Саясат

Ресей қыркүйекте 50 мыңнан астам сарбазынан айырылды – Bloomberg

2026 жылдың қыркүйегінде Ресей армиясының Украинадағы соғыстағы шығыны 50 мың адамнан асқан.

Фото: Alexey Pavlishak/REUTERS

 Бұл туралы Bloomberg агенттігі НАТО-ның жоғары лауазымды әскери өкіліне сілтеме жасап хабарлады.

Агенттіктің мәліметінше, қыркүйек айында Ресей Қарулы күштерінің қаза тапқан және жараланған әскери қызметкерлерінің жалпы саны 50 мыңнан асқан. Оның ішінде 28 мыңға дейінгі әскери қызметкер қаза тапқан болуы мүмкін.

НАТО өкілінің бағалауынша, Ресей армиясы Украинадағы майданда айтарлықтай адам шығынына ұшырағанына қарамастан, әскери операцияларын жалғастырып жатыр.

Ал осы кезеңдегі Украина армиясының болжамды шығыны шамамен 5 мың адам деп бағаланған.

Дегенмен Bloomberg бұл мәліметтерді тәуелсіз дереккөздер арқылы растау мүмкін болмағанын атап өткен.

Бұған дейін Украина Қарулы күштерінің Бас штабы 1 қазанда жариялаған есебінде Ресей армиясының қыркүйек айындағы шығыны 46 230 адам болғанын хабарлаған еді.

Айта кетейік, Ресей мен Украина соғыс кезіндегі адам шығыны туралы толық әрі жүйелі ақпарат жарияламайды. Сондықтан тараптардың нақты қанша әскери қызметкерінен айырылғанын тәуелсіз түрде анықтау қиын.

Ресейдің Украинаға қарсы кең ауқымды соғысы 2022 жылғы 24 ақпанда басталған. Содан бері екі тарап та адам күші мен әскери техника жағынан елеулі шығынға ұшырады.

Сайт Әкімшілігі