Сараптама

Санат Нұрбай, автосарапшы: Қазір автокөлік сатып алатын уақыт

Биыл Қазақстанда тіркелген автокөлік саны 5 млн 940 мыңнан асты. Бұл – елдегі әрбір үшінші тұрғынның жеке көлігі бар дегенді білдіреді. Сарапшылар мұндай қарқынды өсімді ең алдымен импорттың, әсіресе Қытайдан келетін автокөліктердің күрт көбеюімен байланыстырады. Елдегі автонарық пен автоөндіріс жағдайына қатысты тәуелсіз сарапшы Санат Нұрбайдың пікірін білдік.

Фото: Санат Нұрбай

– Қазақстандағы автокөлік нарығында баға неге тұрақсыз болып тұр? Оған қандай экономикалық факторлар ықпал етуде? 

Соңғы жылдары автонарық айтарлықтай өзгеріп, көлік бағасы түсті. Мәселен, кезінде 15-16 млн теңге тұрған көлік қазір 9-10 млн теңгеге арзандады. Осыдан бір-екі жыл бұрын «Көлік бағасы арзандайды. Несиеге жоламаңыздар, сұранысты арттырмаңыздар! Әйтпесе, қымбаттаған үстіне қымбаттай береді» деген болжамымды айтқанда, жұрт «Бұлай болуы мүмкін емес» деп шықты. Сол кезде 17-18 млн теңгеге алған көлігін қазір 8-9 млн теңгеге әрең өткізіп жатыр. Одан бөлек, мойнында 25-30 пайыз несие бар. Сатайын десе, жарты бағасына ғана өтеді. Айталық, 15 млн теңгеге көлік алсаңыз, оны одан төмен сатқыңыз келмейді. Керісінше, 500 мың, 1 млн теңге үстіне қосасыз. Әрине, оған инфляция да әсер етеді. Бірақ көлік бағасы ешқашан өз құнын жоғалтпаған. Бұған дейін сенімнен, кепілден өткен Жапония, Оңтүстік Корея, Германиядан келген көліктерді күтіп, бірнеше жыл жүргізсеңіз, алған бағадан жоғары сата аласыз.

Бірінші фактор – Қытай көліктері біздің нарыққа дендеп еніп кетті. Бұл көлік бағасының түсуіне әсер етті. Кезінде қолдан-қолға өтіп жүрген сұраныстағы көліктің өзі арзандады. Себебі нарықта көлік көп, сұраныс жоқ. Қазір бұрынғы бағадан арзан Қытайдың жаңа көліктері қаптап кетті.

– Шетелден көлік әкелуге қатысты талаптар жиі өзгеріп жатады. Қазір басқа елден көлік тасымалдау тиімді ме?

Бұрын шетелден көлік әкеліп, сату тиімді еді, қазір керісінше. Өйткені бізде жаңа жылдан кейін утиль алым құны қымбаттады. Одан бөлек, алғашқы тіркеудің де бағасы шарықтады. Сондықтан жекелеген адамға көлік әкелу тиімсіз. Өйткені біздің нарықта да көлік бағасы арзандады. Әрине, шетелдің көлігі арзан болуы мүмкін. Десе де, оны жеткізу, утиль алым, алғашқы тіркеу құнын есептегенде сатылымдағы көлікпен бірдей болып шығады. Кезінде депутаттар, қоғам белсенділері утиль алымды алып тастау жөнінде мәселе көтергенмен, шешімін таппады. Бұған дейін утиль алымның бағасы арзан болғанда, Армения, Грузия, Ресей, Дубай, АҚШ, Оңтүстік Кореядан әкелінген көліктерден түрлі ақау анықталған. Мәселен, өртенген, суға түскен, шанақ пен техникалық паспорттағы нөмір сәйкес келмейтін немесе шыққан жылы мен Қазақстанға келген жылы бөлек. Сол кезде алыпсатарлар түрлі қитұрқы, алаяқтық әрекеттерге барды. Мәселен, 2019 жылғы көлікті «2021 жылғы» деп тіркеп жіберген. Себебі утиль алым жаңа көлікке арзан, ескіге қымбат болады. Ол ол ма, алаяқтар Ресейде, Оңтүстік Кореяда, Арменияда іздеуде тұрған көлікті бізге кіргізіп жіберген деректер тіркелді. Егер іздеу жарияланса, сол көлікті сатып алған адамның үстінен қылмыстық іс қозғалуы әбден мүмкін.

