Сараптама

«Самұрық» басқан алтын жұмыртқа: ERG енді елге қызмет ете ме?

Өткен аптада «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына байланысты біраз жаңалықтарға құлағымызды түріп отырдық.

Фото: ашық дереккөз

Оның біріншісі және елді елең еткізгені – атышулы ERG компаниясы «Самұрық-Қазына» құрамына ресми түрде енді. Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының Қазақстан үкіметіне тиесілі 40 пайыз акциясы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының меншігіне берілді. 

Қор ERG акциясын тиімді басқара ала ма?

Бұған дейін ERG-дегі 40 пайыз мемлекеттік үлесті қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті басқарып келген болатын. Қазірде «Самұрық-Қазына» ERG акцияларын тиімді басқара ала ма?» деген сұрақ туындады. Бұған қатысты қор басшылығы «бұл қадам қордың мемлекет мүддесі үшін стратегиялық активтерді тиімді басқару рөліне толық сәйкес келеді» деп мәлімдеді. Осы өзгерістер аясында «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов ERG-дің менеджерлер кеңесінің құрамына кірді. Енді ERG-дің акционерлік құрылымы былай бөлінеді: 40 пайыз акциясы – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына (мемлекет үлесі), 39,3 пайызы – Шахмұрат Мүтәліпке («Nature Energy Solutions» компаниясы арқылы мамыр айында Александр Машкевичтің мұрагерлері мен Патох Шодиевтің үлесін сатып алған болатын), ал қалған20,7 пайызы – олигарх Шухрат Ибрагимовтер отбасына тиесілі. Болашақта «Самұрық-Қазына» бұл пакетті өзінің тау-кен активтерін шоғырландыратын еншілес құрылымы – «Тау-Кен Самұрық» компаниясына қайта тапсыруы мүмкін деген болжам бар.

Бесеудің саудасы

Өткен аптада «Самұрық-Қазына» тағы бір жаңалығын жария етті. Енді «Самұрық-Қазынаға» тікелей қарайтын бес ірі портфельдік компанияның акциялары биржада саудаланатын болды. Олар: «Қазақтелеком», KEGOC, «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз» және Air Astana. Осы бес компанияның барлығы KASE-дегі акциялар тізіміне енгізілген. Олардың ішінде KEGOC, «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз» және Air Astana акциялары мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту бағдарламалары аясында кезең-кезеңімен нарыққа шығарылды.

Жалпы, «Самұрық-Қазынаға» тікелей және оның қол астындағы компанияларға жанама түрде қарайтын барлық кәсіпорындарды қоссақ, биржадағы компаниялар саны жетеуге жетті. Мысалы, қазірде KASE биржасында «ҚазМұнайГаздың» қарамағындағы «ҚазТрансОйл» және «Қазақтелекомға» тиесілі «Kcell» акциялары да саудаланып жатыр.

«Самұрық-Қазына» қоры 2026-2030 жылдар аралығында өзіне қарасты 19 компанияны қысқартуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде бір компания сатылып кетті. Қалған 18-інің тағдыры былай шешілмек: бес ірі компания биржаға (IPO) шығады немесе ашық конкурспен сатылады, тоғыз компания басқа жолдармен жекеменшікке беріледі, ал жұмысы жүрмей тұрған төрт компания мүлдем жабылады.

Бұл тізімдегі ең үлкен оқиға – «Қазақстан темір жолының» (ҚТЖ) биржаға шығуы. Қор көлік министрлігімен бірге ҚТЖ акцияларын биыл сатылымға шығаруды көздеп отыр. Жоспар бойынша ҚТЖ акциялары Қазақстаннан бөлек Лондон мен Гонконг биржаларында да сатылуы мүмкін. Ең маңыздысы – акцияларды сатудан түскен ақша «Самұрық-Қазынаның» қалтасына кетпейді. Ол ақша тікелей ҚТЖ-ның өзінде қалады. Компания бұл қаражатқа миллиардтаған қарыздарын төлейді, ескірген рельстерді жаңартып, жаңа вагондар мен локомотивтер сатып алады.

