Қоғам

Саида Мирзиёева педофилдерге өлім жазасын енгізуді ұсынды

Өзбекстанда кәмелетке толмаған балаға қатысты ауыр қылмыс қоғамның қызу талқысына түсті.

Фото: ашық дереккөз

Наманган облысында бес жасар балаға қатысты зорлық-зомбылық жасалғаны туралы ақпараттан кейін ел президенті әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёева қылмыскерлерге қолданылатын жаза мәселесін көтерді.

Мирзиёева бұл оқиғаға байланысты пікірін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Ол балаларға қарсы жасалатын мұндай қылмыстар үшін қолданыстағы жазаны қайта қарау қажет деп санайтынын айтып, өлім жазасын енгізу жөнінде ұсыныс білдірді.

Оның мәлімдеуінше, қазіргі Өзбекстан заңнамасында өлім жазасы қарастырылмаған. Осыған байланысты балаларға қарсы ауыр қылмыс жасағандарға жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық ұсыныстар әзірленіп жатыр.

Президент әкімшілігінің басшысы қылмысқа тікелей қатысы бар адамдармен қатар, баланың қауіпсіздігіне жауапты бола тұра тиісті шара қолданбаған тұлғалардың әрекетіне де құқықтық баға берілуі керек екенін айтты.

"Қылмыс жасаған адам ең қатаң жазаға тартылуға тиіс. Сонымен қатар мұндай жағдайға жол берген, салғырттық танытып, баланы қорғай алмағандардың барлығы да жауапкершілікке тартылуы керек", – деді Саида Мирзиёева.

Оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғаған. Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті ұсталып, сот оның қамауда болуына байланысты бұлтартпау шарасын таңдаған.

Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу әлі аяқталған жоқ. Сондықтан істің барлық мән-жайы мен күдіктінің кінәсіне қатысты түпкілікті бағаны сот береді.

Сайт Әкімшілігі