Оқиғалар

Respublica: энергетикалық жабдықтан бастап, қолжетімді баспана мен сапалы медицинаға дейін

Respublica партиясының сайлауалды штабы Астанадағы энергетикалық инфрақұрылымға қажетті жабдық өндіретін кәсіпорынға барды

Фото: из открытых источников

Кәсіпорын басшысы Асқар Сыздықов кандидаттарға өндіріс барысын таныстырды. Мұнда металл корпустар, 10 және 20 кВ вакуумдық ажыратқыштар мен ұяшықтар шығарылады. Кәсіпорын өз әзірлемелерін де дамытып келеді. Солардың бірі — 2017 жылдан бері Астанада қолданылып келе жатқан 20 кВ ұяшығы.

Құрылтай депутаттығына кандидат Тахмина Нағуманова отандық өндірісті қолдау Respublica партиясының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Сіздер жай ғана жұмыс істеп отырған жоқсыздар. Өнім шығарып, адамдарды жұмыспен қамтып, ел бюджетіне үлес қосып отырсыздар. Сондықтан отандық бизнестің мүддесі экономикалық саясаттың өзегінде болуы керек», — деді ол.

Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бекжан Айтқұлов өндіріс саласында 14 жыл жұмыс істеген маман ретінде кәсіпкерлер үшін өнім өндірумен қатар, оны өткізу нарығын табу да маңызды екенін айтты.

«Алдымен ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп, кейін экспортқа шығуымыз керек. Сонда жаңа нарықтар ашылып, валюталық түсім артады», — деді Бекжан Айтқұлов.

Кездесуде қызметкерлер салық жүктемесі, ОСМС, кадр даярлау және тұрғын үй мәселелерін де көтерді. Сәкен Карин әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру қажеттігін айтса, Даурия Байқонова медициналық сақтандыру төлейтін азаматтардың меншік нысанына қарамастан сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігі болуы керек екенін атап өтті.

Білім мен еңбек нарығының байланысын күшейту мәселесінде Олжас Құспеков дуалды оқытуды дамыту, кәсіпорындардың маман даярлауға қатысуын арттыру және технологиялық өзгерістерге сай мамандықтар Атласын жаңарту қажеттігін айтты. Екатерина Смолякова бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді ұсынды.

Жас мамандар үшін қолжетімді тұрғын үй де назардан тыс қалмады. Тохтар Болысов ірі қалаларда жас мамандарға арналған қолжетімді жалдамалы тұрғын үйді дамыту қажеттігін атап өтті.

Кездесу өндіріс, салық, медицина, білім және тұрғын үй мәселелерінің бір-бірімен тығыз байланысты екенін көрсетті. Respublica үшін экономиканы дамыту — ең алдымен, өз еңбегімен елдің дамуына үлес қосып жүрген адамдарға мүмкіндік жасау.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Respublica