Әлеумет

Реза Пехлевиге Берлинде шабуыл жасалды

Иранның соңғы шахының ұлы әрі оппозиция өкілі Реза Пехлеви Берлинде өткен баспасөз мәслихатынан кейін шабуылға ұшырады. Саясаткердің баспасөз қызметі оның зардап шекпегенін хабарлады.

Фото: picture alliance

23 сәуір, бейсенбі күні Берлиннің үкімет кварталында белгісіз адам Пехлевиге қызыл түсті сұйықтық шашқан.

Саясаткер Федералдық баспасөз конференциясы ғимаратынан шыққан сәтте, артынан жақындаған ер адам оның иығына сұйықтық құйған. Осыдан кейін күдікті жерге жатқызылып, полиция тарапынан ұсталған. Оның әрекетінің себептері әзірге белгісіз.

Оқиғадан кейін Пехлевидің баспасөз қызметі X әлеуметтік желісінде саясаткердің зардап шекпегенін және Берлиндегі бағдарламасын өзгеріссіз жалғастырғанын мәлімдеді.

Хабарламада оның Бундестагтың сыртқы істер комитетінің төрағасымен кездескені, парламенттегі партияаралық дөңгелек үстелге қатысқаны, мыңдаған ирандық жиналған митингте сөз сөйлегені, жас депутаттар тобымен жүздескені, бірқатар БАҚ-қа сұхбат бергені және Иран диаспорасы өкілдерімен кездескені айтылған.

Шахтың ұлы назардың «күн сайын өлім жазасы, кісі өлтіру, азаптау мен зорлық-зомбылыққа ұшырап отырған Иран халқының ауыр жағдайына» аударылуын қалайтынын жеткізді. Оның өкілдері Пехлевидің Берлин полициясына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіргенін де атап өтті.

Германия астанасындағы баспасөз мәслихатында Реза Пехлеви Еуропа елдерін Иран режиміне ымыраға келмеуге шақырды.

«Егер сіз бұл режиммен бейбіт келісімге келеміз деп ойласаңыз, қатты қателесесіз. Бұл жүйе қысқартылған түрде сақталып қалса да, тұрақтылық ешқашан болмайды», – деді ол.

Оның айтуынша, Еуропа «баршаға қауіп төндіріп отырған құлдырап бара жатқан режим» мен «еркін Иран» арасында таңдау жасау алдында тұр. Ал Тегерандағы билік «қазіргідей әлсіз жағдайда бұрын-соңды болмаған».

«Еркін әлем әрекет ете ме, әлде бұл қанды қырғынды үнсіз бақылап отыра бере ме?» – деді ол соңғы екі аптада Иранда 19 саяси тұтқынның өлім жазасына кесілгенін атап өтіп.

 

«Мәселе өзгеріс бола ма, жоқ па дегенде емес. Өзгеріс қазірдің өзінде жақындап келеді. Негізгі сұрақ – Батыс қоғамдастығы бақылап отырған кезде тағы қанша ирандық қаза табады?» – деп келтірді оның сөзін Reuters агенттігі.

Сайт Әкімшілігі