Сахнадағы сәулелі ғұмыр
Нүкетай Мышбаева – қазақ театр өнерінің тарихында өзіндік қолтаңбасы, дара орындаушылық мәнері, кең тынысты шығармашылық диапазонымен танылған көрнекті тұлға. Қазақстанның халық артисі, «Парасат» орденінің иегері атанған актрисаның өнер жолы ұлттық сахнаның кәсіби қалыптасу, көркемдік ізденістердің тереңдей түсу кезеңдерімен тығыз сабақтас.
1936 жылы Алматы облысы Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданында дүниеге келген Нүкетай Мышбаева өнерге ерте бейімделді. Анасы – ауыл-аймаққа танымал айтыскер-әнші Шәлипа бойындағы музыкалық қабілет, сахналық сезімталдық болашақ актрисаның эстетикалық дүниетанымының негізін қалады. Бастапқыда әншілікке ден қойған жас Нүкетайдың тағдырын театр өнеріне бұрған ұлы режиссер, ұстаз Асқар Тоқпановтың кәсіби интуициясы мен педагогикалық көрегендігі.
Н.Мышбаеваның кәсіби сахналық болмысы қазақ театр өнерінің академиялық дәстүрімен сабақтасып жатыр. Ол 1959 жылы Алматы мемлекеттік өнер институтының актерлік факультетін тамамдап, сол кезеңдегі ұлттық актерлік мектептің негізгі эстетикалық қағидаларын бойына сіңіріп шықты. Бұл оқу ордасы оның сахналық ойлау мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, драмалық мәтінді музыкалық интонациямен, психологиялық дәлдікпен ұштастыру қабілетін жетілдірді. 1959 жылдан бастап М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының труппасына қабылдануы актрисаның алпыс жылға жуық үздіксіз шығармашылық қызметінің бастауына айналды.
Өнердегі биік еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, ол 1976 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, 1991 жылы Қазақстанның халық артисі атақтарына ие болды. Бұл марапаттар оның шығармашылығының уақытпен өлшенбейтін көркемдік қуатын, ұлттық театр өнеріндегі орныққан беделін айғақтайды. 2010 жылы берілген «Парасат» ордені актрисаның тек сахна шебері ғана емес, мәдениет пен руханияттың көрнекті қайраткері ретіндегі тұлғалық деңгейін танытады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясының иегері атануы оның өнердегі өмірлік миссиясының үздіксіздігін көрсетеді.
Нүкетай Мышбаеваның сахналық жолы комедиялық репертуардан басталып, біртіндеп әлеуметтік-психологиялық тереңдікке ұласты. Алғашқы елеулі табысы «Беу, қыздар-ай!» спектакліндегі Айсұлу бейнесі актрисаның табиғи темпераменті мен сахналық еркіндігін айқын көрсетті. Кейінгі жылдардағы «Той болардағы» Айбала, «Көңілдестердегі» Роза, «Құдағи келіптідегі» Жамал, «Алдаркөседегі» Меңсұлу, «Келіндер көтерілісіндегі» Саттыхан, «Бес бойдаққа бір тойдағы» Гүлбарам секілді кейіпкерлер арқылы ол комедия жанрын тұрмыстық күлкі деңгейінен әлеуметтік астары бар көркем құбылысқа көтерді.
Мәселен, «Құдағи келіпті» спектакліндегі шағын ғана шофер бейнесі қойылымның көркемдік құрылымында айрықша мәнге ие эпизодтық рөлдердің бірі ретінде дараланып, Н.Мышбаеваның орындаушылық шеберлігі арқылы айқын көркемдік деңгейге көтеріліп, көрермен жадында сақталарлық әсер қалдырды.
Актрисаның шофер Жамалды орындауындағы басты жетістігі – мінез бен әрекеттің органикалық бірлігін табуында. Кейіпкердің сахнаға алғашқы шығуының өзінде-ақ оның сергек болмысы, ашық мінезі мен ішкі энергиясы дәл әрі нанымды көрініс табады. Н.Мышбаева кейіпкер табиғатын сыртқы пластика, бет-әлпет экспрессиясы және дауыс ырғағы арқылы нақтылап, шағын рөлдің аясында толыққанды сахналық мінез жасай алған. Бұл тұста актрисаның музыкалық қабілеті айрықша мәнге ие. Композитор Ғ.Жұбанованың ашық, серпінді музыкасы Н.Мышбаеваның орындауындағы әнмен үйлесім тауып, рөлдің эмоциялық қуатын арттыра түседі. Ән айту сәті кейіпкердің ішкі еркіндігін, жастық жігерін және өмірсүйгіш болмысын айқындап, сахналық әрекетті динамикалық тұрғыдан байытады.
