Әлеумет

Ресейде аса қауіпті инфекцияға күдік туды: Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады

Фото:

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Ресейдің Иркутск облысында қайтыс болған әйелден аса қауіпті инфекция болуы мүмкін деген күдікке байланысты жағдайды ерекше бақылауға алды. Қазақстан шекарасында санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді.

Министрліктің мәліметінше, мамандар көрші елден келіп түсіп жатқан ақпаратты жедел қадағалап отыр. Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде, соның ішінде әуежайларда, теміржол және автовокзалдарда қатаң санитарлық-карантиндік мониторинг жүргізіліп жатыр.

«Қазіргі уақытта көліктің барлық түрінде дене қызуы көтерілген, ауру белгілері бар немесе аса қауіпті инфекция жұқтырған болуы мүмкін адамдар анықталған жоқ. Алдын ала бағалау бойынша инфекцияның Қазақстанға әкеліну қаупі төмен», – деп мәлімдеді министрлік.

Ведомство барлық қажетті алдын алу шарасы қабылданғанын атап өтті. Ресейлік әріптестерден ресми деректер түскен сайын қауіп деңгейіне қатысты бағалау нақтыланады.

Иркутск облысында не болды?

Ресейдің Иркутск облысына қарасты Шелехов ауданында 28 жастағы әйелдің өлімінен кейін эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатыр. Бұған дейін әлеуметтік желілерде оның оба жұқтырған болуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған.

Алайда Роспотребнадзордың баспасөз қызметі өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін, оба дерегі тіркелмегенін мәлімдеді. Ресейлік мамандардың алдын ала мәліметінше, әйелдің өліміне себебі анықталмаған пневмония себеп болған.

Марқұммен байланыста болған 197 адам медициналық бақылауға алынған. Қазіргі уақытта олардан ауру белгілері анықталмаған, зертханалық талдау нәтижелері де теріс шыққан. Шелехов аудандық ауруханасында эпидемияға қарсы шаралар жалғасып жатыр.

Министрлік қандай кеңес берді?

Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және дүрбелеңге бой алдырмауға шақырды.

Шетелден, соның ішінде Ресей өңірлерінен оралған азаматтарға сырқаттың алғашқы белгілері байқалса, дереу дәрігерге жүгіну ұсынылады. Сондай-ақ медицина қызметкерлеріне сапардың мерзімі мен барған жерлері туралы міндетті түрде хабарлау қажет.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: оба