Сараптама

Ресейде осы күзде төңкеріс болуы мүмкін – Геннадий Зюганов

Ресей Коммунистік партиясының (КПРФ) жетекшісі Геннадий Зюганов блогер Виктория Боняның Ресей президенті Владимир Путинге жасаған резонансты үндеуін қолдап, елде 1917 жылғы жағдайдың қайталану қаупі бар екенін мәлімдеді.

Коллаж "Блокнот"

Мемлекеттік думадағы пленарлық отырыста сөз сөйлеген Зюгановтың айтуынша, Боня көтерген мәселелерді коммунистер бұған дейін де бірнеше рет парламент мінберінде айтқан.

«Кеше қарап едім, бір ханым бар екен, аты – Виктория Боня. Ол Монакодан отырып тікелей президентке үндеу жасады. Біз мұнда көтерген барлық мәселені тізіп шықты. Анапа жағалауындағы мұнай қалдығы неге тазаланбай жатыр? Дағыстан мен Шешен Республикасына уақытылы неге көмек көрсетілмеді?» – деді ол.

Зюгановтың сөзінше, оның партиясы президенттің стратегиясын қолдау үшін «барын салып келеді», алайда Кремль коммунистердің ескертулерін елемей отыр. Ал блогердің үндеуі назарға іліккен.

«Біз сіздерге он рет айттық – экономика сөзсіз құлдырайды деп. Бірінші тоқсан толықтай түбіне кетті. Егер шұғыл түрде қаржылық-экономикалық және өзге де шаралар қабылданбаса, күзде 1917 жылғы оқиғалардың қайталану қаупі бар. Біз бұған жол бере алмаймыз», – деді КПРФ басшысы.

Өткен аптада «Дом-2» жобасының бұрынғы қатысушысы Виктория Боня «халық атынан» Владимир Путинге видеоүндеу жолдап, елдегі жағдайға алаңдаушылық білдірген болатын. Оның айтуынша, халықтың шыдамы «серіппе секілді үзіліп кетуі мүмкін».

Блогер бес негізгі мәселені атап өтті. Олардың қатарында Дағыстандағы су тасқыны, Анапа жағалауындағы мазут қалдықтары және интернет шектеулері бар. Сондай-ақ ол Ресей азаматтары мен президент арасында «қалың қабырға пайда болғанын», адамдардың биліктен қорқатынын айтты.

«Адамдар ақшасынан айырылып жатыр. Қазір бәрі жаппай елден қалай кетуге болатынын іздеп жатыр – бұл ең танымал сұраныстардың бірі. Сізге шынайы ақпарат жетпейді. Қазір халық қатты қиналып отыр», – деген еді Боня.

Осыған байланысты Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков блогердің үндеуін көргендерін растады. Оның айтуынша, көтерілген мәселелер өзекті, әрі олар назардан тыс қалмаған.

«Әділін айту керек, бұл мәселелер бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр, көптеген адам жұмылдырылған. Ештеңе назардан тыс қалған жоқ», – деді Песков.

Айта кетейік, ресейлік жазушы Борис Акунин де бұған дейін Ресейдегі қоғамдық-саяси ахуалға қатысты пікір білдіріп, қазіргі жағдайды тарихи параллельдермен салыстырған болатын. Оның айтуынша, қоғамда қордаланған әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешілмесе, елде түбегейлі өзгерістерге алып келетін дағдарыс тууы мүмкін. Жазушы билік пен халық арасындағы алшақтықтың күшеюі кез келген уақытта күтпеген саяси сілкіністерге әкелуі ықтимал екенін ескерткен.

Сайт Әкімшілігі