Шофер бейнесі көлемі жағынан шағын болғанымен, мазмұны мен көркемдік әсері тұрғысынан елеулі рөлге айналған. Бұл, ең алдымен, актрисаның кәсіби шеберлігіне, музыкалық-актерлік мүмкіндіктерін орынды пайдалана білуіне және режиссерлік шешімді терең түсініп, дәл орындауына байланысты. Нүкетай Мышбаева сомдаған шофер образы спектакльдің тұтас композициялық құрылымын нығайтып, қойылымның комедиялық табиғатын айқындай түсті.
Т.Нұрмағанбетовтің «Бес бойдаққа бір той» комедиясындағы Гүлбарам рөлі актрисаның шығармашылық жолындағы қызықты бейнелерінің біріне айналды. Н.Мышбаеваның орындау шеберлігі кейіпкердің сыртқы көңілді қалпы мен ішкі жалғыздығы арасындағы драмалық қайшылықты дәл табуымен құнды. Ол Гүлбарамның Қырманбай шалдың өміріне сырттай қызыға қараған сәттерін іштей күйзеліс, өткен өмірге өкініш, болашаққа деген жасырын үміт секілді күрделі психологиялық ахуалдармен астастыра бейнелейді. Актриса бұл күйзелісті тікелей эмоциялық жарылыстар арқылы емес, үнсіздік, ойға шому, баяу қимыл, кенет серпіліс тәрізді психологиялық дәл құралдармен жеткізеді. Осы ішкі драматургия Гүлбарамның мінезін біржақты комедиялық кейіпкер деңгейінде қалдырмай, трагикомедиялық сипаттағы күрделі образға көтереді. Ақжарқын әзіл, ән мен биге құмарлық – оның табиғи болмысы ғана емес, жалғыздығын білдірмеуге, өмірден шет қалмауға бағытталған ішкі қорғаныс механизмі ретінде көрінеді.
Гүлбарам мен Қырманбай арасындағы диалогтарда актриса сахналық қарым-қатынастың нәзік психологиялық иірімдерін шебер жеткізеді. Кейіпкердің бірте-бірте сол шаңыраққа бауыр басып, қалып қоюы тұрмыстық шешім ретінде емес, рухани жалғыздықтан құтылуға ұмтылған әйелдің ішкі таңдауы ретінде негізделеді. Спектакль финалындағы үлкен той көрінісі – жеке тағдырлардың түйісуін, тұрмыстық келісімнің әлеуметтік және адамгершілік өлшемге ұласуын білдіретін жинақтаушы көркемдік шешім.
Қойылым бойында актерлер ансамблінің тұтастығы айқын сезіледі. Әрбір орындаушы сахналық әрекетте серіктесінің ойынын толықтырып, қарсы әрекет арқылы жаңа эмоционалдық реңктер тудырып отырады. Осындай органикалық серіктестік қарым-қатынас, әсіресе Гүлбарам – Нүкетай Мышбаева мен Қырманбай – Бекжан Тұрыс арасындағы сахналарда айрықша көрінеді. Бұл дуэтте мінездер үндестігі, өмірлік тәжірибелердің тоғысуы басты рөл атқарады.
Актрисаның осы комедиялық қойылымдардағы басты ерекшелігі – күлкіні мақсат емес, құрал ретінде пайдалана отырып, қоғамдағы моральдық қайшылықтарды, адам мінезіндегі жасандылық пен екіжүзділікті әшкерелеуі. Комедиялық бейнелеріндегі ирония мен сарказм оның актерлік ойлауының интеллектуалдық қырын танытады.
Нүкетай Мышбаева шығармашылығындағы драма жанрындағы алғашқы іргелі әрі концептуалдық мәні зор еңбек режиссер Әзірбайжан Мәмбетов қойған Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-ана» спектакліндегі Әлиман бейнесі болды. Бұл қойылым қазақ театрындағы көркемдік ойлау жүйесінің жаңаруымен, актерлік бейнелеудің психологиялық тереңдікке бет бұруымен ерекшеленді.
Қоғамдық-әлеуметтік салмағы ауыр, адам тағдыры мен тарихи трагедияны өзек еткен қойылымда Әлиман бейнесі соғыс жылдарындағы әйел болмысының жинақталған көркем моделі ретінде ұсынылды. Н.Мышбаева бұл рөлде сыртқы әрекетке емес, кейіпкердің ішкі рухани қақтығысына, психо-эмоционалдық күйзелістер динамикасына басымдық берді. Әлиманның үміт пен үмітсіздік, мейірім мен жалғыздық, тағдырға мойынсыну мен ішкі қарсылық арасындағы күрделі рухани халін актриса терең психологиялық дәлдікпен ашты. Н.Мышбаеваның Әлиманы – трагедиялық пафосқа бой алдырмайтын, қайта сабырлы үнсіздік арқылы қасіретті сезіндіретін, философиялық тереңдігі бар образ.
