Ресейде дрондар шабуылынан кейін химия зауыты өртенді
24 қазанға қараған түні Ресейдің Самара облысындағы Тольятти қаласына дрондар шабуыл жасады.
Шабуылдан кейін "Тольяттикаучук" химия зауытының аумағында ірі өрт шыққаны хабарланды.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, түнде қалада бірнеше жарылыс естіліп, артынша өндірістік аймақтан қою қара түтін көтерілген. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалардан кәсіпорын аумағындағы алапат өртті көруге болады.
ASTRA басылымының OSINT сарапшылары жарияланған бейнежазбаларды зерттеп, өрттің "Тольяттикаучук" зауытында шыққанын анықтаған.
Жергілікті тұрғындар кәсіпорын орналасқан көшенің жабылғанын хабарлады. Сондай-ақ жақын маңдағы жылу электр орталығы зақымдануы мүмкін деген ақпарат тараған. Қала тұрғындарының бір бөлігі электр жарығы мен су беруде іркілістер болғанын айтқан.
Бұдан бөлек, шабуыл кезінде Ресейдің ірі автомобиль өндірушісі "АвтоВАЗ" зауытының қызметкерлері эвакуацияланғаны туралы хабар тарады. Алайда бұл мәлімет әзірге ресми расталған жоқ.
Ресей билігі не дейді?
Тольятти қаласының басшысы Илья Сухих дрондардың жаппай шабуыл жасағанын растады.
Оның айтуынша, шабуыл салдарынан қаладағы өнеркәсіп нысандары зақымданған. Оқиға орындарында жедел қызмет өкілдері жұмыс істеп жатыр.
"Өнеркәсіп нысандарының зақымданғаны тіркелді. Оқиға орындарында жедел әрекет ету қызметтері жұмыс істеп жатыр", – деді қала басшысы.
Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Дегенмен Ресей билігі нақты қай кәсіпорындардың зақымданғанын жариялаған жоқ. "Тольяттикаучук" зауытына тікелей соққы тигені де ресми түрде расталмады.
Зауыт Ресейдің әскери өнеркәсібіне қатысы бар өнімдер шығарады
"Тольяттикаучук" – Ресейдің ірі мұнай-химия кәсіпорындарының бірі. Ол синтетикалық каучук, химиялық шикізат және бензинге арналған қоспалар өндіреді. 2019 жылдан бері кәсіпорын "Татнефть" компаниялар тобына кіреді.
Украиналық ақпарат құралдарының мәліметінше, зауыт шығаратын синтетикалық каучук түрлері әскери техника өндірісінде, сондай-ақ тактикалық және баллистикалық зымырандарға арналған қатты отын өндіруде қолданылуы мүмкін.
Бұл кәсіпорын бұған дейін де дрондар шабуылына ұшыраған. Атап айтқанда, 2026 жылғы маусым және қыркүйек айларында "Тольяттикаучук" зауытына шабуыл жасалғаны хабарланған.
Әзірге соңғы шабуылдан кәсіпорынға қаншалықты шығын келгені және өндіріс жұмысының тоқтаған-тоқтамағаны белгісіз.