Сағадат Ордашева. Бәрін айтып берсе екен...
БӘРІН АЙТЫП БЕРСЕ ЕКЕН...әңгіме-элегияҚарап тұрып терге малшынды. Ұлпа қар ілбіп қапалақтап жауғанымен, қара кемпірдің күректі қарыса ұстаған білегінің ісін де баяулатты.
Ауыл сыртына теріскей бетін тосқан үйдің бет алды алаңқай ашық дала. Дала. Дала… Аппақ дала. Ұлпа қар әп сәтте күрелген жолды қайта көмкеріп үлгергенде қара кемпір жер тырмалап тағы бір рет айнала күреп, алда-жалда боран тұрса пана болар деп аққала соғып тастады. Қара қатқақ шеміршек қолдарын тағы бір рет үрлеп алды да алаңқай аспанға ұласқан ақ далаға тағы талмаусырап көз тікті. Ақ қарға шомылған алапта қара-құра қарғадан басқа жан баласы жоқ. Ауыл шетіне салынған үй сол далаға қарай шұбатылған дара жолдың бойында. Келген мен кеткеннің қара төбесі бір көрінсе осы жерден анық көрінеді. Бірақ, иек жеңі сөгіле бастаған қара күркесінің омырауын жүн орамалмен айқастыра орап алған кемпір аспанға қарай тұтасқан кең алапқа бір үміт байлап қанша таң атырғанын бір Тәңір мен өзі ғана білетін-ді...***Қалада адам көп. Қара-құрым бастар, көздері отсыз, жүздері солғын көліктермен ағылып әлдеқайдағы ұяшықтарына асығулы. Осы қаланың түкпір-түкпірінде сіңіп жоқ болатын қара құрымда кім адаспаған? Қалада адам көп. Далада адам жоқ. Кейде ешкім жоқ секілді көрінеді маған.Келесі мақаламның шаруасымен қаланың қақ ортасындағы бес қабатты үйдің табалдырығынан аттай бердім. Адамның адамға сенбейтін уақыты. Бірақ, бәрібір адамдардан ыстық ықылас күтесің. Адамдықты күтесің. Есік ашқанда көзіме шалынғаны сары кемпір. Толықша келген, кең кеуделі, өңі сары, түсі бөлек болса да қазақша самбырлай кеткеніне таң емеспін. Қазақша сөйлеуге кімге де рұқсат. Бірақ, қазақ болуға кімнің қақысы бар?Сары кемпір төрге оздырып әбден сыйлады. Тал түсте енген бойымнан кеш қарайғанға дейін тапжылмай әңгімеге бөгіппін. Жинала бердім. Ақ сарайдай үй ішінің жинақылығы, мұнтаз әсемдігі көз арбай берді. Көзім арбалғанымен, көңілім алабұртып біртүрлі күй кештім. Мынау табалдырықтан аттай алмай ұзақ қиналдым. Бұл үйде мені ұстап тұрған не бар деп алаңдаулы едім. Сары кемпір шерткен талай сыр менің жан дүниемді астаң-кестең еткені рас. Тірі кейіпкерлерімді көру, бетпе бет отыру қаншалықты қиын екенін білсеңіз етті? Мен бұл табалдырықтан аттамай бұрын жүрегім жылап келгенін анық білемін. Өйткені, жылаулы едім. Талай ғасырдан бері көз жасым тиылмап еді, ішіме бүгіп келген едім, қазір де бүгіп отырмын. Сары кемпірдің алдында қалай егілейін? Ол мені қалай жұбатсын? Не деп жұбатар? Мен қазақ болып өмірге келгелі жылаулымын ғой.***Қара кемпір қарға бөккен атырапты тағы шолды да үй төбесінен қалқыған көк түтінге назар салды. Отағасы қайтқан соңғы жылдары түтінін сөнбеуін тілеп, Алласына зар айтуда. Қушықтай болып арықтаған бет аузын сипай беріп, көз алдына лекіп кеп қалған жасты да қағып өтті. Қарс айрылған қара жердей «уһ» деді сосын. Терезесінің тең жартысын көмген аққаланы қайсыбір ызамен, қайбір күшпен көтеріп тастағанын да сезбеді. Бар алап бір түрлі тыныштыққа бөленгенде, өзімен өзі бір күбірге басып, аспанға қарап аузын ашты. Бет аузына қонған қауырсындар иірім-иірім