Әлеумет

Ресейдің жаппай шабуылы: Киевте 4, Харьковта 5 адам қаза тапты

15 маусымға қараған түні Ресей әскері Украина астанасы Киев пен елдің өзге өңірлеріне зымырандар мен дрондар арқылы жаппай шабуыл жасады.

Фото: AP

 Салдарынан кемінде тоғыз адам қаза тауып, ондаған тұрғын жарақат алды. Сонымен қатар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген Киев-Печерск лаврасы аумағында өрт шықты.

Киев қалалық әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченконың айтуынша, шабуыл нәтижесінде лавра аумағында ірі өрт болған.

Ал Киев мэрі Виталий Кличко өрт кешеннің негізгі ғибадатханасы саналатын Успен соборының шатырынан шыққанын мәлімдеді.

Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда тарихи кешенді жалын мен қою түтін басқаны көрінеді. Әзірге бұл аумақта зардап шеккендер туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Жергілікті биліктің мәліметінше, шабуыл кезінде Киевтің бірнеше ауданындағы тұрғын үйлер зақымданған. Атап айтқанда, Печерск ауданында бес қабатты, Соломенск ауданында тоғыз қабатты тұрғын үйге соққы тиген. Оболонь ауданында тұрғын үйлердің бірі жартылай қираған.

Сондай-ақ Шевченко ауданында базар, азық-түлік дүкені және басқа да азаматтық инфрақұрылым нысандары бүлінген. Бұдан бөлек, 25 қабатты тұрғын үйге де зақым келген.

Соңғы мәлімет бойынша, Киевте кемінде төрт адам қаза тауып, 23-тен астам тұрғын түрлі жарақат алған. Шабуылдан кейін электр желілері де зақымданып, қаланың солтүстік бөлігіндегі 140 мыңнан астам тұрғын жарықсыз қалған.

Киев-Печерск лаврасы Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғалы бері бірнеше рет зақым көрген. 

ЮНЕСКО 2023 жылы Киевтегі София соборы мен Киев-Печерск лаврасын Ресей шабуылдарына байланысты қауіп төніп тұрған Бүкіләлемдік мұра нысандары қатарына енгізген. Украина тарапының мәліметінше, соғыс басталғалы бері ел бойынша 1600-ге жуық мәдени мұра нысаны бүлінген немесе толық қираған.

Түнгі шабуылдар Харьков қаласын да айналып өтпеді. Украина ішкі істер министрі Игорь Клименконың хабарлауынша, алғашқы соққыдан кейін шыққан өртті сөндіруге барған құтқарушыларға қайталама шабуыл жасалған.

Нәтижесінде бес құтқарушы қаза тауып, тағы кемінде бес адам жараланған.

Украина билігі шабуыл салдарын жою жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді. Қаза тапқандар саны әлі де өсуі мүмкін екені айтылуда.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Киев Ресей