Ал утиль алым, алғашқы тіркеу құны қымбаттаған соң алыпсатарлар да шетелден көлік әкелуді қысқартты. Бұл, бір жағынан, осындай былықтың алдын алды. Екіншіден, отандық автоөнеркәсіп дамып келеді. Өзіміз көлік шығармасақ та, Оңтүстік Корея, Қытай көліктерін құрастырып жатырмыз. Әлгіндей емес, дилерлік көліктің тарихы да таза болады.

Фото: из открытых источников

– Әсіресе нарықты жаулап алған қытай көліктерінің ішінде қайсысы далада қалдырмайды?

– «Қытай көліктерінің ішінде мынау сенімді» деп нақты айта алмаймын. Өйткені бұған дейін талай көлігінің қозғалтқышынан ақау шыққанын білеміз. Біреу Haval-ды, енді біреу Chery Tiggo көлігін ұнатпайды. Бірақ жүргізуші қандай көлік алса, соны мақтайды. Қалай дегенде де, қытай көліктерін бұрынғы кәріс, жапон, неміс көліктерімен салыстыруға келмейді. Олардың жаңасы 15-20 жыл жүріп береді. Меніңше, бұған дейін Қытай тек санға жұмыс істесе, енді сапаға жұмыс істейді. Қазақстанды ғана емес, әлемді көлікпен қамтамасыз етуге кіріскен алып ел жан-жақты талдау жүргізіп, бұл салаға жаңа көзқараспен келмек.

– Бүгінде электромобиль тізгіндегендер көбейіп келеді. Бірақ еліміздегі қызмет көрсету инфрақұрылымы бұған қаншалықты дайын?

– Біз әлі электромобильге дайын емеспіз. Оған қызмет көрсету орталығы дайын ба, жоқ па, белгісіз. Кейде қуаттайтын орын таба алмай әбігерге түсесің. Сондықтан да жанармаймен және тоқпен жүретін екі көлік болуы керек. Мысалы, күні бойы электромобильмен жүрдіңіз. Сізге аяқасты жолға шығу керек, бірақ қуаты бітіп қалды. Ал қуаттау үшін кемі бір сағат күтуге тура келеді. Сол уақытта жанармаймен жүретін көлікке отырып кете бересіз.

Оның үстіне Қазақстанда ауа райы тұрақсыз. Мысалы, 40 градус аязда 100 пайыз қуаттап, жолға шықсаңыз да небәрі 300 шақырымға ғана жетуі мүмкін. Әрине, үнемділік, экология жағынан өте тиімді. Қалтаға да салмақ салмайды. Бірақ бағасы да қымбат. Сондықтан әбден тексерістен өткен жапонның, неміс, кәріс көліктеріне жетпейді.

– Алдағы 5-10 жылда автонарықта қандай өзгерістер болуы мүмкін?

– Менің пікірімше, болашақта көлік бағасы тағы арзандауы мүмкін. Қарапайым тілмен айтқанда, көлік – қолымыздағы телефон сияқты болып қалады. Бұрын телефонның беті сынса, жөндетіп алатын едік. Қазір сынып қалса, қосалқы бөлшегі мен жұмысына жаңа телефонның жарты бағасы шығуы мүмкін. Одан да өткізіп, жаңа телефон ала салған тиімді. Мәселен, Chery Tiggo 8-9-ы шықты делік. 2-3 жыл жүргізген соң ақауы шыға бастайды. Жалпы, қытай көлігі 3-5 жылға шыдап берсе, соның өзі жақсы. Оны жөндетейін десе, Қытайға тапсырыс беру керек, жолы бар, басқасы бар, қымбатқа шығады. Демек, көлікті де жарты бағасына өткізіп, жаңасын алуға болады. Дамыған елдердегі тәжірибе біздің қоғамға да біртіндеп келе жатқан сияқты.

