі соңғы жағдайлар обаға қатысты үрейді өршітті.
Коронавирус пандемиясының зардабынан енді ғана ес жиған әлем жұрты бұл көне індет қайта дендесе, не болатынын ойлап, алаңдай бастады. Өйткені оба – тарихта мыңдаған адамның өмірін жалмаған ең көне жұқпалы індеттердің бірі. Оның қоздырғышы саналатын Yersinia pestis бактериясы осыдан бес мың жыл бұрын, қола дәуірінде өмір сүрген адамдардың тіс қалдықтарынан да табылған. Бүгінде оба емделетін болғанымен, ол жер бетінен толығымен жойылып кеткен жоқ. Yersinia pestis бактериясы табиғи ортада әлі де сақталған. Сондықтан әлемнің бірқатар аймағында оба ошақтарына тұрақты эпидемиологиялық бақылау жүргізіліп отырады.
Ресейдің Иркутск облысында обаға қарсы ғылыми-зерттеу институтының қызметкері қайтыс болғаннан кейін өңірдегі жағдай халықаралық деңгейде талқылана бастады. 28 жастағы Дарья Шипилова 2026 жылғы 29 қыркүйекте өкпесі қабынып, ауруханаға түседі. Ауру асқынып кеткендіктен, ол 2 қазанға қараған түні көз жұмған. Марқұм аса қауіпті инфекцияларды зерттейтін мекемеде жұмыс істегендіктен, оның өліміне қатысты күдік күшейді. Оқиғаға қатысты бірнеше болжам келтірілді. Соның біріншісінде, институт қызметкері зертханада жұмыс істеп жүргенде оба қоздырғышы бар сынама құтысын абайсызда сындырып алғаны айтылады. Алайда кейбір сарапшылар мұндай жолмен жұқтыру мүмкін деген болжамға күмәнмен қарайды. Олардың түсіндіруінше, аса қауіпті қоздырғыштармен жұмыс герметикалық бокстарда және арнайы қорғаныш киімдерімен жүргізіледі. Ал төтенше жағдай туындаса, зертханаларда залалсыздандырудың қатаң тәртібі қарастырылған. Екінші болжам бойынша, қызметкер инфекцияны табиғи оба ошақтары бар аймақтарға барған кезде немесе далалық зерттеулер барысында жұқтыруы мүмкін. Алайда Бурятия басшысы Алексей Цыденов марқұмның бұл өңірге барғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Қазіргі уақытта екі нұсқаның да ресми расталған дәлелі жоқ. Сондықтан қызметкердің инфекцияны қайдан жұқтырғаны және оның өліміне нақты не себеп болғаны да белгісіз.
Бастапқыда көршілес Бурятия басшысы Алексей Цыденов қызметкердің өліміне оба себеп болғанын жазғанымен, кейін жазбасына "мүмкін" деген сөзді қосқан. Иркутск облысының губернаторы Игорь Кобзев те аса қауіпті инфекцияға күдік болғанын айтқанымен, нақты қандай ауру анықталғанына қатысты мәлімет келтірмеді. Ресейдің тұтынушылардың құқықтарын қорғау және адам әл-ауқатын бақылау жөніндегі федералдық қызметі (Роспотребнадзор) марқұмға "себебі анықталмаған пневмония" диагнозы қойылғанын хабарлады. Ал Роспотребнадзор Иркутск қаласы, Шелехов және оған іргелес аумақтардағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін мәлімдеді. Ресей билігінің кейінгі мәліметіне сәйкес, марқұммен байланыста болған адамдардан оба қоздырғышы табылмаған. Тек кейбірінен COVID-19 бен риновирус анықталғаны айтылды.
Дарья Шипилованың өліміне қатысты ақпарат халықаралық ұйымдардың да назарын аударды. ДДСҰ Ресейден қызметкердің өліміне не себеп болғаны және оқиғаның мән-жайы туралы қосымша мәлімет сұратқан. Ұйым екінші науқас анықталды деген хабарламаларға да назар аударды. Ресей билігі екінші адамның ауырғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. АҚШ президенті Дональд Трамп та Ресейдегі жағдайды мұқият бақылап отырғанын мәлімдеді. Ол пневмония туралы ақпаратқа тоқталып, егер оба анықталса, көмек көрсетуге дайын екенін айтқан. Мәскеу бұл ұсынысқа салқын қабақ танытты. Оның орнына Ресей АҚШ-қа қызылша секілді жұқпалы аурулардың өршуімен күресуге жәрдем беруге дайын екенін мәлімдеді.
Қызметкердің өлімі оның отбасына да ауыр соққы болды. Қайғылы жағдайдан кейін обаға қарсы институттың қызметкері Дарья Шипилованың анасы Светлана Шипилова қызының өліміне қатысты ресми медициналық қорытындыны әлі алмағанын мәлімдеді. Ол Иркутскідегі ауруханалардың бірінде карантинде болғандықтан, мекемеден шығуына рұқсат берілмеген. "Глубина" басылымына берген сұхбатында Светлана Шипилова күн сайын сынамалар тапсырып жатқанын айтқан. Оның сөзінше, дәрігерлер қандай да бір инфекцияны анықтау үшін тексеру жүргізіп жатқан болуы мүмкін. Марқұмның анасы қызының өлімі туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарынан ғана емес, тиісті мемлекеттік органнан ресми құжат түрінде алғысы келеді.