әжімге сіңіп, су көрмеген қыртыс жерге сіңгендей жоқ болып, екі езуге барып жиналды. Осындай ақ қылаулы қыс еді. Сықырлаған аязда осы маң даладан тосын қара нар мінген шоқша сақалды бір шал есік алдына келіп тоқтай қалған. Үйге еніп, табалдырықтан аттағанда енесі мен күйеуі атып түре келіп "құдайы қонақтың" алқанына су тосып, төрге оздырған. Ол кезде кеудесі толысқан орта жастағы келіншек еді. Бірақ, көңіл көгі қараңғы тартып, мынау бестұтамнан баз кешуге шақ жүрген. Өйткені, құрсағына бала бітпеді, біткені шетіней берді. Бес құрсақтың бесі де о дүниелік. Көз жастан суалған, жүрек қуарған. Жан жылаулы. Төрге озған ақ сары шал, шоқша сақалын тарамдап үнсіз көп отырған. Кейін шаңыраққа құс қонақтағандай төбеге тесірейіп тағы отырған. Кейін бұларды көзбен ішіп жеп асылған етке, сапырылған қымызға мелдектеп тағы отырған. Кетерінде «бәйбіше, қиналма, маңдайы торсықтай ұл табасың, атын Үбі Сұлтан қой» деп ескерткен. Сол ақ сары шалдың қоңырқай даусы жүрегінде әлі сайраулы. Үбі Сұлтаны жарық дүниеге келгеннен Жаратқанға көп мадақ айтты. Жатса тұрса тілеуі сол. Үбі Сұлтан мынау маңыраған маңғаз далаға сіңді де жоқ болды. Соғыс біткелі қашан. Ел қабырғасы қайысып, теңселіп ес жиғалы қашан. Бірақ, мөлтеңдеген жанар сол ақ сары шалдың сөзін жүрегіне тұмардай байлапты. Ол зор үміт сыйлапты.***Үйден шыға бере әр заттың көлеңкесінен көзіме көрінбей қашып жүрген әлдекімнің елесін шалып қалдым. Жаным жылаулы еді. Анау ғасырдан біреу келіп бәрін айтып берер ме еді?! Шындығында не болғанын айтып берер ме еді? Мен өзімді жоғалтып алғанымды білемін, өзімнің кім екенімді білмейтінімді білемін. Ақ сары кемпір кім екенімді есіме түсірді. Өз жанымды өзіме көрсеткендей. Бірақ, жұбанбадым. Сол ғасырдың адамын көрмесем жұбанар емеспін. Ол ғасырдың адамы дәл қасымда, алдымда отырған сияқты. Үнсіз сөйлескісі келеді. Ұғысқысы келеді. Бірақ, менің көңіл көзім соқыр. Жан дүнием дерт. Неден кешкенімді, қандай мұраттарымнан айнығанымды, қандай құндылығымды жоғалтқанымды үнсіз жүрегіме құйып отырған біреу бар. Бірақ, оны көре де, таба да алмадым. Сары кемпір өткен ғасырдың ер тұрманды, ат әбзелді, бата сауқатты, құдайы қонақшыл келбетін көрсеткендей болды. Елестетіп отыра бергім келді. Ал, сыртта тағы сол қара құрым қала. Адам тағдырын жұтқан қала. Безбүйрек жүздер, өздерін ұмытқан қазақтар… Мен жылаулымын. Өткен ғасырдан біреу келіп бәрін айтып берер ме еді?***Көк тамыры қатқақ теріге жабысқан қолдарын ысқылап алып, қара кемпір бір уыс бетін қамыр илегендей ұмаждап алды. Кейін бір жағына қисайыңқырап қалған тапал екі бөлмелі үйіне беттеді. Ақ періштелерін төге салған аспанның бұл да бір алдарқатуы шығар. Қара кемпір «Алла-ай мың тәубе» деп сыбырлады. Қолындағы күрегін есік алдына тіреп, үйге беттеді. Бұл үйді үш кемпір, екі қыз және орта жастағы әйел мекендейді. Барлығы алтау. Соғыстан кейінгі жұтаған ағайынның қызы мен қаңғыған жерінен тауып алған сұры бөлек шешен қызы бар. Екі қыз жерден әлдене тауып алғандай пеш түбінде үңіліп отыр. Төрде қара кемпірмен тетелес толықша кемпір жамау жамап отыр. Үй ішінің тұрқы жырым-жырым болғанымен, жалап жұқтаған