Қоғам

Ресей Украинаға қайтадан зымырандар мен дрондармен шабуыл жасады: бір адам қаза тапты

Ресей 25 мамыр кеші мен 26 мамырға қараған түні Украина аумағына екі «Искандер» зымыранын және 122 дрон ұшырды. Бұл туралы Украина Қарулы күштерінің Әуе күштері Telegram-арнасында хабарлады.

Фото: Maxym Marusenko/NurPhoto/picture alliance

Украиналық әуе қорғаныс күштері елдің солтүстігі, оңтүстігі және шығысындағы 111 ресейлік дронды атып түсірген немесе залалсыздандырған.

Украина әскері 9 шабуылдаушы дрон мен зымыранның 11 нысанға түскенін, сондай-ақ атып түсірілген дрон қалдықтары тағы үш жерде құлағанын хабарлады.

Таңғы сағат 8-ден кейін де Украина аумағына зымырандар, дрондар және басқарылатын авиациялық бомбалардың ұшырылғаны туралы ақпараттар жарияланып отырған.

Одесса қаласында 25 мамыр кешінде болған аралас зымыран-дрон шабуылы салдарынан бір адам қаза тауып, тағы үшеуі жараланған.

Жергілікті билік инфрақұрылым нысандары мен тұрғын үйлердің қасбеттері және терезелері зақымданғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар Киевте 24 мамырға қараған түні жасалған жаппай әуе шабуылынан қаза тапқандар саны артты.

Шевченко ауданындағы қираған тұрғын үйдің үйіндісінен тағы бір адамның дене бөлшектері табылған. Осылайша, шабуыл құрбандарының саны үш адамға жетті.

Киевте 90-нан астам адам жарақат алған.

24 мамырдағы шабуыл кезінде Ресей Украинаға 600 дрон мен 90 түрлі зымыран, соның ішінде «Орешник» зымыранын ұшырған.

Киевтегі Шевченко ауданындағы көпқабатты тұрғын үйден бөлек, басқа да көптеген ғимараттар зақымданған. Атап айтқанда, «Лукьяновская» метро станциясы маңындағы «Квадрат» сауда орталығы толығымен өртеніп кеткен.

Сондай-ақ Киевтегі Deutsche Welle кеңсесіне де зақым келген. Жарылыс толқыны ғимараттың терезелері мен төбесін бүлдірген.

Фридрих Мерц «Орешник» зымыранымен жасалған шабуылды «ойланбай жасалған қауіпті эскалация» деп атады.

Ал Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен телефон арқылы сөйлесіп, Ресей Киевтегі нысандарға, соның ішінде «шешім қабылдау орталықтарына» жүйелі соққылар бастайтынын мәлімдеген.

Мәскеу шетел елшіліктеріне Украина астанасынан кетуге кеңес берген.

Сайт Әкімшілігі