Қоғам

Ресейліктер Қазақстаннан жаппай баспана сатып ала бастады

Қазақстанда тұрғын үйге сұраныс күрт өсіп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, соңғы айларда Ресей азаматтарының еліміздегі жылжымайтын мүлікке қызығушылығы айтарлықтай артқан.

Фото: ашық дереккөз

Халықаралық жылжымайтын мүлік агенттігінің сату тобының жетекшісі Асхат Тәжиевтің сөзінше, 2026 жылдың маусымынан бері Ресей азаматтарынан түсетін өтініштер екі есеге жуық көбейген. Әсіресе Ақтау қаласындағы филиалға келіп жатқан сұраныс өткен жылдың көрсеткішінен бірнеше есе асып түскен.

Оның айтуынша, ресейліктердің бір бөлігі Қазақстаннан балаларын жоғары оқу орындарына орналастыру үшін пәтер сатып алса, енді бірі қаржысын сақтап, активтерін әртараптандыруды көздейді. Кейбір сатып алушылар Қазақстандағы жеке меншік құқығының қорғалуына қатысты сұрақтар қоятынын да жеткізді.

Мысалы, жуырда Астанадағы Тұран даңғылындағы элиталық тұрғын үй кешенінен Ресей азаматы 235 миллион теңгеге пентхаус сатып алған.

Ресми статистика да тұрғын үй нарығындағы белсенділіктің артқанын көрсетеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың маусым айында ел бойынша тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 39 053 мәміле тіркелген. Бұл мамыр айымен салыстырғанда 28,4 пайызға көп.

Мәмілелер саны бойынша Алматы (6 841) мен Астана (6 436) көш бастап тұр. Ал өсім қарқыны бойынша Маңғыстау облысы (+67,4%), Қарағанды облысы (+43,4%) және Атырау облысы (+40,9%) алдыңғы орынға шыққан.

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі сұраныс бұрынғыдай дүрлігу емес, ұзақ мерзімді жоспарға негізделген. Ресей азаматтары Қазақстанды тұрақты тұруға немесе инвестиция салуға қолайлы бағыттардың бірі ретінде қарастырып отыр.

Сайт Әкімшілігі