Қойылымның алғашқы премьерасында Шыңғыс Айтматовтың: «Н.Мышбаева Әлиманды шығармамдағыдан да терең ойнады» деп жоғары баға беруі актрисаның көркем интерпретациясының дербестігі мен авторлық мәтінді сахналық ойлаумен байыта алғанын дәлелдейді. Бұл пікір Әлиман бейнесінің тек орындаушылық жетістік емес, драматургиялық мәтінге жаңа көркем өлшем қосқан сахналық құбылыс болғанын айғақтайды.
Осылайша, «Ана – Жер-ана» спектакліндегі Әлиман рөлі Нүкетай Мышбаеваның шығармашылық эволюциясында шешуші кезеңге айналып, оны комедиялық репертуар шеңберінен шығарып, терең психологиялық драма актрисасы деңгейіне көтерді. Сонымен қатар бұл бейне қазақ ұлттық сахнасындағы актерлік өнердің көркемдік мүмкіндіктерін кеңейткен, театр тарихындағы елеулі эстетикалық жетістік ретінде бағаланады. Әлиман – актрисаның психологиялық театр принциптерін толық меңгергенін дәлелдейтін көркем жетістік.
Бұл образдан бастап Н.Мышбаева сахнада әйел тағдырының философиялық қырларын, тарихи-әлеуметтік жүктемесін ашуға ден қойды. Оның Зейнеп, Ақбала, Айша, Ажар, Бекей, Ардақ секілді кейіпкерлері қазақ әйелінің рухани болмысының көпқырлы көркем галереясы. Актриса әр образда сыртқы мінезден гөрі ішкі драматизмге, психологиялық мотивацияға басымдық береді.
Жалпы алғанда Нүкетай Мышбаева шығармашылығының басты айқындаушы белгісі – оның айқын халықтық сипаты. Бұл ұғым актрисаның тек ұлттық репертуарға жиі жүгінуімен ғана емес, сахнада халықтық дүниетанымға, ауызша мәдениетке, дәстүрлі эстетикаға тән ішкі интонацияны дәл таба білуімен айқындалады. Актриса сомдаған бейнелердің табиғилығы, шынайылығы мен рухани әсерлілігі де осы халықтық негізден бастау алады.
Осы тұрғыдан алғанда Н.Мышбаеваның шығармашылық портретіндегі ерекше белестердің бірі – әнші Майра Шамсутдинова бейнесі. Бұл рөлде актриса вокалдық және драмалық өнерді органикалық тұтастықта өрбітіп, сахнада тарихи тұлғаның көркемдік болмысын жаңаша пайымдады. Әнші Майра бейнесі – тек музыкалық орындаушылықты талап ететін рөл емес, сонымен қатар ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы әйел тағдыры, өнер адамының еркін рухы мен әлеуметтік шектеулер арасындағы қайшылықтарды қамтитын күрделі тұлға.
Ақын Иса Байзақовтың қызы, актриса М.Байзақованың естеліктерінде Нүкетай Мышбаеваның орындауындағы Майра әндерінің әсері ерекше атап өтіледі. Оның айтуынша, актрисаның кең тынысты, қоңыр тембрлі, табиғи бояуы қанық дауысы Майраның орындаушылық мектебін дәл танытып, тыңдаушыны тарихи уақыт кеңістігіне жетелейді. Бұл актерлік имитация емес, халық жадында сақталған музыкалық дәстүрді интонациялық деңгейде қайта тірілтуге бағытталған көркемдік тәсіл. Актриса Майра әнінің ішкі мән-мағынасын, астарлы семантикалық қабаттарын терең ашып, музыкалық материалды кейіпкер болмысының драмалық ахуалымен шебер ұштастыра білді. Ән орындау барысында ол вокалдық интонация, дауыс динамикасы мен паузаларды саналы түрде қолдана отырып, әнші қыздың жан дүниесіндегі ішкі қақтығыс пен психологиялық толғанысты айқын көрсетті. Нәтижесінде ән сахналық әрекеттің сыртқы әшекейі емес, кейіпкердің ішкі күйін ашатын маңызды құрал деңгейіне көтерілді.
