Саясат

Сайлау-2021: Ішкі істер министрлігі неге өтірік айтты?

Парламенттік сайлау күні полиция жүздеген үкіметке қарсылық білдірушілерді ұстаған болатын.

Jasalash.kz

Сайлау күні брифингте болған ішкі істер вице-министрі Арыстанғани Заппаров«ұсталғандардың барлығы бір күнде босатылды» деп мәлімдеді. Бұл орайда құрықталғандардың жалпы саны да аталған жоқ.

— Бұл азаматтарға бірнеше рет жергілікті атқарушы органдар мен прокуратура әрекеттің заңсыздығы және оларды тоқтату қажеттілігі туралы ескертілді. Ұсталғандар биліктің талаптарын орындаудан бас тартты, полиция оларды ұстауға мәжбүр болды. Профилактикалық сұхбат жүргізілгеннен кейін олардың барлығы босатылды. Ешкім де әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылған жоқ, — деді министр.

Министрлік ұсталғандардың барлығы қылмыстық жауапкершілікке тартылмай босатылғанын хабарласа да, құқық қорғаушылар он шақты адамға айыппұл салынып, ал кейбіреулері тіпті әлі де қамауда отыр дейді.

«Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина:

— 10 қаңтарда мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау күні Қазақстанның әртүрлі қалаларында 361 адам ұсталған. Олардың барлығы қалыптасқан саяси режимдегі бәсекесіз сайлауға наразылық білдіруге тырысты, — дейді құқық қорғаушы.

Мамандардың айтуынша, Талдықорған, Атырау, Орал, Ақтау және Арқалықта да ұсталғандар болған.

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиевтің айтуынша, тұтқындаулар туралы мәлімет жинау қиын, өйткені қамауға алынғандарға қатысты хаттамалар жасалмаған, айып тағылған жоқ. Көптеген қалаларда азаматтарды түрлі сылтаулармен «жауап алу» үшін және «түскен шағым» негізінде полиция бөлімшелеріне апарып, кешке қарай ғана босатып жатқан. Адвокаттармен кездесуге де тыйым салынған.

— 100-ге жуық адам Алматы қаласының түрлі полиция бөлімшелеріне мәжбүрлі түрде жеткізілді. Өңірлерде дәл осындай іс-шаралар Оралда, Ақтөбеде және Нұр-Сұлтанда да болды. Біздің көз алдымызда, Алматыдағы Тәуелсіздік алаңында наразылық білдірушілер аязға қарамастан күшпен 10 сағат бойы қоршауда ұсталып тұрды.  Оларға дәретханаға баруға да тыйым салынды, онда шамамен 50 адам болды, — деп атап өтті құқық қорғаушы.

Ұсталғандар туралы ақпарат түскен кезде құқық қорғаушылар құқықтық көмек көрсетуге тырысқанымен, адвокаттарға клиенттерімен кездесуге рұқсат берілмеген.

Нұр-Сұлтанда бес адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнаманы бұзу» бабы (488-баптың 7-тармағы) бойыншаәкімшілік қамауға алынды. Ақтөбеде ұсталған үш адам ӘҚБтК-нің 667-бабы бойынша және «заңсыз митингке қатысты» деген айыппен әкімшілікқамауға алынған. Сонымен қатар, сот екі азаматшаны «бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнаманы бұзғаны үшін» кінәлі деп танып, оларға 83340 теңге айыппұл салды. Ондаған адамдар «экстремистік деп танылған тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты» деген айыптауларға тап болды. Қылмыстық іс қозғалған, қамауға алынған немесе үй қамауында отырған 30 белсенді бар. 13 қаладан 250-ге жуық белсенді «экстремистік ұйымның қызметіне қатысу» туралы қылмыстық істер бойынша қорғану құқығымен күдікті немесе куәгер ретінде айыпталып отыр.

Құқық қорғаушы мамандар азаматтардың бейбіт наразылық білдіру және өз пікірін білдіру құқықтарының бұзылғаны туралы және сайлау алдындағы және сайлау кезіндегі кезеңдегі басқа да қудалаушылықтардың орын алғанын алға тартып отыр.

Еркежан Арын
Тегтер: Без Тега