"Қазір өте ауыр жағдайды бастан кешіп жүрмін. Бұл шу әлі басылған жоқ. Қызым туралы жағымсыз сөздерді оқығым келмейді. Мен шындықты білемін. Осы жағдайға сеніп қалған таныстарыма түсіндіруге мәжбүрмін", – деді ол.
Светлана Шипилова әлеуметтік желілерде тараған кейбір пікірлермен келіспейтінін де жеткізді. Оның айтуынша, зертханалық сынама құтыларын сындыру немесе ішіндегі затты төгіп алу мүмкін емес. Ол мұндай пікірлерді кәсіби білімі жоқ адамдардың болжамы деп санайды. Сондай-ақ марқұмның анасы қызының әлі жерленбегенін айтты. Оның сөзінше, отбасы мүшелері ауруханада карантинде жатқандықтан, жерлеу рәсімін ұйымдастыру да мүмкін болмай отыр. Сондай-ақ ол қызының өліміне қатысты ресми қорытынды әлі қолына тимегенін, нақты құжатты күтетінін жеткізді.
Ал бірер күн бұрын Иркутск облысының губернаторы Игорь Кобзев өңірде жүргізілген тексерулер мен алдын алу шараларының толық аяқталғанын мәлімдеді. Әзірге ресми органдар марқұмның өліміне шығу тегі анықталмаған пневмония себеп болғанын мәлімдеп отыр. Ал қызметкерге оба жұққаны туралы болжам расталған жоқ. Губернатордың айтуынша, қызметкер қауіпті инфекцияларға қарсы вакцина алған. Институтта патогенді микроорганизмдермен жұмыс істеу кезінде апаттық жағдай немесе қауіпсіздік талаптарының бұзылуы да анықталмаған. Мамандар қызметкермен байланыста болған адамдарды да тексерген.
"Байланыста болған адамдардың денсаулығынан инфекциялық ауруға тән өзгерістер анықталған жоқ. Бес мыңға жуық зертханалық зерттеудің нәтижесінде де қауіпті патогенді микроорганизмдер табылмады", – деп мәлімдеді Игорь Кобзев.
Оның сөзінше, тексерулер аяқталған соң карантиндік шектеулер алынып тасталған.
Қазақстандықтардың алаңдауына негіз бар ма?
Ресейдегі оқиғадан кейін Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі де эпидемиологиялық ахуалды бақылауда ұстап отырғанын хабарлады. Министрліктің мәліметінше, елдегі жағдай тұрақты, ал мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитарлық-карантиндік бақылау жүргізілуде.
"Денсаулық сақтау министрлігі Ресей Федерациясының Иркутск облысындағы жағдайдан хабардар. БАҚ-та аса қауіпті инфекцияға күдік тудырған жағдай туралы бірнеше хабарлама жарияланды. Қазақстан азаматтарының әлемдік қоғамдастықпен белсенді байланысын (көші-қон, туризм және іскерлік байланыстар) ескере отырып, елімізде инфекциялық аурулар бойынша қолайсыз елдерден аса қауіпті инфекциялардың әкелінуі мен таралуының алдын алу мәселелері тұрақты бақылауда. Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау жүргізіледі. Көліктің барлық түрінде дене қызуы жоғары, ауру белгілері бар немесе аса қауіпті инфекцияға күдік тудыратын адамдар анықталған жоқ", – делінген хабарламада.
Оба – бактериялық инфекция, сондықтан оны емдеу үшін антибиотиктер қолданылады. Алайда ауруды дер кезінде анықтап, емдеуді ерте бастау керек. Уақыт жоғалтқан жағдайда инфекция асқынып, адам өліп кетеді. Оба қоздырғышы адамға көбіне инфекцияны жұқтырған бүрге арқылы таралады. Сондай-ақ инфекция ауру немесе өлі жануарды жалаң қолмен ұстағанда жұғуы мүмкін. Ал өкпе обасы науқас адамнан сау адамға ауа тамшылары арқылы таралады. Обаның алғашқы белгілерін бірден ажырату қиын. Аурудың бастапқы кезеңінде дене қызуы көтеріліп, қалтырай бастайды, әлсіздік сезіледі, басы ауырып, жүрегі айнуы мүмкін. Бұл белгілер басқа да жұқпалы ауруларға тән. Сондықтан диагноз қою кезінде тек симптомдарға емес, адамның қай жерде болғанына, кімдермен байланысқанына мән беріледі.
Қазақстанда да обаның бірнеше ошағы бар. Атап айтқанда, Қызылорда мен Ақтөбе облыстарының кейбір аумақтарында бұл инфекцияның қоздырғышы табиғи ортада сақталған. Сондықтан мамандар аталған өңірлерде тұрақты эпидемиологиялық бақылау жүргізеді. Кеміргіштердің індері өңделіп, елді мекендерде зиянкестерге қарсы шаралар атқарылады.
Маржан Сәбет