Әлеумет

Санжар Боқаев 10 жылға сотталды

Боқаев дазамен келіспеді

Фото: qazpolit.org

Алматыда қоғам белсендісі Санжар Боқаевқа қатысты сот үкімі шықты. Алмалы аудандық соты оны 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Сот Боқаевтың жиені Мадияр Қалменовті 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырса, видеографы Ұлан Нүсіпқожаның бостандығын 2 жыл 6 айға шектеді.

Боқаевқа Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша – алаяқтық, ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру және көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша айып тағылған. Қаражатты заңдастыру бабына қатысты жауапқа тарту мерзімінің өтуіне байланысты жаза қолданылмады.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Фото: скриншот/Боқаев

 Боқаевқа қандай айып тағылды?

Айыптау тарапының нұсқасына сәйкес, Санжар Боқаев 2025 жылдың қыркүйегінде Алматыдағы Үлкен Алматы өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстарына пайдаланылған гранит тақталарды ұрлауды ұйымдастырған.

Прокуратура Боқаевтың гранит тақталарды құрылыс аумағынан шығаруға адамдар жалдап, кейін осы оқиғаны өзі әшкерелеген заңбұзушылық ретінде әлеуметтік желіде жариялағанын алға тартты. Кәсіпорынға 1,3 млн теңгеден астам залал келгені айтылды.

Тағы бір айып Алматыдағы Баум тоғайында ағаштардың кесілуіне қатысты. Тергеу нұсқасы бойынша, Боқаев пен оның видеографы ағаштарды заңсыз кесу үшін адамдар жалдаған. Нәтижесінде 16 ағаш кесіліп, табиғатқа 215 мың теңге көлемінде залал келтірілген.

Кейін Боқаев әлеуметтік желіде бейнежазба жариялап, тоғайдағы ағаштардың кесілуін тұрғын үй құрылысына жер дайындаумен байланыстырған. 

Көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты айыпқа белсендінің Алматыдағы жерасты және жерүсті жаяу жүргіншілер өткелдерін жөндеуге, сондай-ақ «Атакент» аумағын абаттандыруға жұмсалған қаражат туралы бейнежазбалары негіз болған. Прокуратура оның жариялаған мәліметтері мемлекеттік сатып алу құжаттарындағы деректерге сәйкес келмейтінін мәлімдеді. 

Істегі тағы бір эпизод Боқаевтың «ҚазТрансГаз» компаниясында жұмыс істеген кезеңіне қатысты. Айыптау тарапының мәліметінше, 2018 жылы Боқаев пен оның жиені халықаралық автошеруді ұйымдастыруға жұмсалған шығындарды негізсіз арттырып, 42 млн теңгеден астам қаражатты жымқырған. Тергеу бұл қаражаттың бір бөлігі кейін жиһаз өндірісін ашуға жұмсалған деп есептейді.

 Боқаев тағылған айыптарға не деді?

Санжар Боқаев өзіне тағылған айыптарды мойындамады.

Белсенді гранит тақталарға қатысты оқиғаны ұрлық емес, заңсыз сауда жүргізіліп жатқанын анықтау мақсатында ұйымдастырылған бақылау сатып алуы деп түсіндірген. Оның айтуынша, тақталарды сатып алуға өз қаражатын жұмсаған, барлық әрекетті бейнекамераға түсірген және құрылыс материалдарын кейін орнына қайтарған.

Боқаев Баум тоғайындағы ағаштарды кесуді ұйымдастырғанын да жоққа шығарды. Ол ағаштардың заңсыз кесіліп жатқаны туралы жергілікті тұрғындардан хабар алғанын, кейін оқиға орнына барып, зақымданған ағаштарды бейнекамераға түсіргенін айтты.

Ал халықаралық автошеруге қатысты айып бойынша Боқаев іс-шараның толық өткізілгенін, атқарылған жұмыстардың актілеріне қол қойылғанын және жобаға бюджет қаражаты жұмсалмағанын мәлімдеді. Жиһаз өндірісін де өзінің жеке қаражатына ашқанын айтты.

26 қарашада сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы Боқаевты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал қорғау тарапы тағылған айыптардың негізсіз екенін айтып, оны ақтауды талап етті. 

Соттағы сөзінде Боқаев айыптау актісінде жалған мәліметтер мен манипуляциялар көп екенін айтып, істің қолдан жасалғанын мәлімдеді.

 «Мен түрмеден қорықпаймын. Онда жазықсыз әрі лайықты адамдар көп. Жазамды өтеймін, бірақ адам болып қаламын», – деді Боқаев. 

Еске салайық, Санжар Боқаев биыл 18 наурызда Алматыда ұсталған. Оған қатысты сот процесі 16 қазанда басталды.

44 жастағы Санжар Боқаев бұған дейін Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасын басқарған. Кейін қоғамдық қызметпен айналысып, утильалымға қарсы бастамаларымен, отандық автокөлік өндірісіне, Алматыны абаттандыруға және бюджет қаражатының жұмсалуына қатысты сыни бейнежазбаларымен танылды.

Сайт Әкімшілігі