Әлеумет

Ресейдегі ірі мұнай өңдеу зауытына дрондар шабуыл жасады: өрт шықты

Ресейдің Ленинград облысындағы «Сургутнефтегаз» компаниясына тиесілі Кириши мұнай өңдеу зауытына (КИНЕФ) дрон шабуыл жасады.

Фото ашық дереккөз

Кәсіпорын аумағында өрт шыққан.

Оқиға 9 қарашаға қараған түні болған. Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко Кириши қаласындағы өнеркәсіп аймағына дрондар түскенін растады.

Ресейлік ASTRA басылымы оқиға орнынан тараған бейнежазбаларды талдап, өрттің «Сургутнефтегаз» компаниясына қарасты Кириши мұнай өңдеу зауытының аумағында шыққанын хабарлады.

Ресей билігінің мәліметінше, түнгі шабуыл кезінде Ленинград облысының аумағында 113 дрон атып түсірілген. Алайда олардың қаншасы мұнай өңдеу зауытына бағытталғаны нақты айтылмады.

Сондай-ақ Кириши қаласында дрон сынықтары тұрғын үйлердің біріндегі пәтерге түскені хабарланды. Оқиғадан кейін пәтерде тұратын отбасы қауіпсіз жерге көшірілген.

Кириши мұнай өңдеу зауыты – Ресейдегі ірі мұнай өңдеу кәсіпорындарының бірі. Оның жылдық жобалық қуаты шамамен 20-21 миллион тонна мұнайды құрайды. Кәсіпорында бензин, дизель отыны және авиациялық керосин өндіріледі.

Әзірге шабуыл салдарынан зауыттың қандай нысандары зақымданғаны және өндіріс жұмысына қаншалықты әсер еткені туралы толық ақпарат жарияланған жоқ.

Украина тарапының бұл шабуылға қатысты ресми мәлімдемесі жөнінде де әзірге нақты ақпарат жоқ.

 

Сайт Әкімшілігі