Саясат

Ресей тағы ондаған жыл соғысуы мүмкін – Сечиннің кеңесшісі

«Роснефть» басшысы Игорь Сечиннің кеңесшісі Андрей Безруков Ресейдің алдағы бірнеше онжылдық бойы соғыс жағдайында өмір сүруі мүмкін екенін мәлімдеді.

Фото: скриншот

Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы алаңында сөйлеген ол қазіргі қақтығыстың өте қарқынды соғысқа ұласуы немесе басқа өңірлерге таралған ұзаққа созылатын текетіреске айналуы ықтимал екенін айтты.

«Бізде соғыс жағдайында өмір сүретін екі буын қалыптасуы мүмкін. Сондықтан осындай жағдайда өмір сүруді үйренуіміз керек», - деді Безруков.



Сондай-ақ ол Ресейге биологиялық соғыс қаупі төніп тұрғанын айтып, адамзатты жойып жіберуі мүмкін вирустар жасауға мүмкіндік беретін технологиялар бар екенін мәлімдеді. Оның пікірінше, Ресей мемлекеттік жүйе мен экономиканы тек даму үшін емес, қорғаныс міндеттерін де орындайтындай етіп құруы қажет.

Андрей Безруков – кеңестік және ресейлік барлау қызметінің бұрынғы қызметкері, отставкадағы полковник. Ол 1980-жылдардан бастап шетелде Дональд Хитфилд деген жалған атпен өмір сүрген.

2010 жылы Безруков әйелі Елена Вавиловамен және тағы сегіз агентпен бірге АҚШ-та ФБР тарапынан ұсталды. Кейін олар тұтқын алмасу аясында Ресейге қайтарылған. Ерлі-зайыптылардың ұлдары ата-анасының тыңшылық қызметінен бейхабар болғандарын айтып, кейін Канада азаматтығын қайта алған.

Сайт Әкімшілігі