Рухани даму мен білімнің ордасы
Бүгінгі таңда ұлттық құндылықтар мен рухани тәрбие мәселесі кез келген елдің дамуы мен болашағы үшін аса маңызды. Ұрпаққа сапалы білім берумен қатар, оларды адамгершілікке, отансүйгіштікке және еңбекқорлыққа тәрбиелеу – кез келген қоғамның басты мұраты. Тек ұлттық тәрбие арқылы өз елінің тарихы мен мәдениетін қастерлейтін, жауапкершілігі жоғары саналы ұрпақ өсіруге болады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде айтқан адалдық, еңбексүйгіштік пен әділеттілік қағидаларын берік ұстанған Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті (METU) ұлт дамуының мызғымас тірегіне айналуда. Университет тек заманауи білім берумен шектелмей, болашақ мамандардың рухани бай, ұлттық құндылықтарға адал, әділет жолын ұстанатын азамат болып қалыптасуына ерекше мән береді. METU қабырғасында әрбір студент адал еңбек пен әділдікті өмірлік ұстанымға айналдырып, ел дамуына сүбелі үлес қосуға тәрбиеленеді. Бұл білім ордасы – сапалы білім мен жоғары адамгершілік қасиеттердің біртұтас үйлескен орталығы. Бүгінде МETU қабырғасында техникалық, технологиялық, аграрлық және экономикалық бағыттар бойынша 4 000-нан астам студент білім алуда. Олар тек кәсіби даярлықпен шектелмей, ұлттық мәдениетті бойларына сіңіруде.
Университетте білім мен ғылым бір арнаға тоғысып, студенттерге ғылыми зерттеулерге қатысу мүмкіндігі кеңінен ұсынылады. Халықаралық тағылымдамалар арқылы шетелдік тәжірибе жинақтап, заманауи бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуға барлық жағдай жасалған. МETU түлектері еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие. Университет қабырғасында "заттар интернеті" саласындағы инженер-әзірлеушілер, спутниктік байланыс инженерлері, оптикалық-электрондық аспаптар инженерлері сынды болашақ мамандықтарға сай кадрлар даярлануда. Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің рухани өмірінде ғылыми кітапхана айрықша орын алады. Президент атап өткендей: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу». Осы биік ұстанымды басшылыққа алған оқу орны мен оның ғылыми кітапханасы арасында тығыз әрі мазмұнды байланыс орнап, студенттердің жан-жақты дамуына, оқу үдерісінің сапалы ұйымдастырылуына және ғылыми ізденістердің жаңа биіктерге көтерілуіне берік негіз қаланып отыр. Университеттің барлық бастамалары мен рухани-мәдени іс-шаралары кітапхана жұмысымен өзара тығыз үндесіп, білім алушылардың терең білімді, жоғары рухты, ұлттық құндылықтарға адал тұлға болып қалыптасуына қызмет етеді. Осы бағытта университеттің ғылыми кітапханасы мен әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері кафедрасы оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу және тәрбие жұмыстарын бірлесе үйлестіріп, жастардың рухани дамуы мен ұлттық санасының қалыптасуына ерекше мән беруде. Тұрақты түрде өткізіліп отырған мәдени және тәрбиелік шаралар студенттердің дүниетанымын кеңейтіп, олардың еліміздің тарихи тамырынан бастау алатын асыл мұралар мен заманауи білімді ұштастыруына мүмкіндік береді.
