Әлеумет

Сатыбалдының қонақүйі екі жылға жуық уақыттан бері босатылмай келеді

Бас прокурор Берік Асылов Алматыдағы DoubleTree by Hilton Almaty қонақүйіне қатысты жағдайдың мән-жайын айтты.

Фото: Жас Алаш коллаж

 

Оның мәліметінше, Қайрат Сатыбалды аталған қонақүйді мемлекетке 2023 жылдың қыркүйегінде қайтарған.

Алайда нысанды пайдаланған АБЛИ-Құрылыс және Abli-hotels серіктестіктері қонақүйді босатпай, оны пайдалануды жалғастырған.

Осыған байланысты Мемлекеттік мүлік департаменті сотқа жүгініп, істі жеңіп шыққан.

Кейін мемлекет сот арқылы «Abli-hotels» компаниясынан қонақүйді нақты пайдаланғаны үшін 1,1 миллиард теңгеден астам қаржы өндіріп алған.

Соған қарамастан, сот шешімдері заңды күшіне енгеніне қарамастан, компаниялар ұзақ уақыт бойы нысанды босатпаған. Сонымен бірге «АБЛИ-Құрылыс» сот орындаушыларының әрекеттеріне бірнеше рет шағым түсірген.

Биылғы мамыр айында жеке сот орындаушысы қонақүйден мәжбүрлеп көшіру шарасын белгілеген. Бірақ компания өкілдері нысанды 1 маусымға дейін босатуға жазбаша уәде бергеніне қарамастан, бұл міндеттемені орындамаған.

Нәтижесінде полиция сот шешімін орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін мемлекет DoubleTree by Hilton қонақүйін аукцион арқылы сатуға шығаруды жоспарлап отыр.

Сайт Әкімшілігі