Саясат

Сайлау әділ өтсін десек...

Алдымыздағы 2021 жылғы 10 қаңтарда өткізілетін парламент және мәслихат депутаттарының сайлауы жөнінде қоғамда әртүрлі пікір бір тұжырымға келе алмайтын сыңайлы.

Jasalash.kz

Біреулер бойкот дейді. Бірақ содан нәтиже бола ма?! Былтырғы президент сайлауы алдында Астанаға әр өңірден 500-ден астам халық өкілдері жиналып, құрылтай өткізбеді ме? Арнайы қаулы қабылдап, үкіметке тапсырды. Одан не шықты? Өйткені «Сайлау туралы» заңдағы «дауыс берушілердің жартысынан көбісі сайлауға қатыспаса сайлау өтпеді деп танылады» деген бапты алып тастаған. Біздегі жағдайда 12 млн-нан астам дауыс беруші электораттың 15-20 пайыздан астамы сайлауға қатысып жүрген жоқ. Соның өзінде билік өзіне тәуелді бюджет қызметкерлері мен санасын бұрып қойған студенттерді дауыс беру учаскелеріне апарып, сайлау имитациясын жүзеге асырып, көзбояушылық жасап келеді.

Бір  білетініміз, ОСК төрағасы сайлау кезінде ерікті бақылаушылар және шетелдік, отандық ақпарат құралдарының қызмет тәртібін шектейтін жаңа қаулы қабылдап та үлгерді. Бақылаушылар енді сайлау кезінде орын алған былықты суретке түсіре алмайды. Сайлау учаскесінен тікелей репортаж жасауға да құқығы жоқ. Фотоға да түсіруге болмайды.

        Сондықтан әділ сайлау өткіземіз десек, Конституциямызды, «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы», «Митингілер туралы» заңдарды жедел түрде қайта қарап, өзгерістер енгізу керек. Атап айтқанда:

1. Заңда оппозициялық партия мүшелерінің  сандық шектемесін 4-5 мың  адамнан асырмау.

2. Парламент депутаттарын аралас партиялық және можаритарлық тәртіппен 50/50 тәсілімен сайлауды  енгізу.

3. Саяси тұтқындарды босатып, халықтың митингілерге шығу құқығын биліктің рұқсатынсыз-ақ ескерту арқылы іске асыру.

4. Конституциялық сотты қайта жасақтау.

5. Парламент құрамында шынайы оппозиция болу үшін, қоғамдағы халық мүддесі үшін белсенділік танытып жүрген азаматтардың қатарынан төрт  партияны жаңадан тіркеп, осы сайлау додасына қосу.

Бұған, менің ойымша, 22 жылдан бері оппозициялық қозғалыста еңбек етіп жүрген Ермұрат Бапиды ұсынған дұрыс болар еді. Екіншісіне «Ел мен жер» қозғалысында белсенді қызмет атқарып жүрген Еркін Рақышевті, үшіншісіне  сарапшы Айман Тұрсынханды, төртіншісіне  жас саясаткер Жанболат Мамай өткізілсе, болашақ парламенттің халыққа біртабан жақындай түсуіне, қоғамда елеулі бетбұрыстар жасалынатынына сайлаушы қауым сеніммен дауыстарын берер еді.

6. Қазіргі сенаттың құрамындағы сайлаусыз, президенттің тағайындауымен 15 депутат, Қазақстан халқы ассамблеясының құрамынан тоғыз депутаттың отырғаны заңға сәйкес келмейді және легитимді емес. Бұл екі құрылымның да қоғамға келтіретін ешқандай пайдасы жоқ. Бюджеттен алынатын миллиардтаған шығыннан басқа. Тек ҚХА-ның өзі 25 жылда салық төлеушілердің есебінен 70 миллиард теңгені желге шашып отыр. Сондықтан мұның екеуін де тарату керек.

7. Егер сайлауға дауыс беретін электораттың жартысынан көбі қатыспаса сайлау өтпеді деп танитын бапты «Сайлау туралы» заңға қайта енгізу қажет.

8. Орталық сайлау комиссиясынан бастап, округтік, учаскелік сайлау комиссияларын тіркелмеген  партиялар, қозғалыстар және басқа да қоғамдық ұйымдардың мүшелерінен  жасақтаған жөн. Осы орайда, орталық сайлау комиссиясының төрайымы етіп журналистер қауымынан елге танымал Маржан Аспандиярова, Астананың сайлау комиссиясының төрайымы етіп Жұмабике Жүнісова және Алматының сайлау комиссиясының төрайымы етіп Гүлжан Ерғалиева сайланса, сайлау процесіндегі 30 жылдан бері жалғасып келе жатқан сайлаушылардың дауысын ұрлау сияқты қылмыстық  әрекеттерге қыздарымыз шектеу қояры сөзсіз. Қалған облыстардағы сайлау округтері мен учаскелерінің  басшыларын жергілікті халықтың өзі таңдағаны  жөн.

