"Самұрық-Энерго" басшысы не себепті қызметінен кетті?
Алматыдағы № 3 жылу электр орталығын жыл соңына дейін іске қосу мүмкін болмай отыр.
Жобаның мерзімінен кешігуіне байланысты "Самұрық-Энерго" басшысы қызметінен босатылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Мақсұтовқа мерзімдердің сақталмауына қатысты бірнеше рет ескерту жасалғанымен, тиісті қорытынды шығарылмаған. Соның салдарынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеше сын айтып, кадрлық шешім қабылданған.
Биыл жоспарланған 2,66 ГВт жаңа қуаттың орнына небәрі 1,27 ГВт іске қосылады деп күтілуде. Бұған Алматыдағы ЖЭО-3-ті жаңғырту жұмыстарының және Түркістандағы газ электр станциясының құрылысы кестеден кешігуі себеп болған.
Бектенов шілде айында-ақ ұлттық компания басшысына жеке жауапкершілік туралы ескерткен. Әзірге "Самұрық-Энергоның" жаңа басшысы кім болатыны белгісіз.