Әлеумет

Ресейге жұмыс іздеп барып, соғысқа кеткен қазақстандықтың қаза тапқаны хабарланды

Ресейге жұмыс істеуге барып, кейін Украинадағы соғысқа жіберілген қазақстандықтардың бірі қаза тапқаны туралы ақпарат тарады.

Фото: ашық дереккөз

Ресейге күзетші болып жұмысқа орналасамыз деген уәдеге сеніп, кейін Украинадағы соғысқа жіберілген қазақстандықтардың бірінің ата-анасына ұлының қаза тапқаны туралы құжат келген.

Бұл ақпаратты Ulysmedia-ға берген сұхбатында адвокат Мейірман Шекеев айтқан. Оның сөзінше, біраз уақыт бұрын ата-аналардың біріне баласының қаза тапқаны туралы құжат жіберілген. Алайда адвокат қазір бұл мәліметтің рас-өтірігін анықтауға тырысып жатыр.

 

Қаза тапқаны хабарланған азаматтың кім екені және оның қандай жағдайда көз жұмғаны әзірге белгісіз. Қазақстанның құзырлы органдары бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.

Ал Ресейде жүрген азаматтардың ата-аналары мемлекеттік органдардан нақты жауап ала алмағандықтан, балаларының тағдырын білу үшін Ресейге баруға шешім қабылдаған.

Бұған дейін Ресейге жұмыс іздеп барған бірқатар қазақстандықтың алданғанын айтып, Украинадағы соғысқа жіберілгені туралы мәлімдеме жасағаны белгілі. Олардың туыстары Қазақстан билігінен көмек сұрап, азаматтарды елге қайтаруды талап еткен.

Айнабек ісі: жұмыс іздеп барып, соғысқа тап болған

Еске салайық, бұған дейін «Жас Алаш» Ресейге жұмыс істеуге барып, кейін әскери қызметке тартылған 20 жастағы шымкенттік Айнабек Келдібектің оқиғасын жариялаған болатын.

Айнабектің анасы мен әпкесі Сымбат Еркіндек редакциямызға хабарласып, жігіттің Ресейге күзетші болып жұмыс істеу үшін кеткенін, алайда кейін алдау арқылы әскери құжаттарға қол қоюға мәжбүр болғанын айтқан.

Туыстарының сөзінше, Айнабек Украинадағы соғысқа өз еркімен бармаған. Оның отбасы Қазақстан билігінен араша сұрап, ұлын елге қайтаруға көмектесуді өтінген.

«Жас Алашқа» сұхбат берген адвокат Мейірман Шекеев Айнабек сияқты бірнеше қазақстандықтың осындай жағдайға тап болғанын мәлімдеген еді. Редакцияға жеткен ақпарат бойынша, Айнабекпен бірге тағы 7-8 қазақстандықтың соғысқа тартылғаны айтылған.

Кейін Астанада Ресейдегі соғысқа жіберілген қазақстандықтардың туыстары Сыртқы істер министрлігіне барып, азаматтарды елге қайтару мәселесін көтерді. Адвокаттың айтуынша, оларды сыртқы істер министрінің орынбасары қабылдап, талап-тілектерін тыңдаған.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұған дейін азаматтарды елге қайтару мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлаған.

Әзірге Айнабек Келдібек пен онымен бірге соғысқа тартылғаны айтылған басқа қазақстандықтардың елге қашан және қалай қайтарылатыны белгісіз.

 

Сайт Әкімшілігі