«Сарбаздар азапталып жатыр, бүлік шығуы мүмкін» – бұрынғы әскери Путинге үндеу жасады
Ресейдің Воронеж облысынан шыққан бұрынғы әскери Александр Лунин Ресей президенті Владимир Путинге видеоүндеу жолдап, армиядағы сарбаздардың азаптау мен зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, егер мемлекет басшысымен тікелей эфирде кездесуге мүмкіндік берілмесе, әскерилер арасында бүлік шығуы мүмкін.
Бұрын «Судоплатов» еріктілер батальонының барлау бөлімін басқарған, сондай-ақ Пустовалов тегімен де танылған Александр Лунин армиядағы азаптау, күш көрсету және командирлердің заңсыз әрекеттері туралы мәлімдеді.
Бұл видео әлеуметтік желілерде кең тарап, бірнеше миллион қаралым жинаған. Бұл туралы «Агентство. Новости» басылымы мен «Дождь» телеарнасы хабарлады.
Луниннің айтуынша, ресейлік сарбаздар «мағынасыз әрі өлімге итермелейтін бұйрықтарды» орындаудан бас тартқаны немесе ақшалай қаражатын тапсырмағаны үшін қысым мен азаптауға ұшырайды.
Ол Путинге жолдаған үндеуінде: «Егер жақын арада Кремльге барып, сізбен тікелей эфирде сөйлесе алмасам, армия қаруын Кремльге қарсы бұруы мүмкін», – деген.
Тағы бір видеода бұрынғы әскери Путинмен жеке кездесіп, оған «шенеуніктер айтпайтын шынайы шындықты» жеткізгісі келетінін айтқан. Оның сөзінше, әңгіме Украинадағы соғысқа қатысқан ресейлік әскери қызметкерлер мен қарапайым азаматтарға қатысты жергілікті билік өкілдерінің заңсыз әрекеттері туралы болып отыр.
«Майданнан қорқынышты видеолар келіп жатыр»
«Агентство» басылымының жазуынша, журналистер Лунинмен байланысқа шыққан. Ол түрлі платформаларда өз арналары барын және майдандағы таныстарынан әскери қызметкерлердің жағдайы туралы көптеген хабарламалар мен видеолар алып отырғанын айтқан.
«Маған өте көп хабарламалар мен видеолар келеді. Оларды жариялауға да қорқамын, өйткені онда өте сұмдық кадрлар бар», – деген Лунин.
Оның айтуынша, Путинге үндеу жасауына осы материалдарды президенттің өзіне тікелей көрсету ниеті себеп болған.
Луниннің мәліметінше, 24 маусымда Воронеж облысындағы Лизиновка ауылында оған үш адам келген. Оның сөзінше, олардың бірі Ресей Қорғаныс министрлігінен, екіншісі Ішкі істер министрлігінен, ал үшіншісі қорғаныс саласына қатысы бар өзге құрылымнан болған.
Луниннің айтуынша, әлгі адамдар одан президентке арнап видеоүндеу жазуды және қазіргі жағдай өзгермесе, оның «өте ауыр салдарға әкелуі мүмкін» екенін жеткізуді сұраған.
Әзірге Ресейдің ресми органдары Луниннің армиядағы азаптау мен зорлық-зомбылыққа қатысты мәлімдемелеріне түсініктеме берген жоқ.