Резонансты сот процестері. Ақыры немен аяқталады?
Қазір қоғам назарын өзіне аударған бірнеше резонансты сот процесі жүріп жатыр. Атырауда бүтін бір отбасының өмірін жалмаған қанды қылмысқа айыпталған күйеубаланың ісі, Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апаты, сондай-ақ шенеуніктер, журналистер мен қоғам белсенділеріне қатысты даулы процестер ел ішінде қызу талқылануда.
Резонанс тудырған аталмыш процестердің астарында жекелеген адамдардың тағдыры ғана емес, тұтас қоғамды толғандырған аса маңызды жайттар жатыр. Бірі қоғамдық қауіпсіздік пен жауапкершілік мәселесін алға тартса, енді бірі сөз бостандығының шегі мен азаматтық ұстанымның құнын таразылауға меңзейді. Ең бастысы, қоғам әр істің ақиқаты ашылып, әділ шешім шығатын күнді күтуде.
Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Пак ісі
3 адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апаты осы уақытқа дейін айтылып келген, бірақ түбегейлі шешімін таппаған бірқатар мәселенің бетін ашты. Дәл осы оқиғадан кейін қымбат көлік тізгіндеген қалталы азаматтардың қаланың басты көшелерінде жарыс ұйымдастыруы, мас күйде көлік айдау, жылдамдықты шамадан тыс асыру, жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдалану фактілері, сондай-ақ мұндай заң бұзушылықтарға көз жұма қараған құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі қызу талқыға түсті.
Процесс кезінде оқиға болған түні Пактың жанында жүрген достары мен таныстары оның ішімдік ішкенін көрмеген болып шықты. Ал Пактың өзі болса, тек сырадан 1-2 ұрттағанын айтты. Ал жылдамдықты асыруына көлігінің бұзылып қалып, басқара алмауы себеп екен.
Сотта куәгер деп танылған полицейдің сол түні қызметтік Hyundai Palisade автокөлігімен жүргені анықталды. Сонымен қатар оның полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаевтың жүргізушісі болып жұмыс істегені айтылды. Полицейдің тергеу кезінде берген жауабына сәйкес, ол Ұзабаевты үйіне апарып тастағаннан кейін Александр Пактың шақыруымен қызметтік көлікпен мейрамханаға қарай тартқан. Ары қарайғы оқиғаның мән-жайы дүйім жұртқа белгілі. Аталмыш куәгер сол күні әл-Фараби даңғылының бойында ешқандай жарыс болмағанын айтып бақты. Десе де, заңгер Мейірман Шекеев басқа пікірде.
Ол куәгерлердің жауаптарында бірқатар қайшылық бар екенін мәлімдеді. Айтуынша, қайғылы оқиға болған күні айыпталушымен бірге болған полиция қызметкерінің жауабында күмән тудыратын тұстар кездеседі. Адвокат сот барысында айтылған деректерге сүйене отырып, апат болған күні жарыс болуы мүмкін деген болжам айтты.
«Ол өз сөзінде: «Мен оны басып озып кеттім», дейді. Жол кең, көлік жоқ болса, не мақсатпен басып озды? Біз мұны көлік жарысы болды деп есептейміз», – деп түсіндірді адвокат.
Аталмыш резонансты іске қатысты үкім де шықты. Александр Пак Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім шығып, кінәлі адам жазасын алса да көпшіліктің көкейінде: «Александр Пак мерзімінен бұрын босап шыға ма?», деген сұрақ қалды.
Жәбірленушілердің адвокаты Мейірман Шекеевтің айтуынша, сотталған азамат заң талаптарына сәйкес жаза мерзімінің үштен бір бөлігін өтегеннен кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуға өтініш беруге құқылы. Сот сотталушының түзеу мекемесіндегі тәртібін, жасаған әрекетіне көзқарасын және өзге де мән-жайларды жан-жақты саралап барып шешім шығарады.
