Әлеумет

Ресейде «Украинаны қолдайтын әндер» үшін фестивальде 100-ге жуық адам ұсталды

Ресейдің Выборг қаласы маңындағы орманда полиция мен арнайы жасақ бейресми музыкалық фестивальге ауқымды рейд жүргізді. Нәтижесінде 100-ге жуық адам ұсталды.

Фото: Dmitri Lovetsky/AP/dpa/picture alliance

Ресейлік мемлекеттік ақпарат агенттіктері мен жергілікті БАҚ мәліметінше, операция 22 тамыз күні жүргізілген. ТАСС-тың полициядағы дереккөзі фестивальді «солшыл радикалды» шара деп атаған. Ал РИА Новости фестиваль Финляндия шекарасына жақын жерде өткенін, арнайы жасақ орман аумағын толық қоршауға алғанын хабарлады.

Күштік құрылымдар рейдке «Украинаны қолдайтын әндердің» орындалуы, «Ресейдегі билікті ауыстыруға шақырулар» және «есірткіні жаппай қолдану» себеп болды деп мәлімдеді. Сондай-ақ қолдан жасалған сахна маңында Украина рәміздері бейнеленген плакаттар ілінгені айтылған.

Қатысушылардан түсірілім жасау үшін пайдаланылған квадрокоптерлер тәркіленген. Қазір қылмыстық іс қозғау мәселесі қарастырылып жатыр.

Ресейлік мемлекеттік агенттіктердің хабарлауынша, бұл фестиваль 2023 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Ұйымдастырушылар оның өтетін орнын құпия ұстап, нақты мекенжайды қатысушыларға шара басталардан шамамен бір тәулік бұрын ғана хабарлаған. Кейбір мәліметтер бойынша, фестиваль бұған дейін бейресми түрде «Нездоровый образ жизни» (НОЖ) деп аталған.

Оқиға орнынан тараған видеолардан фестивальге қатысушылардың басым бөлігі жастар екені көрінеді. Арнайы жасақ оларды қолдарын желкесіне қойғызып, жерге етпетінен жатқызған. Кейбір қатысушыларды камера алдында есірткі қолданғанын мойындауға мәжбүрлегені де хабарланды.

Сайт Әкімшілігі