Әлеумет

Ресей Украинаға кезекті түнгі шабуыл жасады: Киев пен Харьковта зардап шеккендер бар

8 шілдеге қараған түні Ресей әскері Украинаның бірнеше өңіріне зымырандар мен дрондарды қолданып кезекті бірлескен шабуыл жасады.

Valentyn Ogirenko / Reuters / Scanpix / LETA

 Әсіресе Киев пен Харьков қалаларында жарылыстар болып, өрт шығып, зардап шеккендер тіркелді.

Киев мэрі Виталий Кличко Telegram-дағы парақшасында қалада кемінде екі адамның жараланғанын хабарлады. Оның айтуынша, зардап шеккендердің бірі ауруханаға жеткізілген.

Ал Киев қалалық әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченко астанаға қарай жаудың соққы беретін дрондары жақындап келе жатқанын мәлімдеді.

Бұған дейін Кличко Деснян ауданында зымыран соққысынан қойма ғимараты өртенгенін, ал Святошин ауданында тұрғын емес ғимараттан өрт шыққанын хабарлаған. Сондай-ақ ол Киевке баллистикалық зымырандармен шабуыл жасалғанын ескерткен. Бұл ақпаратты Украина Әуе күштері де растады.

Харьковта да шабуыл салдарынан елеулі шығын тіркелді. Қала мэрі Игорь Терехов 20-дан астам жеке тұрғын үйдің, ғибадатхана терезелерінің, көшені жарықтандыру желісінің және бес автокөліктің зақымданғанын мәлімдеді. Алдын ала мәлімет бойынша, екі адам жарақат алған.

Украина Әуе күштерінің хабарлауынша, Ресейдің Киевке, Харьковқа және елдің орталық әрі шығыс өңірлеріне жасаған түнгі шабуылы жалғасып жатыр.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Киев Украина