9. Осылардың қатарында өзекті мәселелердің бірі – әділ сайлау өту үшін дауыс беру тәсілін өзгерту керек.  Демократиялық принцип бойынша әр адамның дауыс беру құқығына ешқандай қол сұғуға, сайлау бюллетеньдерін есептеуде бұрмалаушылыққа жол беруге болмайды. Жеке азамат ретінде менің берген дауысым ешқандай жағдайда өзгермеуге тиіс. Оған жауапты адамдардың қол сұғуы – қылмыстың үлкені.

Бұл тәуелсіздік дәмін татуға әлі жете алмай келе жатқан біздің Қазақстан Республикасы үшін ғана емес, дүниежүзі мемлекеттерінің көпшілігіне де өзекті болып келеді. Өйткені демократиялық мемлекет құру жолында үнемі ізденіс үстінде келе жатқан Америка Құрама Штаттарының өзінде бұл мәселе өз шешімін толық таба алмай келе жатқаны, ондағы осы жылғы президент сайлауының қандай дау-дамайға жалғасып жатқанын ақпарат құралдарынан көріп отырмыз. Біздің қазіргі пайдаланып жүрген сайлау бюллетеньдеріндегі сайлаушының өз таңдауына берген дауысын өзгерте салу оп-оңай. Басты кемшілік осында. Әр сайлаушы өзі берген дауыстың сол қалпында сақталғанына көз жеткізе алмайды. Ол тіпті мүмкін де емес. Міне, осы олқылықты сайлау комиссиясы өз мүддесіне пайдаланбайды деп кім кепіл бере алады?! Осыдан кейін дауыс беру процесін жетілдіру қажеттілігі өзінен-өзі көрініп тұр.

Алдағы парламент сайлауында дайындалған дауыс беру бюллетеньдерін лотерея билеттері тәрізді сериялап, көпсанды нөмірлеп шығару қажет. Серия сайлау округтері мен учаскелерінің атауларына қарап, алғашқы бір-екі бас әріптерімен облыс атаулары белгіленсе, рим цифрларымен сайлау округтері белгіленеді. Ал бюллетеньдегі нөмірлер әр сайлау учаскесінде сайлаушылар санына жететін етіп мыңдық, он мыңдық цифрлармен жазылады. Сайлау күні дауыс беруге келген  сайлаушы сайлау комиссиясына өзінің төлқұжатын көрсетіп, белгі соқтырғаннан кейін стол үстінде, жазуы астына қарап жатқан бюллетеньдердің біреуін алып, шымылдық ішіне кірген соң, өзінің таңдауын немесе қарсылығын жасайды да, бюллетень сериясын, нөмірін жазып алады және оның келесі бетіне өзінің қалаған бір белгісін салып жібереді. Содан кейін дауыс беру жәшігіне апарып салады. Осылайша сайлаушы өз бюллетенінің ізін жоғалтпайды. Сол арқылы берген дауысын бұрмалауға жол бермейді.

Сайлау уақыты біткеннен кейін сайлау комиссиясы әр партияның өкілетті бақылаушыларының қатысуымен дауыс беруге қатыспаған бюллетеньдердің нөмірлері мен жалпы есеп санын көрсетіп, хаттамаға түсіреді және сол жерде өртеп жібереді. Бұдан кейін дауыс берген жәшікті сол бақылаушылар көз алдында ашып, дауысқа қатысқан бюллетеньдерді әрбір кандидаттың үлесіне түскен нөмірлерін көрсетіп, кімдердің қанша дауысқа ие болғанын хаттамаға түсіреді. Одан әрі округтік комиссияға, ал олар орталық сайлау комиссиясына арнайы поштамен жібереді және де орталық, округтік сайлау комиссияларының электронды пошталарына енгізіледі немесе компьютер жетімсіз жерлерде жергілікті газеттердің бетінде дауысқа түскен бюллетеньдер нөмірі жарияланады. Бұдан кейін әр жарияланған мағлұматтары арқылы сайлаушы өзінің кешегі дауыс берген бюллетеньдегі нөмірін өзі таңдаған кандидатының үлесіне жазылғанына көз жеткізеді.

Егер өзі дауыс берген бюллетень нөмірі басқа кандидатқа жазылып кеткен болса, сотқа шағымдануына әбден болады және сот алдында өзі дауыс берген бюллетеньге салған белгісін көрсетсе, (таңба ретінде немесе өзінің туған күні, не болмаса өзіне тән кез келген цифр ретінде) толық дәлелдей алады. Осылайша  сайлаудан кейін әр сайлау учаскесінен сот органдарына наразылық шағым ондап, жүздеп түсіп жатса, биліктің сайлау процесіне қол сұғуына тыйым салынуы сөзсіз. Ол үшін көп кешіктірмей жаңа Конституцияны қабылдау мәселесін қолға алуымыз керек.

Алдағы парламент сайлауында осы тәсілмен дауыс беруді Қазақстан Республикасының Үкіметінен талап етейік. Бұл сайлау тәсілі Қазақстан авторлар қоғамының Алматы қаласындағы бөлімшесінде 2000 жылғы 6 желтоқсанда №19 куәлігімен зияткерлік меншік ретінде тіркелген.

Мақсұт Қалыбаев
Тегтер: Без Тега