Фото: из открытых источников

– Көлік жүргізудің ең қымбат тұсы қайсы: жанармай ма, жөндеу ме, әлде қосалқы бөлшектер ме?

– Қандай көлік жүргізесіз, оған құятын жанармайдың сапасы да соған сай болуы керек. Майын да, басқасын да қымбатынан құясыз. Одан бөлек, қосалқы бөлшегі, салығы, сервистік қызмет көрсетуі, айыппұлы да қымбатқа шығады. Жалпы, көлік жүргізудің өзі шығын ғой. Ірі қалаларда кептеліс жылдан-жылға көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Сондықтан болашақта адамдар саналы түрде көліктен бас тартатын шығар деп ойлаймын. Өйткені көлікпен жүру уақыт жағынан да, қаржы жағынан да тиімсіз.

– Көлік жүргізушілерін алаңдатқан өзекті тақырыптың бірі – автосақтандыру жүйесі. Мәжілісте автосақтандыру компаниялары төлейтін өтемақы көлемін арттыруды көздейтін жаңа бастама талқыланды. Осыған қатысты пікіріңіз қандай?

Ресми статистикаға сәйкес, жыл сайын Қазақстанда шамамен 2 мыңға жуық адам жол апатынан қаза болады. Заң бойынша бір адам мерт болған жағдайда сақтандыру компаниясы 7 млн теңге төлеуге міндетті. Бірақ сол 2 мың адамның барлығы бұл өтемақыны алды ма, алмады ма – ол жағы белгісіз. Халық заңды біле бермейді. Дегенмен бұл өзгерістердің екінші жағы да бар. Егер жүргізуші тәжірибелі болып, жол апатына түспесе де, жыл сайын сақтандыру компаниясына 25-30 мыңнан 100-110 мың теңгеге дейін төлеуге міндетті болады. Менің ойымша, апатқа түспеген жүргізушілерге сақтандыру компаниялары кем дегенде 50 пайызын қайтаруы керек. Бүгінде елде 25-ке жуық сақтандыру компаниясы бар, олардың жылдық табысы 223 млрд теңгеге жетеді. Ал бірнеше көлігі бар азаматтар жыл сайын міндетті түрде сақтандыру полисін сатып алады.

– Қазір көлік алу тиімді ме, әлде күте тұрған дұрыс па?

Менің ойымша, дәл қазіргі сәт арзан әрі тиімді болып тұр. Неге? Себебі былтыр 2025 жылғы көлікті көптеп сатып алып қойдық. Автосалондарда көлік аузы-мұрнына шығып тұр. Оны өткізудің қам-қарекетін жасап, әр автосалон әртүрлі акция жасап жатыр. Біреуі алғашқы жарнасыз жеңілдігін ұсынса, енді бірі 50 пайыз төлесең, қалғанын бөліп төлеуге береді. Одан бөлек, 1 немесе 4 пайыз деген акциялар бар. Оның үстіне доллар бағасы тұрақсыз. Бұл да көлік бағасына әсер етеді. Сондықтан қазір көлік бағасы әжептәуір арзан. Бірақ халықтың көбі қызды-қыздымен қымбат көлікке ұрынып, сатып алып қойды. Сол үшін де сұраныс жоқ.

«Қытай көліктерін алмаңдар!» деп те айта алмаймын. Себебі бағасы арзан, судай жаңа. Қай жағынан алсақ та, автосалоннан жаңа көлік міну тиімді болып тұр. Әртүрлі банк кеңесшілері де түрлі тиімді жол ұсынып жүр. Болашақта бәрі қытай көлігіне көшетін түрі бар. Себебі Қытай Toyota-ны да, BMW-ны да, Kia-ны, тіпті бәрін құрастырып жатыр. Мұның өзі – қытай көлігінің нарықты жаулайтынына бірден-бір дәлел.

Сұхбаттасқан

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Т. РАУШАНҰЛЫ
Тегтер: Санат Нұрбай