Әлеумет

Reuters: КҚК арқылы мұнай тасымалы тоқтағаннан кейін Қазақстан мұнай өндіру көлемін азайтты

Қазақстан Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы мұнай айдау тоқтағаннан кейін мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемін қысқартты.

Фото: cpc.ru

 Бұл туралы Reuters агенттігі саладағы екі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Агенттіктің мәліметінше, қазақстандық мұнай экспортының негізгі бағыты саналатын КҚК 21 шілдеде танкерлерге жасалған дрон шабуылдарынан кейін шикізат қабылдауды тоқтатқан.

Жедел статистикамен таныс дереккөздің айтуынша, 22 шілдеде Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі тәулігіне 215,6 мың тоннаға, яғни шамамен 1,63 млн баррельге дейін төмендеген.

Салыстыру үшін айтсақ, ай басынан бергі орташа тәуліктік өндіріс көлемі 274 мың тонна немесе 2,07 млн баррель болған.

Reuters дерегінше, еліміздегі ең ірі Теңіз кен орнында да өндіріс айтарлықтай қысқарған. 22 шілдеде тәуліктік өндіріс 406 мың баррельді құраса, бұған дейін бұл көрсеткіш 925 мың баррель болған.

КҚК арқылы Қазақстан экспорттайтын мұнайдың 80 пайыздан астамы тасымалданады. Бұл бағытпен негізінен Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан өндірілген мұнай жөнелтіліп, кейін Новороссийск маңындағы Оңтүстік Озереевка терминалында танкерлерге тиеледі.

Бұған дейін КҚК арқылы қазақстандық мұнай тасымалының тоқтауының ықтимал салдары туралы PACE Analytics сараптамалық компаниясының директоры Асқар Исмаилов пікір білдірген болатын.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: КТК