Аталған бейненің сахналық құндылығын пьеса авторы, көрнекті ақын-драматург Әбділда Тәжібаевтың жоғары бағасы да айқындай түседі. Оның «Нүкетай Майраның әндерін керемет айтады. Нағыз Майра енді туды» деген пікірі актрисаның бұл рөлді тек орындаушы ретінде емес, тарихи-көркемдік тұрғыдан жаңадан сомдаушы, қайта жаратушы деңгейіне көтерілгенін көрсетеді.
Актрисаның кәсіби әмбебаптығы шетелдік классика мен заманауи драматургиядағы бейнелерінен де көрінеді. Ол ұлттық менталитетке жат көрінетін кейіпкерлердің өзінен адамзатқа ортақ гуманистік негізді тауып, оларды қазақ көрерменіне түсінікті, жақын деңгейде ұсына білді. Кейіпкердің ішкі болмысына, адам жанының әмбебап психологиялық заңдылықтарына үңілуімен ерекшеленеді.
Мәселен, Федерико Гарсиа Лорканың «Бернарда Альбаның үйіндегі» Амелия образын Н.Мышбаева тұйықтық пен ішкі қарсылықтың диалектикасы негізінде сомдады.
Ал қырғыз драматургі Бексұлтан Жакиевтің М.Әуезов атндағы Ұлттық театрдың репертуарында ұзақ жылдар бойы табыспен жүрген «Жүрейік жүрек ауыртпай…» драмасындағы Күлегеш әйел бейнесі актрисаның жинақталған өмірлік тәжірибесі мен терең психологиялық актерлік мектебінің синтезі ретінде бағалануға лайық.
Қысқа ғана сахналық сәтте ол махаббаттан, үміттен, өмірлік тіректерден айырылған әйелдің рухани қасіретін жинақталған түрде көрсетеді. Бұл сахналық уақытты психологиялық кеңістікке айналдыра алатын сирек шеберлік. Жалғыз ұлының күйігінен тағдыр тауқыметіне ұшыраған ананың ішкі шерін асыра сілтеусіз, сабырлы мұң арқылы жеткізу Н.Мышбаеваның кәсіби дәлдігін танытады. Оның ойынында қайғы айқайға емес, ішке тұнған ауыр сезімге айналады. Көрерменнің бейжай қала алмауы да осы ішкі шындықтың дәл табылуынан туындайды. Мұндай әсерге жету тек сахналық техникаға емес, рухани тәжірибеге, актерлік даналыққа сүйенген хас шебердің ғана қолынан келетін құбылыс.
Жалпы алғанда М.Әуезов атындағы қара шаңырақ сахнасында сомдаған үлкенді-кішілі, басты және қосалқы сексенге жуық рөлі Нүкетай Мышбаеваның шығармашылық ғұмырының көркем шежіресін құрайды. Бұл бейнелердің барлығы актрисаның жүрек лүпілімен, өмірлік тәжірибесімен, үздіксіз рухани ізденісімен суарылған. Сол себепті Н.Мышбаева орындаған рөлдер жеке актерлік жетістік шеңберінен шығып, қазақ театр өнерінің көркемдік жадына айналған эстетикалық құндылықтар қатарынан орын алады.
Н.Мышбаеваның өнері сахнамен ғана шектелмейді. Кино мен теледидардағы рөлдері де актрисаның типаждық кеңдігін, мінез жасаудағы нақтылығын көрсетеді. Әсіресе аналық, қарапайым ауыл әйелінің образдары арқылы ол ұлттық экрандық бейненің шынайы үлгілерін қалыптастырды.
Нүкетай Мышбаева – қазақ театр өнеріндегі сабақтастық пен көркемдік биіктіктің символы. Оның сахнадағы әр рөлі – бір актрисаның ғана емес, тұтас ұлттық театр мәдениетінің көркем шежіресі. Халықтық болмысты терең психологиялық талдаумен ұштастыра білген актрисаның шығармашылығы бүгінгі театртану ғылымы үшін де, жас актерлер мектебі үшін де бағалы рухани тәжірибе болып қала береді.
Өнер жолында үнсіздіктің өзін сөйлете білген, адам жанының ең нәзік иірімдерін шынайы бейнелей алған актриса Нүкетай Мышбаеваның бүгінгі 90 жылдық мерейтойы – тек мерейлі жас емес, сахнаға адалдықтың, өнерге деген шексіз сүйіспеншіліктің салтанаты. Қадірлі актрисаны мерейлі белесімен шын жүректен құттықтай отырып, шығармашылық ғұмырының шапағаты әлі талай көрерменге рухани қуат сыйлай берсін демекпіз.
Анар Еркебай,
театртанушы, өнертану кандидаты,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры,
«Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі