Саясат

Саакашвили Ресей Украинадан Путин режимі құлағаннан кейін кетеді деп санайды

Deutsche Welle басылымына сұхбат берген Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили Ресей президенті Владимир Путин биліктен кеткен жағдайда Ресей Украина аумағынан толықтай шығатынын айтты.

Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили

Оның пікірінше, Кремльдің қазіргі жүйесі соғыстың салдарынан әлсіреп келеді.

Тбилисиде қамауда отырған Саакашвили өзін Ресейдің Украинаға қарсы соғысындағы «әскери тұтқын» деп атады. Оның айтуынша, Путиннің беделі Украинадағы соғыстың нәтижесіне тікелей байланысты.

«Ресей Украинадан Путин режимі құлағаннан кейін ғана кетеді. Осыдан кейін Ресейдің өзі ыдырау қаупіне тап болуы мүмкін», – деді Саакашвили.

Ол Украина армиясының Ресей аумағындағы нысандарға жасаған соққылары Кремльдің әлсіздігін көрсетіп отырғанын айтты.

Сонымен қатар Саакашвили Ресей Украинадағы соғыста жеңіліске ұшыраған жағдайда Мәскеудің ықпалы Кавказда да әлсірейді деп есептейді. Оның пікірінше, Ресейдің Румыния, Молдова, Әзербайжан және Армениядағы ықпалының төмендеуі де Украина қарсылығының нәтижесі.

Алайда экс-президент Грузияға төнетін қауіптің сақталып отырғанын айтып, Ресей болашақта елді толық бақылауға алуға әрекет етуі мүмкін деген болжам жасады.

Саакашвилидің сөзінше, қазіргі Грузия билігі Ресейге экономикалық тұрғыдан тәуелді болып қалған.

Сайт Әкімшілігі