Саясат

Сағынтаев: «Президенттің тапсырмасы орындалмай жатыр»

ҚР премьер министрі Бақытжан Сағынтаев коммуналдық төлемдер тарифін төмендету туралы президенттің тапсырмасы орындалмай жатқанын айтты.

Jasalash.kz

Министрлер кабиенетінің басшысы бұл пікірге экономика министрі Тимур Сүлейменовтің есебін тыңдағаннан кейін келіпті. Nur.kz сайтының хабарлауына қарағанда, Сүлейменов өз есебінде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 11 газдандырылған аймақтың 9-ында газ бағасының төмендеуі күтілуде. Ал, қалған екі облыс – Атырау мен Қызылордада бұрынғы баға сақталады. Оның себебі: «Екі облыстың объективті себебі бар: олар тарифтің ақырғы шегінде тұр, инвестициялау туралы да ең соңғы орында. 2019 жылға жоспарлаған инвестициясы да аз ғана, сол себепті өзгерістер мен толықтырулар енгізілмейді», — дейді министр. Бірақ, газ бағасы арзандамағанмен көтерілмейді. «Осыған сәйкес біз әділ қарауға тырыстық, бұл екі аймақта газдың бағасы онсыз да арзан, жалпы талапқа сай келеді», — деп қалды министр. Премьердің ашуын келтірген де осы сөз болған сияқты. Ол, басқалармен салыстырғанда тарифі аз ба, мүлде жоқ па, ештеңеге қарамастан бағаны төмендетуден қашуға болмайтынын айта келіп: «Мәселе газ бағасы тарифінің арзандығында емес, мемлекет басшысы тапсырмасы орындалмай, елдің күткені болмай жатыр, мәселе міне осында.… Егер бұл аймақтарда мәселенің шешімі табылмаса, бұл президенттің тапсырмасын орындамау деген сөз. Және құрметті әкімдер, бұл үшін арнайы жауап бересіздер. Біз сәйкес анықтаманы жеткіземіз.Өзге региондар барды да шешімін тапты, ал, кейбіреуі қалай бар, солай қалдырған. Бұны қалай түсінуге болады?» — деді. Кейбір аймақтардағы ПИК, қоқыс шығару, лифт және тасымалдау қызметтерін арзандату бойынша бағаны төмендету туралы шешім қабылданбағаны оған ұнаған жоқ. 2019 жылдың 1-қаңтарына дейін қазіргі тарифті төмендету туралы тапсырма берді. Өкімет басшысының бұл тапсырмасының қаншалықты орындалып жатқанын 29-желтоқсанда өтетін өкімет отырысында білетін боламыз. Фото: akorda.kz

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Без Тега