Сараптама

Сабақ өтпей ақша алған. Оралдық ұстаздар бюджет қаражатын қайтарды ма?

Сабақ өтпей ақша алған. Оралдық ұстаздар бюджет қаражатын қайтарды ма?

Фото ашық дереккөз

Батыс Қазақстан облысының белсенді ұстазы Тілекқабыл Нұрышов Орал қаласындағы мектептерде мұғалімдердің жалақысы артық есептеліп жатқанын айтып, редакциямызға хабарласты. Оның сөзінше, мектептің ішкі тәртібінде қызметкерлердің алты күн жұмыс істейтіні көрсетіліп, еңбекақысы да соған сай төленіп келіпті. Алайда педагогтің айтуынша, сенбі күні мектепте ешкім сабақ өтпейтін көрінеді. Тіпті ол күндері мектеп қабырғасынан тірі жанды кезіктіре алмайсың дейді. Сенбі күні жұмысқа шықпаған педагогтер қашықтан немесе аралас форматта еңбек еттік деп, аудит тексеруінен өткен. Аудиторлар да мұндай түсініктемеге сенген көрінеді.

"Әкімдіктің аудиті тексеру жүргізіп, менің 59 сағат сабақ өткізбегенімді анықтады. Алайда тек менің жұмысымды ғана тексеріп, 315 500 теңгені қайтару туралы шешім шығарды. Мен бұл ақшаны толық қайтарып бердім. Шешім 6 мамырда келді, сол күні ақшаны қайтардым. Содан кейін менде: "Неге тек мені ғана тексереді?" деген сұрақ туындады. Өйткені бір мұғалім өзіне тиесілі сағатты өткізбесе, басқа мұғалімдердің де сабақ сағаттарына қатысты сұрақ туындайды. Бір мұғалім бес сағат, екіншісі елу сағат, үшіншісі жетпіс сағат, тағы бірі отыз сағат сабақ өткізбеуі мүмкін ғой. Яғни мұғалімдердің сабақ жүктемесі әртүрлі. Бірақ әкімдіктің аудиті тек менің жұмысымның соңына түсіп, мені ғана тексерді", – дейді Т.Нұрышов.

Осыдан кейін ол Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне арыз жазады. Мемлекеттік аудит мектепті түгел тексереді. Қорытындысын қолына алған мұғалім, әкімдік жүргізген аудиттің тек өзін ғана тексеруге бағытталғанын аңғарады. Батыс Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің 2026 жылғы 30 шілдедегі жауабында № 44 мектеп-гимназиясына қатысты бірқатар мәселе қаралған. 2023 жылғы 1 қыркүйек пен 31 желтоқсан аралығында С. А.-ның "Актерлік шеберлік негіздері" электив курсы бойынша өткізген сабақтары сынып журналында тіркелмеген. Соған қарамастан, оған 144,3 мың теңге артық төленген. Аудит департаменті мұны Еңбек кодексінің 103-бабы мен Білім және ғылым министрінің № 130 бұйрығы талаптарының бұзылуы деп көрсеткен.

"Психолог А. Б.-ға жалақы төлеудің негізділігіне қатысты. А.Б. гимназия директорының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі № 218 бұйрығы негізінде 1,0 штат бірлігі көлемінде психолог лауазымына қабылданған. Сонымен қатар мемлекеттік аудит барысында А.Б-ның гимназияда 1,0 штат бірлігі көлемінде психолог лауазымын атқарып, жұмыс уақытының ұзақтығы күніне 8 сағат болып белгіленгеніне қарамастан, 2023 жылғы 9 қазаннан 2025 жылғы 2 қыркүйекке дейінгі кезеңде қосымша жұмыс істеу тәртібімен М.Мәметова атындағы № 27 мектеп-лицей КММ-де психолог лауазымы бойынша 0,5 мөлшерлемеде еңбек қызметін қатар атқарып еңбекақы төленгені анықталды. Осылайша, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 103-бабының 1-тармағы талаптарын бұза отырып, 2023 жылғы 9 қазаннан 2025 жылғы 2 қыркүйекке дейінгі кезеңде гимназияда жалпы сомасы 1 млн 6,1 мың теңге көлемінде жалақы есептеліп, төленген", – делінген Ішкі мемлекеттік аудиттің жауабында.

 Тілекқабыл Нұрышов мектепте сенбі күндері жұмыс істелмегенін алға тартады. Оның айтуынша, мемлекеттік аудит жоғарыда көрсетілген қаражатты қайтаруды талап еткен. Белсендінің ойынша, бұл мәселе тек бір мектептегі жағдай емес. Орал қаласында осындай 10 инновациялық мектеп бар. Айтуынша, олардың барлығында алты күндік жұмыс кестесіне байланысты осындай артық төлемдер болуы мүмкін.

"Бұл жерде бір нәрсені дұрыс түсіну қажет. Мұғалімдер бес күн немесе алты күн жұмыс істесе де, олардың жалақысында айырмашылық болмайды. Ал айырмашылық директор, штаттағы қызметкерлер, директордың орынбасарлары, зертханашылар, кітапханашылар, әлеуметтанушылар мен психологтардың жалақысында болады. Мәселен, директордың өзіне бір жыл ішінде алты күндік жұмыс кестесі үшін шамамен 400 000 теңге артық төлем есептелген. Үш жылға шаққанда бұл сома 1 млн 200 мың теңгеге жетеді. Осы артық төленген ақшаны анықтап, директорға қайтару туралы мәселе көтерілген кезде қалалық білім бөлімі қосымша шарт енгізген. Онда қызметкерлердің әр сенбі сайын қашықтан немесе аралас форматта жұмыс істейтіні көрсетілген. Осы шартқа байланысты артық төленген ақшаны қайтару мәселесі кейінге қалып отыр", – дейді Т.Нұрышов.

