Әлеумет

Satbayev University проректоры Ержан Күлдеев пара берді деген күдікке ілінді

Алматыда Satbayev University басшыларының бірі Ержан Күлдеев ұсталды. Ол сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық іс бойынша күдікке ілінген.

Фото: ашық дереккөз

 Бұл туралы журналист Михаил Козачков өз дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады. Күлдеевтің университетте проректор қызметін атқаратыны оқу орнының ресми сайтында да көрсетілген.

Козачковтың мәліметінше, Ержан Күлдеев 7 қыркүйектен бері қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған. Оның әрекеті алдын ала пара беру ретінде сараланған.

Журналист тергеуді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізіп жатқанын жазды. Сонымен бірге іс бойынша өзге де баптар қосылуы мүмкін екенін айтты. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми орган тарапынан толық расталған жоқ. Qumash.kz редакциясының сауалына ҰҚК баспасөз қызметі Күлдеевке қатысты іс бойынша ақпаратқа ие емес екенін хабарлаған.

Satbayev University ресми сайтында Ержан Күлдеев Басқарма мүшесі – ғылым және корпоративтік даму жөніндегі проректор ретінде көрсетілген. Ол – техника ғылымдарының кандидаты, профессор, академик және әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Күлдеев ұзақ жылдар бойы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде еңбек етіп келеді. Мемлекеттік сатып алу порталындағы 2026 жылғы құжаттарда да оның лауазымы «Басқарма мүшесі – ғылым және корпоративтік даму жөніндегі проректор» деп көрсетілген.

Козачков сондай-ақ Күлдеевтің 2026 жылғы сәуірде ғылым саласындағы жетістіктері мен жоғары білімді дамытуға қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденін алғанын атап өтті.

Қазіргі уақытта істің нақты мән-жайы, болжамды параның көлемі мен кімге берілгені туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Сайт Әкімшілігі