Бұл «шабақтардан» құтылу ма?

Бір қарағанда, «Самұрық-Қазына» 19 компанияны сатып, кейбірін жауып құтылса, екінші жағынан, ERG сияқты алып әрі атышулы компанияны өз құрамына қосып алғаны қайшылық сияқты көрінуі мүмкін. Сала мамандарының кейбірінің пайымдауынша, бұл жерде мемлекеттің нақты экономикалық есебі мен стратегиясы бар.

Экономист-ғалым Бейсенбек ЗИЯБЕКОВТІҢ сөзіне сүйенсек, мемлекеттің қазіргі басты мақсаты – тиімсіз, ұсақ және бейінді емес (профильді емес) активтерден арылу. «Самұрық-Қазына» құрамынан шығарып жатқан 19 компанияның көбі – үлкен пайда әкелмейтін, мемлекеттен ақша дәметіп отырған масыл немесе жеке бизнестің өзі-ақ дөңгелетіп әкете алатын ұсақ кәсіпорындар. Қор енді мұндай ұсақ шаруаларға алаңдамай, әкімшілік шығындарды азайтады.

Фото: ашық дереккөз

«Ал ERG – бұл ұсақ компания емес. Бұл – ел экономикасының тірегі саналатын, миллиардтаған табыс әкелетін, құрамында ондаған мың жұмысшысы бар стратегиялық алпауыт. Бұған дейін ERG-дегі мемлекеттің 40 пайыз үлесін Қаржы министрлігі жай ғана «қағаз жүзінде» иеленіп келді. Одан бюджетке аздаған дивиденд түскенімен, мемлекет компанияның ішкі шешімдеріне, инвестицияларына араласа алмайтын. Енді бұл үлес «Самұрық-Қазынаға» өткендіктен, кәсіби менеджерлер компанияның дамуын тікелей қадағалайды. Мемлекет ERG-ден түсетін миллиардтаған таза пайданы тікелей бақылап, стратегиялық жобаларға бағыттай алады», – дейді экономист.

Жалпы, «Самұрық-Қазына» – Қазақстанның бүкіл теміржолын (ҚТЖ) және негізгі электр станцияларын («Самұрық-Энерго») ұстап отырған ұйым.

«Ал ERG – елдегі ең үлкен жүк жөнелтуші (көмір, руда) және ең үлкен қуат тұтынушы. ERG акциясының «Самұрық-Қазынаға» өткенінен ұтатын тұсымыз – теміржол, энергия және тау-кен өндірісі енді бір қолға, яғни «Самұрық-Қазынаға» шоғырланды. Бұл логистиканы реттеуді, тарифтерді келісуді және жаңа ірі зауыттар салуды әлдеқайда жеңілдетеді әрі арзандатады деген үміт бар», – дейді маман.

Аймақтардың жағдайы жақсара ма?

Сала мамандарының айтуынша, ERG – жай ғана зауыттар мен кеніштердің иесі ғана емес, тұтас қалаларды Павлодар, Ақсу, Хромтау, Рудный тәрізді аймақтардың «нан-тұзын» айырып отырған алпауыт компания. Онда 60 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Енді осы арада «Самұрық-Қазынаның» келуі жұмысшылар үшін тұрақтылық кепілі болуы тиіс. Бұл зауыттардың тоқтап қалмайтынын, жалақының уақытылы төленетінін және аймақтардағы әлеуметтік жобалардың мемлекет бақылауында жалғасатынын білдіреді.

Сондай-ақ ERG зауыттары көмірмен жұмыс істейтіндіктен, елдегі ең көп түтін шығаратын кәсіпорындардың қатарында. Қазір әлемде экологиялық таза өнімдерге сұраныс жоғары. «Самұрық-Қазынаның» құрамында «жасыл» жобалармен айналысатын «Самұрық-Энерго» бар.

«Енді екі жақ бірігіп, ERG зауыттарын экологиялық тұрғыдан жаңартуға, жел және күн электр станцияларын салуға инвестиция тартуы тиіс. Бұл Павлодар мен Ақтөбе облыстарының экологиясын жақсартуға септігін тигізеді», – дейді әлемдік экономика саласын бақылаушы, саясаттанушы Әсем ҚАСЫМХАНОВА.