Қашықтан немесе аралас форматта жұмыс істеуге байланысты ол еңбек инспекциясы басшысының орынбасарымен сөйлескен. Инспекция өкілдері белгілі бір кезеңге, мысалы, екі аптаға қашықтан немесе аралас жұмыс тәртібін енгізуге болатынын, бірақ оны әр апта сайын өзгертуге Еңбек кодексінде негіз жоқ екенін айтқан. Нұрышовтың түсіндіруінше, қашықтан жұмыс істеу үшін оған негіз болуы керек. Мәселен, табиғи қолайсыздықтар немесе техногендік жағдайлар туындауы мүмкін. Алайда қыркүйектен мамырға дейінгі 34 апта бойы әр сенбіде қандай да бір қолайсыз немесе техногендік жағдай болатынын алдын ала болжау мүмкін емес. Ол бұл мәселені Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің өкілдеріне де айтып, еңбек инспекциясынан ресми жауап алып, жағдайды қайта тексеруді сұраған. Сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен артық төленген қаражат қазынаға қайтарылуы керектігін ескерткен.

 "Менің бұл жерде ешқандай жеке бас мүддем жоқ. Артық төленген қаражат қазынаға қайтарылуы керек. Мен өзіме қатысты анықталған соманы қайтардым. Конституцияда заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең екені айтылған. Ендеше, өзгелер де артық алған ақшасын қайтаруы тиіс. Сондықтан бұл мәселені жан-жақты тексеріп, тиісті шара қолдану керек деп ойлаймын", – дейді Тілекқабыл Нұрышов.

Тілекқабыл Нұрышовтың айтуынша, 2025-2026 оқу жылының бірінші тоқсанында мұғалімдер "Күнделік" жүйесімен жұмыс істесе, екінші тоқсаннан бастап "Күнделік Класс" платформасына көшкен. Соның салдарынан педагогтерге қосымша жұмыс істеуге тура келген. Мәселен, екі жүйедегі бағалау тәсілі әртүрлі. Сондықтан мұғалімдер бірінші тоқсандағы барлық күнтізбелік-тақырыптық жоспарды, бағалар мен өзге де мәліметтерді жаңа жүйеге қолмен көшіруге мәжбүр болған. Алайда осы қосымша жұмыс үшін мұғалімдерге бір теңге де төленбеген. Орал қалалық білім бөлімінің басшысына мектеп мұғалімдерінің артық жұмыс істегені туралы хат жолдағанымен, мәселе қаралмаған. Оны шешу үшін ешқандай шара қабылданбаған.

Педагог Серебряков мектебіне қатысты Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің дерегін және БАҚ-та жарияланған ақпараттарды атап, жоғалды делінген қаражатқа кім жауапты екенін сұрап, мәселе көтерді. Айтуынша, Серебряков мектебіне қатысты ақпарат құралдарында әртүрлі сомалар көрсетілген. Ақпарат көздерінің бірінде 57 млн теңге деп көрсетілсе, екіншісінде 49 млн теңге деп жазылған. Белсендінің айтуынша, бухгалтер мен директордың бірлескен әрекеті салдарынан қазына қаражатының жоғалуына жол берілген.

 "Мұндай жағдайлар Батыс Қазақстан облысының білім беру саласында бюджетке қайтарылуы тиіс бірнеше миллион теңге бар екенін көрсетеді. Егер бұл мәселелер жан-жақты тексеріліп, тиісті деңгейде көтерілсе, мемлекет қаржысын қайтаруға мүмкіндік бар", – дейді белсенді.

Осы мәселе бойынша Тілекқабыл Нұрышов Ішкі мемлекеттік аудит тексеру жүргізгеннен кейін ішкі саясат басқармасы арқылы білім басқармасының басшыларын облыс әкімінің фронт-офисіндегі қабылдауға шақыртқанын айтты. Сол жерде ол қалың мұғалімнің ішінде ақшаны не себепті тек өзі ғана қайтарғанын сұраған. Сондай-ақ сабақ сағаттарын өткізбеген басқа мұғалімдер қаражатты қашан қайтаратынын білгісі келген. Білім басқармасының өкілдері қалған мұғалімдер де ақшаны қайтаратынын және бұл жұмыс әрі қарай жалғасатынын айтқан. Алайда ол осы мәселе бойынша бірнеше рет ресми өтініш жазғанымен, кімнің қанша қаражат қайтарғаны туралы, оның ішінде еңбекақыға қатысты ешқандай мәлімет ала алмаған. Ол осы төлемдердің қашан қазынаға қайтарылатынын білгісі келеді.

Тілекқабыл Нұрышов Орал қаласының білім бөліміне инновациялық мектептердің соңғы үш жылдағы қаржылық есебін тексеруді талап етіп отыр. Оның пайымдауынша, мұндай тексеріс нәтижесінде ондаған, тіпті жүздеген миллион теңгенің есебі шығуы мүмкін. Алайда белсенді ұстаз бұл мәселеге жауапты шенеуніктердің әзірге назар аударуға құлық танытпай отырғанын айтады.

"Жас Алаш" редакциясы бұл мәселеге қатысты № 44 мектеп-гимназиясының директорына қоңырау шалып, жағдайға қатысты мән-жайды білмек болған еді. Алайда мектеп директоры тұтқаны көтермеді. Сол себепті біз Білім бөлімдеріне, Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне және мектеп әкімшілігіне ресми сауал жолдадық.

   Маржан Сәбет

Сайт Әкімшілігі