Ресейдегі ірі мұнай өңдеу зауытына дрондар шабуыл жасады: екі адам жараланды
3 қарашада Ресейдің Ярославль облысындағы "Славнефть-ЯНОС" мұнай өңдеу зауыты дрондар шабуылына ұшырады.
Салдарынан кәсіпорын аумағында өрт шығып, екі адам жарақат алды. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.
Ярославль облысының губернаторы Михаил Евраевтың мәліметінше, өңірге жасалған шабуыл кезінде 124 ұдрон пайдаланылған. Шабуыл салдарынан мұнай өңдеу зауытының инфрақұрылымы зақымданып, өрт шыққан.
Кәсіпорынның екі қызметкері жарықшақтан жараланып, ауруханаға жеткізілген. Сондай-ақ дрондардың қалдықтары бірнеше тұрғын үй мен автокөлікке зақым келтірген.
Шабуылдан кейін оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметі жұмыс істеген. Зауытқа келген шығынның нақты көлемі әзірге жарияланған жоқ. Кәсіпорынның өндірістік қызметі толық тоқтағаны туралы да ресми мәлімет жоқ.
"Славнефть-ЯНОС" – Ресейдегі ірі мұнай өңдеу кәсіпорындарының бірі. Оның жылдық мұнай өңдеу қуаты шамамен 15 миллион тонна. Зауыт бензин, дизель отыны, авиациялық керосин және басқа да мұнай өнімдерін шығарады.
Бұл кәсіпорын бұған дейін де дрон шабуылына ұшыраған. 2026 жылғы 17 қыркүйекте зауыттың мұнай өңдеу қондырғыларының бірі зақымданып, өндіріс жұмысына әсер еткені хабарланған.
Украина Ресейдің мұнай өңдеу және энергетикалық инфрақұрылымына соққыларды Мәскеудің соғыс жүргізу мүмкіндігін әлсірету мақсатымен байланыстырып келеді. Ал Ресей билігі мұндай шабуылдарды өз аумағындағы инфрақұрылымға жасалған шабуыл деп бағалайды.
3 қарашадағы шабуылға қатысты Украина тарапының ресми мәлімдемесі туралы ақпарат әзірге жоқ.