Әлеумет

Руслан Жанпейісов тағы да қамауға алынды

Шымкенттік автоблогер әрі заңгер Руслан Жанпейісов полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбағаны үшін кінәлі деп танылып, төрт тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Фото: ҚазТаг

Мұндай шешімді қалалық әкімшілік сот шығарды. Жаза мерзімі 22 сәуірден бастап есептеледі. Бұл туралы 24 сәуір кешінде OTYRAR порталы хабарлады.

22 сәуір күні Бейбарыс Райымбеков (Руслан Жанпейісов деген атпен танымал) жұмыс орнында полиция қызметкерлері тарапынан ұсталған.

Оны уақытша ұстау изоляторына жеткізгеннен кейін әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылған. Алғашында оған Қызылорда облысының полицейлері жүргізген рейд кезінде олардың заңды талабына бағынбады, қызметіне кедергі келтірді және құрметсіздік танытты деген айып тағылған еді.

Алайда бұған дейін сот оның әрекетінен құқықбұзушылық құрамын таппай, істі тоқтатқан болатын.

Кейін басқа бір іс аясында Жанпейісовтің Қарағанды облысының полиция қызметкерлері жүргізген рейд кезінде олардың жанына барып, әрекеттерін видеоға түсірген эпизодтары қаралған. Бұл жазбалар іс материалдарына дәлел ретінде тіркелді.

Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, блогер «жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізілген рейдтік іс-шараларға әдейі араласқан».

Ведомствоның хабарлауынша, ол қызметтік міндетін атқарып жүрген патрульдік полиция қызметкерлеріне бірнеше рет жақындап, олардың заңды талаптарын елемеген, жұмысқа кедергі келтіріп, жанжал туындатуға әрекеттенген.

«Оның әрекеттері әдейі көрсетілім сипатта болған және билік өкілдеріне ашық құрметсіздік танытумен қатар жүрген. Бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, ол заңсыз әрекеттерін тоқтатпаған», – делінген полиция мәлімдемесінде.

Полиция департаменті құқық қорғау органдарының заңды қызметіне кедергі келтіру әрекеттерінің барлығы қатаң түрде тоқтатылып, заң аясында бағаланатынын атап өтті.

Сайт Әкімшілігі