Қоғам

Ресейде жол апатында екі қазақстандық қаза тапты

Ресейдің Алтай Республикасында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан Қазақстанның екі азаматы көз жұмды.

Фото: ашық дерекккөз

Апаттан тағы бірнеше қазақстандық түрлі дене жарақатын алды.

Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға 27 шілде күні Ақташ ауылының маңында болған. Toyota Avensis көлігін басқарған 31 жастағы әйел қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Қазақстан азаматы тізгіндеген Chevrolet Nexia автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан.

Полицияның мәліметінше, Toyota жүргізушісі көлікті мас күйінде басқарған әрі жүргізуші куәлігі болмаған.

Жол апатынан Chevrolet көлігін басқарған 40 жастағы Қазақстан азаматы мен оның 44 жастағы жолаушысы ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлер олардың өмірін сақтап қала алмады.

Сонымен қатар Chevrolet автокөлігінде болған тағы үш Қазақстан азаматы – екі 63 жастағы ер адам мен 13 жастағы қыз жарақат алған. Сондай-ақ Toyota көлігінің 21 жастағы жолаушысы да медициналық көмекке жүгінген.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары жол апатының себептерін жан-жақты зерттеуде.

Сайт Әкімшілігі