Әлеумет

Reuters: Қазақстан Ресейдегі жанармай тапшылығы аясында бензин жеткізе бастады

Қазақстан шілде айында Ресейге автобензиннің алғашқы партиясын жөнелтті.

Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы Reuters агенттігі саладағы екі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Агенттіктің мәліметінше, жеткізілімді Батыс Қазақстан облысындағы «Конденсат» мұнай өңдеу зауыты жүзеге асырған. Шілде айының ортасында зауытта өндірілген шамамен 1000 тонна автобензин Ресейдің Еділ бойы өңіріне жөнелтілген.

Reuters мәліметінше, Ресейде бірнеше ірі мұнай өңдеу зауытының жоспардан тыс жөндеуге тоқтауы және дрон шабуылдарының жиілеуі салдарынан жанармай тапшылығы күшейген. Соның нәтижесінде ішкі нарықтағы бензин өндірісі азайған.

Осы жағдайға байланысты Мәскеу Қазақстан мен Беларусьтен көмек сұрап, сонымен қатар Үндістаннан теңіз арқылы бензин импорттай бастаған.

Бұған дейін Қазақстанның Энергетика министрлігі Ресейден бензин жеткізуге қатысты ресми сұраныс түспегенін, алайда ондай өтініш түссе, мәселені қарастыруға дайын екенін мәлімдеген болатын.

Reuters-пен сөйлескен трейдерлердің бірі «Конденсат» зауыты шілде айында экспортқа жоспарланған барлық бензин көлемін Ресейге жөнелтуді көздеп отырғанын айтқан.

Дереккөздердің мәліметінше, Қазақстан мен Ресей арасындағы келіссөздер барысында шілде-тамыз айларында «Конденсат» және Павлодар мұнай-химия зауытының бензин жеткізуі талқыланған. Сондай-ақ Павлодар МӨЗ де шілде айында Ресейге бензин жөнелте бастайды деп болжанған.

Сонымен бірге трейдерлердің айтуынша, шілде айында Ресейден Қазақстанға «Татнефть» зауытында өндірілген шамамен 9000 тонна авиациялық керосин жеткізілген. Олардың мәліметінше, бұл Қазақстан бензинін Ресейге экспорттау жөніндегі келісімнің бір шарты болған.

Reuters атап өткендей, халықаралық әуе транзитінің артуына байланысты Қазақстан авиациялық керосин импорттауға мұқтаж.

Батыс Қазақстан облысында орналасқан «Конденсат» зауытының жылдық мұнай өңдеу қуаты 850 мың тонна. Кәсіпорын жылына 200 мың тоннаға дейін К-5 экологиялық стандартына сай бензин мен дизель отынын өндіре алады.

Қазақстанның Отын-энергетика кешенінің ситуациялық-талдау орталығының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы жартысында зауыт 128,9 мың тонна автобензин өндірген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 105,9 мың тоннамен салыстырғанда едәуір жоғары.

Шілде айына дейін «Конденсат» соңғы бір жыл ішінде Энергетика министрлігінен бензинді еркін сатуға және экспорттауға тұрақты түрде квота алып отырған Қазақстандағы жалғыз зауыт болды. Ол жанармайды Орталық Азия елдеріне, Грузияға және Ауғанстанға экспорттап келген.

Шілде айындағы экспорттық квотаға сәйкес, зауыт АИ-92 бензинінің – 24 156 тоннасын, ал АИ-95 маркасының – 4 000 тоннасын экспорттай алады.

Сайт Әкімшілігі