Әлеумет

Reuters: Дрон шабуылынан кейін Сызрань мен Саратовтағы мұнай өңдеу зауыттары тоқтады

«Роснефть» компаниясына тиесілі Сызрань және Саратов мұнай өңдеу зауыттары Украина дрондарының шабуылынан кейін жұмысын тоқтатты.

Фото: anpz.kz

Бұл туралы Reuters мұнай өңдеу саласындағы үш дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады.

Агенттік мәліметінше, Сызрань мұнай өңдеу зауыты 15 қыркүйекте, ал Саратовтағы зауыт 11 қыркүйекте мұнай өңдеуді тоқтатқан.

Reuters АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасында «энергетикалық бітім» туралы мәлімдегеніне қарамастан, осы аптада екі тарап та бір-бірінің энергетикалық инфрақұрылымына соққы жасауды жалғастырғанын жазады.

Агенттік бағалауынша, екі зауыттың тоқтауы Ресейдің ішкі нарығындағы жанармай тапшылығын күшейтуі мүмкін. Ресей бұған дейін бензин, дизель және авиациялық отын экспортына шектеу енгізген. «Роснефть» ақпаратқа әзірге түсініктеме берген жоқ.

Сызрань зауытының негізгі қондырғысы зақымданған

Сызрань мұнай өңдеу зауыты жылына 8,5 млн тонна немесе тәулігіне шамамен 150 мың баррель мұнай өңдей алады. Reuters дереккөздерінің айтуынша, соңғы шабуыл кезінде бірнеше нысан, соның ішінде CDU-6 негізгі мұнай өңдеу қондырғысы зақымданған.

CDU-6 тәулігіне 17,1 мың тонна мұнай өңдейді және зауыт қуатының шамамен 71 пайызын қамтамасыз етеді. Дереккөздер оны жөндеуге кемінде бір ай қажет болуы мүмкін деп есептейді.

Зауыттағы екінші CDU-5 қондырғысы тәулігіне 7,1 мың тонна мұнай өңдейді. Ол кәсіпорын қуатының 29 пайызына тең. Reuters мәліметінше, бұл қондырғы шілдедегі дрон шабуылынан кейін 15 қыркүйекке дейін толық жөнделіп үлгермеген.

Саратовтағы зауыт та бірнеше рет тоқтаған

Саратов мұнай өңдеу зауытының жылдық қуаты – 7 млн тонна немесе тәулігіне шамамен 140 мың баррель.

Агенттік дерегінше, кәсіпорын 8 қыркүйектегі дрон шабуылынан кейін жабдықтардың зақымдануы мен өрт салдарынан жұмысын тоқтатқан. Зауыт 10-11 қыркүйекте қайта іске қосылуға дайындалып жатқанымен, 11 қыркүйекте тағы тоқтаған.

Саратов мұнай өңдеу зауыты бұған дейін 2 тамыздағы дрон шабуылынан соң да бірнеше апта бойы жұмыс істемеген.

Сайт Әкімшілігі