Саясат

Садыр Жапаров тағы бес жыл билікте қалғысы келеді

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров алдағы президент сайлауына қатысу үшін кандидатурасын ұсынды.

Фото: Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі

Ол сайлауға өзін-өзі ұсыну тәртібімен қатысуға ниетті екенін білдіріп, Орталық сайлау комиссиясына тиісті өтініш тапсырған.

Бұл туралы Қырғызстанның Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясы хабарлады.

"Садыр Нұрғожоұлы Жапаров Қырғыз Республикасының президенті лауазымына өзін-өзі ұсыну тәртібімен кандидатурасын ұсыну туралы өтініш берді", – делінген ОСК хабарламасында.

Комиссия мәліметінше, 10 қарашаға дейін президенттікке үміткерлерден барлығы алты өтініш түскен. Кандидаттарды ұсыну науқаны 13 қарашаға дейін жалғасады. Алайда өтініш беру Жапаровтың президенттікке ресми тіркелгенін білдірмейді. Оның кандидатурасы сайлау заңнамасында белгіленген талаптар мен рәсімдерге сәйкес қаралады.

Қырғызстандағы кезекті президент сайлауы 2027 жылғы 27 қаңтарға белгіленген. Сайлау күнін биыл 24 қыркүйекте ел парламенті – Жогорку Кенеш бекіткен.

Айта кетейік, Садыр Жапаров бұған дейін де 2027 жылғы сайлауға қатысып, президенттік қызметке екінші мерзімге таласатынын мәлімдеген болатын.

Сайт Әкімшілігі