жинақылықтың, әр зат өз орнына сыйған пішінімен көз тартады. Қара кемпірдің жанарына бір сәт іште отырғандар қарап алды. Қарап алды да бәрі өз ойларымен, өзімен болып отыра берді. Қара кемпірдің назарынан ақ ұғысатын болуы керек, ешкім "әй" демеді де. Пештің үстінде бұрқылдап бір кесек ет қайнауда. Сол еттің буы терезені терлетіпті. Қара кемпір қазан ішіп көсіп-көсіп жіберді де, сорпасынан сораптап алды. Қазан ішіне бір уыс тары тастап, көже қылуға айналды. Қара кемпірдің сабырлы, үнсіз де қатқыл кейпіне көзі үйреніскендер бір-бірін көзбен бағып отыр. Бір тыныш үнсіздік. Үнсіздіктің өзі көп сөйлем сияқты. "Қашан келер екен? Келер ме екен?" деген тағы бір ой көкейін тесіп өтті. «Жалғызыма Жар бола гөр» деді іштей.***Сары кемпірдің құшағында өткенімнің бір тарихы жатқанын аңғардым. Бұл құшаққа қанша аунасаң да мауығың қанбасын түсіндім. Өзіңді тауып алсаң, өзіңнің жаныңмен кездессең қалай боласың? Тап солай. Сары кемпір самбырлап талай аруақты тірілтті. Алдымызға келіп бәрі алақан жайып тұрғандай. Барлығы да бас иіп кеп тұрғандай. Бабаларымды қапсыра құшақтап, бақыттан басым айналып тұра бердім. Қайсібірін айтасың? Маңдайыңдағы көзбен өзіңді ешқашан таба алмайсың. Бірақ, өзін жоғалтқан адамға жоғалтқан дүниесінің құнын қалай білуге болады? Ол үшін не істеу керек?***Жол бойы. Ақ шаңдақ шаң қобырап бір көтеріліп, бір басылады. Ақ шаңқан алапта сары далағы көз тіге алмайсың. Бұлдыр бір сағым күткеніңді көрсете береді көзіңе. Тілеуің бергір сағым, дегенің болып, көлбеңдеген кісі Үбі Сұлтаным боп шықса, бар дүниемді Құдайға тапсырдым" дейді кеберсіген ерін. Ерін бе, емеурін бе? Осы күні бәрібір. Көңіліңде айттың ба, сыртқа шығарып айттың ба? Осы күні бәрі ойыңды оқиды. Жел де, күн де, аспан да солай сияқты. Бәрі бас шұлғып тұрған сияқты. Әлде маған солай ма?***Сары кемпір талай таңдарға талмаусырап жеткен жанардың мейіріне қанған, сол жанардың біз өткіріне түскен, көкей көзі ашылған, кеудесі лақылдап толған сол мейірге, аспан мен бүкіл алапқа тіл бітірер жүрек ымбалын түсінген. Үбі Сұлтанының сауға басының сыйындай болып қара кемпірге жолыққан. Қара кемпір он үш жыл күткен ұлдың артынан ерген үлкен сары қыздың тұлымынан иіскеп тұрып, Құдайына алғысын айтқан. Сонда бар шуақ сары қызға түссе керек. Сары қызға. Сары кемпірге.***Сары кемпірдің самайынан тепсініп шыққан шаштарынан, көкшілдеу көзіне тұнған болаттай ақыл мен даналықтың отынан өзімнің кім екенімді есіме түсірдім. Ешкім келіп бұлай жұбатпас мені. Жұбана алмайтын халдемін. Бұл далаға қанша майданның үстінде қанша ердің қаны бейпіл төгілді. Сол қанмен бірге менің әз рухым да жаншылды. Рухымды оята алмайтын халдемін. Сары кемпір ояу да болса шарасыз. Қазақтар сол ғасырда, ал қалада басқа қазақтар сияқты. Баба аңсарымды, баба мұратымды қайтара алмайтын шарасыз халдемін. Кетіп бара жатып бәрібір жыладым. Қара кемпірдің алғаусыз ақ тілегін оңғара гөр. Бұл даладан ғазиз ұлдарың жан бергендегі тілеуін қабыл ет, барынша тез қабыл ет деп тіледім. Жылаулы едім. Жұбата алмайтын еді ешкім. Тек өткен ғасырдан біреу келіп жұбатпаса… Біреу келіп бәрін айтып берсе екен?!Фото: islam.ru