Маманның сөзіне сүйенсек, бұрын ERG-ден мемлекетке түсетін пайда тікелей бюджетке кетіп, әртүрлі шығындарға жұмсалатын. Енді пайда «Самұрық-Қазынаға» түседі. Ал қор бұл ақшаны Қазақстандағы жаңа үлкен инфрақұрылымдық жобаларға жұмсап, қайта инвестициялай алады. Сондай-ақ бұл ақшаның бір бөлігі Ұлттық қор арқылы балалардың есепшотына да аударылуы мүмкін.

«Әрине, бұған дейін халықаралық деңгейдегі жеке инвесторлар мен олигархтар шеше алмаған өндірістік және экологиялық мәселелерді «Самұрық-Қазына» бір ERG компаниясының акциясын алып, әп-сәтте реттеп жібереді деу қиын. Алайда бұл өзгеріс ERG-дің тарихында жаңа парақ ашпақ. Басты айырмашылық – енді компания тапқан миллиардтар шетелдік оффшорларға емес, мемлекеттік қордың қадағалауымен тікелей зауыттарды жаңартуға, жұмысшылардың жағдайын жасауға және Павлодар мен Ақтөбе өңірлерінің экологиясын жақсартуға жұмсалатын болады. Ең бастысы – мемлекеттік бақылау мен кәсіби менеджменттің теңгерімін сақтап қалу», – дейді Әсем Қасымханова.

Биржаға беттеу дұрыс қадам ба?

«Самұрық-Қазынаның» құрамындағы компаниялардың биржаға беттеуіне қатысты экономист-сарапшы Қуанышбек ДҮЙСЕНОВ бұл бір жағы халықтық бақылау мен ашықтықты күшейтетінін айтады.

Қуанышбек Дүйсенов. Фото: ашық дереккөз

«Биржаға шыққан компания кіріс-шығысын жасыра алмайды. Ең бастысы – акциядан түскен қаражат «Самұрық-Қазынаның» қалтасына емес, ҚТЖ-ның өзінде қалып, оның миллиардтаған қарызын жабуға, ескірген рельстер мен вагондар паркін жаңартуға жұмсалады. Мемлекет бюджетіне салмақ түспейді», – дейді маман.

Сондай-ақ маман бұл әрекеттің теріс жағы барын да ұмытпау керектігін айтады. Маманның ойынша, ҚТЖ сияқты стратегиялық маңызды нысандардың бақылауы сыртқы күштерге өтсе, дағдарыс кезінде ел билігі шешім қабылдай алмай қалуы мүмкін. Сондай-ақ биржадағы жеке инвесторлар барынша көп пайда табу үшін халыққа көрсетілетін қызмет тарифтерін (билет бағасын, жүк тасымалын) шарықтатып жіберуі ғажап емес.

Жалпы, сала мамандарының пайымдауынша, компанияларды жаппай биржаға шығару немесе ERG сияқты алпауыттарды мемлекет меншігіне бекіту – жауапкершіліктен қашу емес, заманауи нарықтық экономиканың талабы. Бұл жердегі ең басты міндет – балансты сақтап қалу. «Самұрық-Қазына» стратегиялық бақылау пакетін акцияның 51 пайыздан астамын өз қолында алып қалу арқылы тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермейді және ұлттық қауіпсіздікті қорғайды.

«Самұрық-Қазынаның» бұл үлкен трансформациясы – Қазақстан экономикасының «оффшорлық олигархиядан» «ұлттық капитализмге» өту кезеңінің сынағы. Бұл сынақтың сәтті болу-болмауы алдағы 2026-2030 жылдардағы жаңа менеджменттің тазалығы мен жеделдігіне тікелей байланысты болмақ. Бұрынғы қателіктерді қайталауға мемлекеттің құқығы жоқ, ал биліктің қате қадам жасамауын қадағалауға тиіс халық бойкүйездіктен арылуы керек.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Сайт Әкімшілігі