Бұл мәселеде жәбірленуші тараптың ұстанымы да маңызды рөл атқарады. Іс бойынша қаза болған Құмар мен Еламанның туыстары сотталушыны кешіргенін мәлімдесе, Томиристің ата-анасының көзқарасы екіге бөлінді. Анасы кешірім бергенімен, әкесі өз ұстанымын өзгерткен жоқ.
«Уақыт өте келе адамның көзқарасы өзгеріп, кешірім беруі де мүмкін. Егер жәбірленуші мерзімінен бұрын босатуға қарсы болса, бұл соттың шешіміне белгілі бір дәрежеде әсер етеді. Дегенмен түпкілікті шешімді бәрібір сот қабылдайды», – дейді заңгер.
Блогер Әділетханға қатысты іс
Қоғам назарындағы істердің бірі – заңгер, әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты сот процесі. Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты бейнежазбасы үшін «Көрінеу жалған ақпарат таратты» деп айыпталған блогерге қатысты іс Алматының Алмалы аудандық сотында қаралып жатыр. Сот барысында жәбірленуші ретінде полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шұмаев танылған.
Жәбірленуші тарап өкілдері Әділетхан Молдаханның әлеуметтік желілердегі жарияланымдары олардың беделіне, қызметіне және денсаулығына зиян келтіргенін мәлімдесе, сотталушы өз сөзінде «тек шындықты айтқанын ғана мойындайтынын» атап өтті. Сонымен қатар жәбірленушілердің әрқайсысы моральдық шығын ретінде блогерден бас-аяғы 11 миллион теңгеден талап етіп отыр.
«Сотталушы Әділетхан Молдахан екі жақтың кешірімін алса, іс қысқарады, соттылық жойылады. Бұл – ауырлығы орта санаттағы қылмыс. Егер кешірім берілмесе, жазаны жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша ең ауыр жазаның жартысын арқалауы мүмкін. Яғни үш жыл көзделген болса, 1,5 жыл негізінде бас бостандығынан айыру немесе шектеу, айыппұл төлеу сынды жазаға кесіледі», – деді адвокат Өмірзақ Нуртуған.
Сот отырысынан кейін тараптар арасында татуласу мәселесі де талқыланды. Әділетхан Молдаханның туыстары мен қорғаушылары кешірім сұрауға дайын екендерін білдірсе, жәбірленушілердің өкілдері татуласуға бірқатар талап қойған. Шұмаевтың қорғаушысы Жандос Палмановтың айтуынша, жалған ақпарат полиция қызметкерінің беделіне нұқсан келтіргендіктен, кешірім ресми түрде жариялануы тиіс. Ал Ұзабаевтың адвокаты Асылбек Әбдіраимов татуласудың басты шарты ретінде азаматтық талаптың орындалуы мен моральдық шығынның өтелуін атады. Сондықтан қоғамда қызу талқыланып жатқан бұл іс бойынша түпкілікті шешіммен қатар, тараптар мәмілеге келе ме деген сауал да әзірге белгісіз.
Қайын жұртын қырып салған Сәрсемәлиевтің ісі
Қоғамды дүр сілкіндірген істердің бірі – Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Жангелдин ауылында болған қанды қылмыс. Өткен жылдың күзінде бір отбасының төрт мүшесінің аяқ астынан жоғалып кетуі жұртшылықтың алаңдаушылығын туғызған еді. Кейін олардың мәйіттері өз үйлерінің маңынан табылып, басты күдікті ретінде отбасының күйеубаласы Сұлтан Сәрсемәлиевке халықаралық іздеу жарияланды. Көп ұзамай ол Индонезия аумағында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазір Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында осы іске қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Айыптау тарапының нұсқасына сәйкес, қайғылы оқиғаға бірнеше жылдан бері жалғасқан отбасылық жанжалдар себеп болған. Тергеу дерегінше, Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайының ағасы Наурыз Мұқанғалиевті, ата-анасы Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны, сондай-ақ әпкесі Мейрамгүл Қарабалинаны өлтірді деп айыпталып отыр.