Бұл мақсат жолындағы ізгі бастамалар — ұлт болашағының жарқын кепілі. Атап айтар болсақ кітап оқу мәдениетін дамыту мақсатында "Мен оқитын кітап" айдарымен түрлі әдеби шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Ә.Нұршайықовтың "Махаббат қызық мол жылдар", Ә.Нұрпейісовтің "Қан мен тер", Ш.Мұртазаның "Қызыл жебе", Б.Момышұлының "Ұшқан ұя", Ғ.Мүсіреповтің "Ұлпан" шығармалары бойынша әдеби кештер мен дөңгелек үстелдер өткізілді. Студенттердің бастамасымен ашылған "Кітап алмасу бұрышы" жастардың оқуға деген ынтасын арттыруда маңызды рөл атқарады. Бұл бастамаға университет ректоры Сарсенбекова Гүлнәр Әлібекқызы қолдау білдіріп, Ш.Мұртазаның "Ай мен Айша", С.Керімбайдың "Қаныш және Ғылыми майдан", "Өзбекәлі және Мәдени майдан" кітаптарының бірнеше данасын сыйға тартты. Сонымен қатар "Еңбек адамы" жобасы аясында "Жаныңда жүр жақсы адам" айдары бойынша ардагер ұстаздар мен танымал тұлғалар жайында тағылымды кездесулер өтіп, олардың өмір жолы мен еңбек жетістіктері студенттерге үлгі ретінде ұсынылуда. Кітапхананың мәжіліс залында әр апта сайын рухани-танымдық фильмдер көрсетіліп, студенттердің дүниетанымын кеңейтуге үлес қосылуда. Университеттің рухани өмірінде өнегелі тұлғалармен жүздесу де айрықша орын алады. Білім алушылардың рухани дүниесін байыту мақсатында ақын, жазушы, журналист, өнер қайраткерлерімен тағылымды кездесулер дәстүрге айналған. Университет қонақтарының қатарында ақын, драматург, аудармашы Исрайыл Сапарбай, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қали Қошқарұлы Сәрсенбай, журналист, ақын Жақып Бауыржан Өміржанұлы, қазақ журналисті, қоғам қайраткері Нұртөре Байтілесұлы Жүсіп, айтыскер ақын Серік Әкірәмұлы Қалиев, жазушы Нұрлыбек Саматұлы, "Шалқар" радиосының жүргізушісі Гүлмира Нәлібай, "Дарын" мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актер Рахман Омар, журналист, айтыскер ақын Талант Арғынғали, әнші Сәкен Қалымов және "Жастар Рухы" ұйымының төрағасы Ділдәбек Дидар Жұмағалиұлы сынды тұлғалар бар. Бұл кездесулер студенттердің рухани өсуіне, өмірлік бағдар табуына үлкен ықпал етті.
2025 жыл МИТУ-да «Студенттік өзін-өзі басқару жылы» болып жарияланды. Осыған орай ұйымдастырылған «Жаһандық студенттік көшбасшылық: даму, әсер ету, әрекет» атты халықаралық студенттік форум студенттердің көшбасшылық қабілеттерін шыңдауға, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға және халықаралық тәжірибе алмасуға жол ашты. Сонымен бірге түрлі атаулы күндер мен ақын-жазушылардың мерейтойларына арналған іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Университет қабырғасында өткен рухани шаралардың ішінде Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған мың адамды қамтыған жыр эстафетасы ерекше орын алды. Бұл тағылымды іс-шара ақиық ақынның өміршең мұрасын тағы бір мәрте жаңғыртып, студенттер мен оқытушыларға зор рухани серпін сыйлады. Эстафета барысында қатысушылар ақынның шығармаларын тебірене оқып, оның өшпес өлеңдеріне деген ықыласын білдірді. Сондай-ақ, студенттер Мұқағали мұражайына барып, Алматы қаласындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті.Осындай рухани тәрбиенің жарқын үлгісі ретінде Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған “Абай оқулары” апталығын атап өтуге болады. Университет ұжымы бұл бастамаға ерекше белсенділікпен атсалысып, хакім Абайдың өнегелі сөздері мен терең ойларын жастардың санасына сіңіруге күш салды. Апталық барысында өткен дәрістер, әдеби кештер мен шығармашылық кездесулер ұлы ойшылдың мұрасын жаңа ұрпақпен қайта қауыштырды.
Аталған шаралардың сәтті өтуіне Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің ғылыми кітапханасы мен әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері кафедрасының ықпалы зор болды. Ғылыми кітапхана студенттердің әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған іс-шараларды үйлестіре отырып, шығармашылық ізденістерге жол ашты. Ал кафедра ұжымы оқу-әдістемелік және тәрбие жұмыстарын бірлесе жүргізіп, ұлттық рухты ұлықтау мен жастардың адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру жолында үлкен үлес қосты. Осылайша, университет пен кітапхана бірлесе отырып, ұлт зиялыларының мұрасын жаңғыртуға, студенттердің рухани дүниесін байытуға және елжанды, саналы ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған мақсатты жұмыстарды табысты жүзеге асыруда. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табатынына сенім мол.
METU – сапалы білім мен ұлттық құндылықтарды ұштастыра отырып, жас ұрпақты жан-жақты дамытуға, рухани бай әрі кәсіби білікті мамандар тәрбиелеуге елеулі үлес қосып отырған ерекше білім ордасы. Университет жастардың білімін тереңдетуге, рухани құндылықтарды бойына сіңіруге, көшбасшылық қабілеттерін шыңдауға ықпал ететін бірегей білім мекемесіне айналды. METU болашаққа нық қадам басқан, рухани және ғылыми әлеуеті жоғары жастарды тәрбиелейтін білім ордасы болып табылады.
METU кітапханасының директоры
Зағи Сәдуақасқызы Махамбетова