Саясат

"Революция жасамақ болды": Садыр Жапаров қамаудағы кәсіпкер туралы мәлімдеме жасады

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров түрмеде отырған кәсіпкер Имамидин Ташовтың билікті күшпен басып алуды жоспарлағанын мәлімдеді.

Фото vesti.kg

 Бұл туралы мемлекет басшысы кәсіпкердің анасының сұрағына жауап беру кезінде айтты. Бұл туралы Азаттықтың қырғыз қызметі жазды.

12 қазанда Садыр Жапаров Баткен облысының Қадамжай ауданы мен Қызылқия қаласының тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында KG Group құрылыс компаниясының негізін қалаушы Имамидин Ташовтың анасы Саибжамал Абдукаимова президенттен ұлының ісін әділ қарауды сұрады.

Әйелдің айтуынша, ұлына жала жабылған және ол үшінші жыл жазықсыз қамауда отыр. Сондай-ақ кәсіпкердің анасы компанияны басқа адам басқарған кезде 560 миллион сомның шығарылғанын айтып, аяқталмаған құрылыс нысандарына қатысты мәселелерді көтерді.

Алайда Садыр Жапаров кәсіпкердің анасының мәлімдемесімен келіспеді.

"Оны ешкім қаралаған жоқ. Ол революция жасамақ болды. Қылмыс әлемінің өкілдеріне құны 450 мың доллар болатын пәтерлерін таратқан. Ол кезде Қамшы Көлбаев тірі болатын. Оған және оның адамдарына да пәтер берген. Ақша таратып, революция жасаймыз дегенін білемін", – деді Жапаров.

Президенттің сөзінше, Ташов құрылысқа жұмсалуы тиіс қаражатты сайлауға пайдаланған. Соның салдарынан кейбір тұрғындар баспаналарын ала алмаған.

Жапаров кәсіпкерге қатысты тергеу материалдарымен жеке танысқанын және тағылған айыптардың дәлелденгеніне сенімді екенін айтты.

Сонымен бірге Қырғызстан президенті соттың жұмысына араласа алмайтынын мәлімдеді. Ол сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін рақымшылық жасау туралы өтінішті қарастыруға дайын екенін жеткізді.

Имамидин Ташов не үшін сотталды?

Имамидин Ташов – Қырғызстандағы KG Group құрылыс компаниясының негізін қалаушы.

2024 жылдың сәуірінде Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті кәсіпкердің ұсталғанын хабарлаған. Арнайы қызметтің мәліметінше, ол қырғыз-қазақ шекарасын заңсыз кесіп өтіп, Шу облысының Панфилов ауданындағы Қайыңды ауылында қолға түскен.

Ташовқа билікті күшпен басып алуға әрекеттену және соған ашық шақыру айыптары тағылған.

2025 жылғы 25 шілдеде Бішкектің Бірінші май аудандық соты кәсіпкерді мүлкін тәркілей отырып, тоғыз жылға бас бостандығынан айырды.

2026 жылғы 17 шілдеде Бішкек қалалық соты үкімді қайта қарап, Ташовты мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту бабы бойынша ақтады. Нәтижесінде жазасы бір жылға қысқарып, сегіз жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылданды.

Имамидин Ташов өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Ол бұған дейін қамауда азаптауға ұшырағанын және ұстау жағдайының нашар екенін мәлімдеген. Кәсіпкер бірнеше рет аштық жариялаған.

Қазір ол жазасын өтеп жатыр.

Сайт Әкімшілігі