Санкт-Петербургте ресейлік полковник мінген көлік жарылды: әскери қызметкер қаза тапты
Ресейдің Санкт-Петербург қаласында әскери қызметкер мінген автомобиль жарылып, жүргізуші қаза тапты.
Жергілікті БАҚ оның Ресей армиясының полковнигі болғанын хабарлады.
Оқиға 12 қараша күні таңғы сағат 7:00 шамасында Санкт-Петербургтің Пушкин ауданындағы Шушары елді мекенінде болған. Колпинское тасжолымен келе жатқан автомобиль кенеттен жарылған.
"Фонтанка" басылымының дерегінше, жарылғыш құрылғы көліктің астына орнатылып, қашықтан іске қосылған. Әскери қызметкер үйінің ауласынан шығып, шамамен 300 метр жүргеннен кейін жарылған.
Басылым қаза тапқан адамның Ресей армиясының полковнигі екенін жазды. Алайда оның аты-жөні мен әскери шені ресми түрде жарияланған жоқ.
Жарылыстың салдарынан жақын маңдағы жолаушылар автобусының терезелері сынған. Сол сәтте автобуста 30-40 жолаушы болған. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың ешқайсысы зардап шекпеген.
Оқиғадан кейін Колпинское тасжолындағы қозғалыс уақытша тоқтатылып, бірнеше қоғамдық көлік бағыты өзгертілді.
Ресейдің Тергеу комитеті әскери қызметкердің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазір тергеушілер мен криминалистер оқиға орнын тексеріп, қажетті сараптамаларды тағайындап жатыр.
Айта кетейік, биыл 27 тамызда да Санкт-Петербургтің осы ауданында әскери қызметкер мінген автомобиль жарылған болатын. Сол кезде Ресей армиясының подполковнигі қаза тауып, әйелі жарақат алған.
Әзірге 12 қарашадағы жарылысты кім ұйымдастырғаны белгісіз. Украина тарапы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасаған жоқ.