Әлеумет

Reuters: Chevron танкеріне Қара теңізде дрондар шабуыл жасады

Chevron компаниясына тиесілі Yasa Polaris мұнай танкері Қара теңізде ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшырады.

Фото: AP Photo / Altaf Qadri

 

 Бұл туралы Reuters агенттігі өз дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Агенттік мәліметінше, танкер Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданатын мұнайды жеткізу үшін пайдаланылған.

Қазіргі уақытта кеменің жағдайы, ықтимал зақымдары, зардап шеккендер немесе оқиғаның мұнай тиеу кестесіне әсері туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Қазақстан үшін маңызы неде?

Бұл оқиға Қазақстан үшін ерекше маңызды, себебі аталған танкер Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортталатын қазақстандық мұнайды тасымалдауға қатысады.

Каспий құбыр консорциумы – Қазақстан мұнайын экспорттайтын негізгі бағыттардың бірі. Қазақстандағы кен орындарынан өндірілген мұнай Ресейдің Новороссийск маңындағы теңіз терминалына жеткізіліп, одан әрі Қара теңіз арқылы танкерлермен әлемдік нарыққа жөнелтіледі.

Chevron Қазақстанның мұнай саласындағы ірі инвесторлардың бірі саналады. Компания Теңізшевройл бірлескен кәсіпорнының операторы әрі ең ірі акционері болып табылады. Chevron Теңіз жобасының 50 пайыз үлесіне иелік етеді, сондай-ақ Қарашығанақ жобасы мен Каспий құбыр консорциумына да қатысады.

Сондықтан КҚК терминалы арқылы мұнай тасымалдайтын танкерлерге жасалған кез келген шабуыл Қазақстан мұнайының экспорттық логистикасына төнген ықтимал қауіп ретінде қарастырылады.

Бұған дейін де осындай шабуылдар болған

Reuters мәліметінше, 2026 жылдың қаңтарында Қара теңізде КҚК терминалына қазақстандық мұнай тиеуге бет алған екі мұнай танкеріне дрондар шабуыл жасаған. Олардың бірі де Chevron компаниясы жалдаған кеме болған.

Осы оқиғалардан кейін Қазақстан АҚШ пен Еуропа елдерін мұнай тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесуге шақырған. Сол кезде Энергетика министрлігі «ҚазМұнайГаз», Каспий құбыр консорциумы және кеме иелерімен бірлесіп логистикалық тізбектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын үйлестіріп жатқанын мәлімдеген.

Соңғы айларда Қара және Азов теңіздерінде Ресейдің мұнай логистикасына қатысы бар танкерлер мен кемелерге жасалған шабуылдар туралы хабарлар жиілеп кетті. Reuters бұған дейін Қырым бағытына жанармай тасымалдаған так называемый «көлеңкелі флоттың» танкерлеріне де соққылар жасалғанын жазған болатын.

Әзірге Каспий құбыр консорциумы терминалы жұмысының тоқтатылғаны немесе қазақстандық мұнай экспорттау кестесінің өзгергені туралы ресми ақпарат жоқ.

Дегенмен Қара теңіздегі қайталанып жатқан шабуылдар Қазақстан мұнайының экспорттық қауіптері енді тек құбыр инфрақұрылымында ғана емес, теңіз арқылы тасымалдау кезеңінде де артып келе жатқанын көрсетеді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: КТК