Сот барысында айыпталушы қылмыстың бір бөлігін мойындағанымен, қайын ағасының өліміне қатысты өзін қорғау мақсатында әрекет еткенін айтып, тағылған айыппен толық келіспейтінін мәлімдеді. Ал қалған эпизодтар бойынша кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінбейтінін жеткізді. Оның соттағы «Мен жазықсыз адамдарды өлтірмедім» деген мәлімдемесі қоғамда қызу талқылауға себеп болды.
Сәрсемәлиевтің ісі бойынша үкім әлі шыққан жоқ. Күдікті Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша екі немесе одан да көп адамды өлтірді деген негізгі айып тағылған. Сонымен қатар ол ұрлық (188-бап), алаяқтық (190-бап) және құжаттарды заңсыз иемдену (384-бап) бойынша да айыпталуда. Психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша айыпталушының есі дұрыс деп танылған. Осы жағдайларды ескере отырып, сотта кінәсі толық дәлелденсе, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
ҚазТАГ ісі
Жұрт назарын аударған тағы бір іс – ҚазТАГ агенттігі мен оның басшылығына қатысты сот процесі. Былтыр желтоқсан айының басында агенттік басшысы Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасенов «көрінеу жалған ақпарат таратты» деген күдікке ілінген болатын.
10 маусымда Әмір Қасенов медиациялық келісім жасауға дайын екенін білдірген. Адвокат Сәлімжан Мусин 11 маусымда журналистерге берген түсініктемесінде оның келіссөзге дайын екенін, алайда кінәсін мойындамайтынын атап өтті. Қорғау тарапының айтуынша, бұл ұстаным істің мән-жайын заң аясында жан-жақты қарастыру қажеттігін көрсетеді.
Кейінгі сот шешімдері аясында Әмір Қасеновтің бұлтартпау шарасы өзгертіліп, үйқамақтан қамауға алу түріне ауыстырылды. Әмір Қасенов қамауға наразылық ретінде аштық жариялап, өзіне тағылған айыптарды негізсіз деп есептейтінін жеткізген. Сондай-ақ ол тергеу изоляторындағы жағдайға наразылық танытып, журналистердің кәсіби қызметі үшін қудаланбауы қажет екенін атап өткен.
Іске қатысты негізгі даулы мәселе – Freedom Finance компаниясының арызы. Компания өкілдері ҚазТАГ жариялаған бірқатар материалдарда шындыққа жанаспайтын деректер бар екенін алға тартса, ҚазТАГ өз кезегінде бұл айыптауларды баспасөз еркіндігіне жасалған қысым ретінде бағалап отыр.
Адвокат Рена Керимованың айтуынша, ҚазТАГ материалдарында қасақана жалған ақпарат тарату фактісі жоқ. Оның түсіндіруінше, дау туғызған видеоматериалда адвокат тек өзге қылмыстық іске қатысты құқықтық жағдайларды баяндаған, ал бұл фактілердің өзі қылмыстық құқықбұзушылық ретінде қарастырылмауы тиіс.
Freedom Finance компаниясының адвокаты Назерке Ризабекованың сөзінше, қаржы ұйымы ҚазТАГ таратқан бірқатар мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін айтып, оларды тоқтатуды заң аясында талап еткен. Алайда сотқа дейінгі тәртіпте талаптарға жауап болмаған соң, мәселе азаматтық сот тәртібімен қаралған. Адвокаттың пікірінше, сот шешімінен кейін де кейбір материалдардың жариялануы жалғасқан, бұл жағдай тараптар арасындағы даудың ушығуына себеп болған.
Қазір сот процесі жалғасып жатыр. ҚазТАГ-қа қатысты сотқа қатысушыларға іс бойынша шешім шыққанға дейін көпшілік алдында пікір білдіруге және БАҚ-қа түсініктеме беруге тыйым салынды.
Маржан Сәбет