Саясат

Санжар Боқаевтың адвокаттары белсендіні Алматыдан Астанаға алып кеткенін хабарлады

Қоғам белсендісі Санжар Боқаев Алматыдағы ҰҚК тергеу изоляторынан Астанаға жеткізілген. Бұл туралы оның адвокаты Артем Асқаров хабарлады.

Фото: qazpolit.org

Қорғаушылар Боқаевтың басқа қалаға ауыстырылғанын Алматыдағы тергеу изоляторына барған кезде ғана білген. 

Адвокаттың айтуынша, қорғаушы тарапқа Боқаевты Астанаға алып кететіні туралы алдын ала хабарланбаған.

«Бүгін Санжар Боқаевтың қорғаушылары оның Алматыдағы ҰҚК тергеу изоляторынан Астанаға әкетілгенін білді. Мұны ҰҚК тергеу изоляторына барғаннан кейін ғана білдік», – деп жазды Асқаров.

Ол сот процесі қарсаңында қорғаушыларға мұндай шешім туралы хабарланбауына наразылық білдірді. Адвокаттың пікірінше, Боқаевтың басқа қалаға ауыстырылуы оның қорғаушыларымен бірге сотқа толыққанды дайындалуына кедергі келтіруі мүмкін. Боқаевтың тағы бір адвокаты Алма Мусина да қазіргі жағдайда қорғаушылардың онымен кездесіп, сотқа дайындала алмай отырғанын мәлімдеді.

Асқаров осы жағдайға байланысты Қазақстанның Бас прокуроры мен Жоғарғы сот төрағасынан назар аударуды сұрады.

Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық іс 11 қыркүйекте Алматының Алмалы аудандық сотына түскен. Негізгі сот талқылауы 28 қыркүйекке белгіленген. 

Боқаев биыл 18 наурызда ұсталған. Бас прокуратура сол кезде оның жалған ақпарат тарату, ағаштарды заңсыз кесуді және құрылыс нысандарынан мүлік ұрлауды ұйымдастырды деген күдікке ілінгенін хабарлаған. Бұл – тергеу органдарының нұсқасы, тағылған айыптарға түпкілікті құқықтық бағаны сот береді. Бо

Әзірге Боқаевтың Алматыдан Астанаға не себепті жеткізілгені жөнінде мемлекеттік органдардың ресми түсініктемесі жарияланған жоқ. 

Сайт Әкімшілігі