Қоғам

Ресейдің миллиардері Қазақстан азаматтығын алды

Higgsfield компаниясының тең құрылтайшысы Алекс Машрабов Қазақстан азаматтығын алды. Оған Қазақстан азаматының төлқұжаты табысталды.

Фото: әлеуметтік желіден

Президент арнайы Жарлыққа қол қойған

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Жаслан Мәдиев Facebook парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, 2026 жылғы 30 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алекс Машрабовқа Қазақстан азаматтығын беру туралы Жарлыққа қол қойған.

Мәдиевтің сөзінше, Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласын дамытуға және талантты мамандарды қолдауға ерекше назар аударып отыр. Қазақстан әлемдік деңгейдегі технологияларды әзірлейтін мамандарға өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беруге мүдделі.

Алекс Машрабовқа алғыс айтты

Вице-премьер Қазақстанда еңбек етіп, халықаралық нарыққа бағытталған технологиялық өнімдер жасауға болатынын атап өтті.

Мәдиев мұндай қадам Қазақстанда еңбек ете отырып, әлемдік деңгейдегі технологиялар жасап, халықаралық нарықтарды бағындыруға болатынын алға тартты.

"Алекс, Қазақстанға сенім білдіріп, еліміздің азаматы болуды таңдағаныңыз үшін рақмет. Бірлесе таланттарды қолдап, жаңа өнімдер жасап, Қазақстанның технологиялық әлеуетін нығайтамыз деп сенемін. Қазақстан азаматтығын алуыңызбен құттықтаймын, Алекс!", – деп жазды Жаслан Мәдиев.

Алекс Машрабов кім?

Алекс Машрабов – ресейлік текті америкалық кәсіпкер, Мәскеу физика-техникалық институтының түлегі. Еңбек жолын "Яндекс" компаниясында машиналық оқыту инженері болып бастаған.

2018 жылы фотосуреттерді анимациялауға және жасанды интеллект арқылы бейне жасауға арналған AI Factory стартапын құрды. 2020 жылы америкалық Snap Inc. компаниясы жобаны 166 миллион долларға сатып алды. Кейін Машрабов Snapchat командасына қосылып, генеративті жасанды интеллект бағытын басқарды.

2023 жылы ол қазақстандық әзірлеуші Ерзат Дулатпен бірге Higgsfield AI стартапын құрды. Компания жасанды интеллект көмегімен бейне жасауға арналған платформа әзірледі. Сервис былтыр іске қосылды.

Қолда бар мәліметке сәйкес, бүгінде Higgsfield платформасын әлем бойынша 32 миллионнан астам адам пайдаланады. Оның ішінде шамамен бір миллион қолданушы ақылы жазылым рәсімдеген. Компания 2026 жылдың қорытындысы бойынша 1 миллиард доллар пайда табуды жоспарлап отыр.

Сайт Әкімшілігі